Қоғам

Жармада бір күнде үш нысан ашылды

Жармада бір күнде үш нысан ашылды

Желтоқсан айы жармалық ағайын үшін жақсылықтарға толы болды. Тәуелсіздік күніне тарту ретінде Жаңғызтөбе кентінде заманауи мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Тоғыз жолдың торабында тұрған Жаңғызтөбе мектебі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 300 орындық жаңа мектеп арқылы Жарма ауданындағы апатты мектептер мәселесі түпкілікті шешілді. Білім ордасына бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Былтыр сәуір айында өскемендік «Дороги Востока» компаниясы қолға алған құрылыс дер уақытында аяқталды.
Жаңғызтөбе орта мектебінің тарихы тамырын 1932 жылдан алатын аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бердібек Оразғалиевтің айтуынша, мектеп ғимаратының тозығы жетуіне байланысты төрт жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған болатын. Аталған мектептен мыңдаған түлектер үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында белгілі қоғам қайраткерлері, өнер шеберлері, ғалымдар, спортшылар және басқа да құрметке бөленген түрлі мамандық иелері бар. Мысалы, жаңғызтөбеліктер еліміздің әділет министрі қызметін атқарған Долда Досполов, техника ғылымдарының докторы, профессор Самархан Сайболатов, полиция генерал-лейтенанты, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов, Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров сынды түлектерін мақтан етеді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов Жаңғызтөбе стансасының тұрғындары мен мектеп ұжымын Тәуелсіздіктің 24 жылдық мерекесіне орайлас келген елеулі оқиғамен құттықтады.
– Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында атап өткендей, Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы салынды. Оның айқын көрінісін ауданымыздың тіршілігінен де байқауға болады. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында Жарма ауданында сегіз жаңа білім-тәрбие мекемелерінің ғимараты қолданысқа берілді, оның ішінде бес мектеп пен үш балабақша бар. Жаңғызтөбе мектебі ғасыр құрылысына баланған Түрксіб теміржолы салынған отызыншы жылдары бой көтерген тарихи мектеп еді. Ескі ғимарат апатты жағдайда тұрғандықтан, жаңа мектеп салынып отыр. Сондықтан Елбасының білім саласына, ұрпақ келешегіне деген қамқорлығын айрықша атап өткім келеді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, ардагер ұстаз Фарида Асаубаева, ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Зиябек Байнұрқашев, облыстық мәслихат депутаты Бақыткерей Мұсажанов жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ұстаздар Жолдаудан жаңа жылдан бастап мұғалімдер қауымының еңбекақысы 29 пайызға артатынын естіп, айрықша қуанып отырғандықтарын атап өтті.
Жаңа ғимаратта қазіргі заманға сай жабдықталған 20 кабинет, спорт және мәжіліс залдары, асхана, екі шеберхана, екі информатика, екі лингафон, мультимедиа және технология кабинеттері бар.
Мектеп ішінде оқушылардың қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылыпты. Шағын көрмеде 11-сынып оқушысы Нұрбану Байбатшаевтың 1200 асықтан жасаған жылқы мүсіні ерекше көз тартады. Дәстүрлі емес заттардан, газеттен, ағаштан, мүйізден, витраж бояуынан жасалған түрлі бұйымдардан жергілікті технология пәнінің мұғалімдері Айгүл Оразбаева мен Жұмағайша Оразаевалардың ізденістері мен оқушылардың дарынын аңдауға болады.
Сондай-ақ, бұл күні аудан орталығы Қалбатауда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы облыстық филиалының Жарма аудандық бөлімшесінің жаңа ғимараты ашылды. Аталған шараға зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бас директоры Біржан Жүнісов және аталған орталықтың өзге өңірлердегі филиалдарының өкілдері де ортақтасты.
Облыстық филиал директоры Жанна Өмірғалиева аталған орталықта 43 түрлі жәрдемақы төлеу қызметі көрсетілетінін, Жарма ауданында 18 мыңнан астам адам жәрдемақы алатынын, оларға мемлекет тарапынан 400 миллион теңгеден астам қаржы көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізді.
Бұрын Жарма аудандық бөлімшесі статистика бөліміне тиесілі ғимаратта 120 шаршы метр аумақты жалға алып келген еді. Жаңадан пайдалануға берілген кең әрі жарық заманауи нысандағы операция мен күту залы бұл мәселенің шешімін тауып қана қоймай, орталық қызметіне жүгінушілерге жақсы жағдай жасап отыр.
Тәуелсіздік күніне аудан кәсіпкерлері де өз еңбектерімен үлес қосуда. Қалбатау ауылында жеке кәсіпкер Рамазан Мұхаметқалиевтың техникалық қызмет көрсету стансасы ашылды. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген қуанышты Мұхаметқалиевтар әулетінде дүние есігін ашқан перзент еселей түсті.
Омбы-Майқапшағай автокөлік жолы бойындағы «Жол болсын!» кешенінің құрылысын кәсіпкер тоқсаныншы жылдары бастаған екен. Шағын кәсіп жылдан жылға іргелене түсті. 24 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер 26 орындық қонақүй, 200 адамдық дәмхана ашып, күніне 300 адамға қызмет көрсетеді. Осы кешеннің қасындағы жаңа нысанды іске қосу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 20 млн. теңге несие алған екен. Бес жылдың ішінде бұл қаржыға барлығы 2 миллион теңге үстеме қосылатындықтан өте тиімді, – дейді ол. Осы арқылы орталыққа жаңа үлгідегі көлік жөндеу қондырғылары орнатылды. Бұрынғы қонақүй мен дәмханасының жанынан салғандықтан, жол бойындағы сервистік қызмет аясы кеңейіп, үш жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Жалпы, жол торабында орналасқан Қалбатау ауылының аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жол құрылысының жүргізілуі кәсіпкерлікті әрі қарай дамытуға мол мүмкіндіктер береді.

Думан Нұрланұлы

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button