Жармада ардагерлер үйі ашылды

Халықаралық қарттар күніне орай Қалбатау ауылында Ардагерлер үйі қолданысқа берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Сыдықов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев қатысып жармалық қарттарды құттықтады.
– Ел игілігі үшін ұзақ жылдар еңбек еткен, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан жандар – асыл қазынамыз, алтын қорымыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы игі дәстүрлерімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулуды алға тартып отыр, – деді аудан әкімі. – Осы орайда, қоғамның белсенді бөлігі ретінде Сіздердің ой-пікірлеріңіздің, ақыл-кеңестеріңіз бен тәжірибелеріңіздің тәрбиелік мәні зор.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевқа жиылған жұртшылық атынан алғысын білдіріп, қазақы құрметпен иығына шапан жауып, айтыстың құлагері атанған жерлесіміз Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойынан естелік сыйлықты табыс етті. Мерекелік жиында аудан әкімі ауданның дамуына үлесін қосып жүрген ардагерлер кеңесінің мүшелері «Ленин» орденінің иегері, еңбек ардагері Қабыкен Айсағожинов, «Ленин» ордені, «Жеңіске 70 жыл» мерекелік медалінің иегері Пайзолла Мусинов және І-ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Қызырхан Ағымбаевқа Құрмет грамотасын тапсырып, Алғыс хаттармен марапаттады.
Облыстық кеңес төрағасы Айтқазы Шерубаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есполов пен Қалбатау ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Саяси Малғаждаровқа «Ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейітбек Ақаев және аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы Айтқазы Өтегенов марапатталды. Сондай-ақ, кеңес жұмысын үйлестіріп жүрген бірқатар жандар Алғыс хаттарға ие болды.
Ардагерлер үйінің ашылуына орай, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «Шалабай», «Теньши», «Жарма тас жолдары», «Жаңғызтөбе мұнай өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары, «Дәметкен» шаруа қожалығының басшысы, жеке кәсіпкерлер Қымбат Айтқазина, Ләзира Сәдуақасова, Мирбану Төленгітова, Гүлнар Атабаева және Закимовтер әулеті демеушілік көмек көрсетіп, сый-сияпаттарын жасады.
– Ардагерлер отауының ашылуы ұйымның жұмыс аясын кеңейтеді. Көңілі дария аға буын өкілдері осы орында бас қосып, уақыттарын тиімді өткізумен қатар, түрлі тақырыпта пікір алмасып, қоғам дамуына өзіндік үлесін қосатын болады ,-дейді ұлағатты ұстаз, Жарма ауданының Құрметті азаматы Рәзия Сәрсембаева.
Жаңа ғимаратта бір мезетте дөңгелек үстел басына 100-ге жуық адам қатыса алады. Кеңес залының қабырғалары еңбек адамдарының жеткен жетістіктеріне арналған. Қосалқы бөлмелерде ардагерлер кеңесінің мүшелері іс-құжаттарын жүргізіп отыруға толық жағдай жасалған. Жиһаздармен қатар дербес компьютер, өзге де құралдармен қамтылған.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.