Жарма ауданы тоғыз мәрте топ жарды
Кеше Өскемендегі облыстық драма театрда «Туған ел – алтын бесігім» акциясының қорытындысы шығарылып, ел руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген мәдениет саласының майталмандары марапатталды.
Жүлдегерлерді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов марапаттап, қызметкерлерді алда келе жатқан 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
Аталмыш акцияның қортындысы бойынша биыл үшінші орынды Курчатов каласы, Глубокое, Зайсан, Шемонаиха аудандары еншіледі. Көркемөнерпаздардың ұжымдық қабілетін сынға салған байқаудың екінші орындық тұғырына Зырян, Көкпекті, Аягөз аудандары көтерілді. Бірінші орынды Ұлан ауданы мен Тарбағатай ауданы бөлісті. Ал бас жүлде – «Туған ел – алтын бесігім» акциясының ауыспалы өнер кубгы биыл тағы да жармалықтардың қанжығасында кетті. Орайы келгенде айта кетейік, Жарма ауданы осымен тоғыз мәрте бас жүлдегер атанып отыр.
– Тек атаулары ғана өзгерді демесең, бұл байқау 2001 жылдан бері өтіп келеді. Осы жылдар ішінде тоғыз мәрте жеңіске жеттік. Заманның қиын кездерінде басқа аудандардағы халықтық өнер ұжымдар бас-басына кетті. Тек біз ғана ұстап қалдық. Көп жылдар бойы осындай биік тұғырдан түспей келе жатқанымыз сол еңбегіміздің жемісі деп ойлаймын, – дейді жеңімпаз аудан мәдениетінің бас қызметкері Аманжол Дәуітов.
Қазылар алқасының шешімімен «Әдебиет ісі» аталымы бойынша Абай ауданы мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Елдар Оразалы, «Үздік музыка өнері» аталымы бойынша Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаров марапатталды. «Мұражай ісі» аталымы бойынша облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкері Сергей Старков пен осы саланың қызметкері семейлік Гүлнұр Қожахметова үздік деп танылды. «Бейнелеу өнері» бойынша суретші Сергей Елисеев, «Би» аталымы бойынша Глубокое ауданы Черемшанка ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Елена Бабина жеңімпаз атанды. «Үздік клуб ісі» аталымын біздің гезеттің тұрақты авторы, Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылы мәдениет үйінің директоры Шакен Көпшікпаева иеленсе, «Халық шығармашылығын насихаттау» аталымы бойынша Семей қаласы Татар мектебі директорының орынбасары Рая Масаева үздік деп танылды. «Театр саласы» бойынша облыстық драма театрдың қызметкері Ирина Сахарова мен Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрының әртісі Еркебұлан Нұғұманов дара шықты. «Үздік кітапхана ісі» аталымын Абай атындағы облыстық универсалды кітапханасының оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Манжібаева, «Режиссура» аталымын «Дариға-ай» жастар труппасының көркемдік жетекшісі Дәурен Төлеубаев еншіледі.
Сондай-ақ, Риддер қаласы, Катонқарағай, Бесқарағай, Күршім, Бородулиха аудандары арнайы аталымдармен марапатталса, Жарма ауданының бірнеше қызметкеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Кеш барысында әр ауданның үздік өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ