Өнер

Жарқырай бер, шығыстың Шолпаны

Мейрамтай Иманғали

 Оның аты ғана емес, заты да Шолпан. Ол өнердің Шолпаны. Оның жаны ән салса, жай табады.  Ән оның өмірі, ән – оның арманы. Өткен аптада облыстық драма театрында әнші, мәдениет саласының үздігі, қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаеваның «Әнім-арманым»  атты шығармашылық кеші өтті.  

Бұл – шынында да Шолпанның сахнада жұлдыздай жарқыраған күні болды. Алпыс жасқа толған мерейтойына орай өткізілген шығармашылық кеш Шолпанның бүкіл өмір жолын, бүкіл өнер жолын қамтыды. Көрермен  әнге, өнерге жаны тым құштар бір  адамның ғұмырын, оның басынан кешкен қуанышы мен мұңын көз алдынан өткізді.  Залда отырған көрерменнің барлығы Шолпан болып қуанды, Шолпан болып мұңайды…

Сахнада Шолпан ақын болып, өзінің жүрегінен шыққан жақұт жырларын оқыды… Шолпан актер болып өзінің рөлін сомдады… Шолпан әуелете ән салды…

Міне, көрдіңіз бе, Шолпан Кеңесханқызы  сан қилы талант иесі. «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп, ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, бұл күні Шолпан көрерменге өзі жайлы  сыр шертті…  Көрермен қауым Шолпанды тағы да жақын тани түсті…

Мерейлі тойда Шолпанның қуанышына ортақтасып, әріптестері, достары, жақындары жылы лебізін білдірді.

– Бүгінде мерейлі жасқа жетіп отырған сізді тағдыр тақтаңызда кезіккен сынақтарға мойымай, қиындыққа қасқая қарсы тұрған мықты  тұлға ретінде жақсы танимыз. Сіз ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына сүбелі үлес қосып, саф өнердің ауыр жүгін абыроймен арқалап, мәдениет саласына бүкіл қажырлы еңбегіңізді арнап келесіз. Алпыстың асуынан асып, жетпіске аяқ басқан шағыңызда көзіңізден от, жүрегіңізден жылу, жүзіңізден күлкі кетпесін. Өміріңізде бақытты сәттер көп болсын, – деді  облыстық драма театрының директоры Р.Қайырсыновтың  атынан құттықтау сөз сөйлеген қазақ драма театрдың көркемдік жетекшісі Дос Айжарықұлы.  Театрдың атынан Шолпанның иығына шапан жауып, сый-сияпат та жасады.

Бүгін Шолпанның ғана мерекесі емес, өнердің мерекесі. Өнерді осындай адамдар жасайды. Кеше ғана тұлымшағы желбіреп жүрген кішкентай ғана қыз бүгін алпыс жасқа толып жатыр. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт. Қусаң жеткізбейді. Шолпан қарындасымызды ежелден білеміз. Өнеріне тәнтімін. Шолпанның жары Бақытжанды да білуші едім. Мықты палуан еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтіп кетті. Қаншама қиыншылық көрсе де өнердің жалына жармасып, тастамай жүрген Шолпанға рақмет. Өнердің құдіреті деген осы! – деген Қазақстан мәдениет, спорт, туризм және ақпарат  қызметкерлерінің салалық кәсіподақ қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының  төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков осындай өнер адамын бағалап, мерейтойын өткізіп жатқан театр басшылығына  алғысын білдіріп, Шолпан Кеңесханқызының кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісін  тақты.

Сондай-ақ шара барысында Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың  да  арнайы құттықтау хаты оқылды.

Бұл кеште Шолпанның өзі ғана емес, немерелері де өз өнерін көрсетті.  Бірі күмбірлете күй тартса, тағы бірі мың бұралып би биледі.

Шығармашылық кеш өте жоғары деңгейде өтті. Жазылған сценарий, сахнаның безендірілуі, көрсетілген слайдтар жоғары талғаммен, терең толғаныс ойлармен астастырылған. Бәрінен Шолпанның өз қолтаңбасы көрініп тұр. Ән репертуары Шолпанның ішкі жан дүниесін, бекзат болмысын, өнерге деген өзіне ғана тән нәзік көзқарасын көрсетті. Көрермен екі сағатқа жуық кештің қалай тез өткенін де байқамай қалды. Нағыз өнер, нағыз өнер адамы осындай болуы керек, – дейді Серікқазы Тыныбаев.

Театр – ұжымдық өнер. Кеш соңында мерейтой иесі кешті жүргізген, әуенмен әрлеген әріптестеріне, жалпы театр ұжымына  алғысын білдірді.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button