Жаратылысы бөлек Жантұяқ
Пешенесіне қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр жазылса да жүз жыл жасаған адамның тірлігін бітіріп кететін асыл текті жандар болады. Мұндай жан әрине, мақтауға, үлгі етуге әрі кез келген құрметке лайық болатыны даусыз. Сондай азаматтардың бірі – Жантұяқ Нұрбайұлы Мусапарбеков.
Жантұяқ Нұрбайұлы 1927 жылы Аягөз ауданына қарасты Қоңыршәлі өңірінде өмірге келіпті. Ол тек Аягөз қаласына ғана емес, күллі Семей өңірінің дамуына атсалысқан, Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген тыл ардагері. Сонымен қатар есімі маңайдағы елге жақсы таныс, ауылдастары мен қызметтестері арасында үлкен беделге ие болған, саналы ғұмырын еңбек пен өңірдің өркендеуіне арнаған азаматтардың бірі.
Жантұяқ Нұрбайұлы небары 48 жыл ғана өмір сүрді. Соның 35 жылын ел игілігіне, темір жол саласының дамуына арнады. Ауыр еңбек пен тыл өтіне аттанып, кеңес армиясының жеңісіне үлес қосты. Яғни, 1941 жылдан бастап ауыр еңбекке араласқан ол 1975 жылға дейін киелі Аягөз өңірінің абыройы үшін қызмет етті.
Жантұяқ Мусапарбеков өмірге ерте араласады. Небары 12 жасында Аягөздің қаһарлы қысында ат-шанамен жүк, тамақ тасу жұмыстарына араласып, жұмысшыларға ауданнан азық-түлік таситын бригаданың құрамында жұмыс істейді. Бос уақытында қаладағы қорада қыстың аязынан қамалып тұрған малға алыстан шөп тасумен айналысты.
14 жасында Аягөздегі Паровоз депосына шақырушы болып жұмысқа кіреді. 1943 жылы, яғни, 16 жасында вагон жөндейтін депоға ағаш шебері болып ауыстырылады. Сол жерде арнайы курстан өтпестен-ақ кәсіби шеберлермен қатар отырып, ағашын жонып, тақтайын шегелеп, еліміздің әр өңірі мен майдан даласына азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі жеткізіп жатқан пойыздарды еш іркіліссіз уақытында жөнелтіп отырды. Кейін өзі де тыл жұмысына аттанады. Қолына қару алып, тікелей соғысқа кірмесе де, Отан үшін от кешіп жүрген қызыл армия жауынгерлерімен бірге Ұлы Жеңістің жақындауына үлес қосты. Күн-түн демей еңбек етіп, кеңес халқымен бірге барлық қиындықты басынан өткереді.
Еңбекке етене араласып, жан аямайтын Жантұяқ Нұрбайұлының есімі еленбей қалған жоқ. Аймақтық, аудандық, облыстық дәрежедегі марапаттаулардың иесі. Бала күнінде оның есімі «Балалардың еңбегі» атты жинақ кітапқа енгізіліпті. 1948 жылы 5-ші разрядты ағаш шебері деп танылған. 1961 жылы 3-ші разряд дәрежесіне қол жеткізсе, 1973 жылы Жантұяқ Нұрбайұлына 1-ші разряд беріледі.
Еңбекпен шыңдалған маман мемлекет тарапынан берілетін алғыс пен мақтау, марапаттардан кенде болған емес. 1967 жылы «Теміржолшылар арасындағы жарыста социалистік өңір азаматтары ішінде үздігі» ретінде танылды. 1970 жылы Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталды.
1973 жылдың 17 маусымында сол өңірдегі алғашқылардың бірі болып тек үздіктердің үздігіне ғана берілетін «Кеңес одағының Құрметті теміржолшысы» деген құрметті атаққа ие болады.
Дәл сол жылы социалистік жарыстың жеңімпазы атанса, 1975 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі» белгісімен марапатталды.
Сонымен қатар Семейде теміржолшылар орталығында Жантұяқ Нұрбайұлының фотосы ең бірінші болып облыстық Құрметті теміржолшылар тақтасына ілінгенін айта кету керек.
Өкінішке қарай, Жантұяқ Нұрбайұлы мүшел жастың салқынын айналып өте алмады. 1975 жылы 48 жасқа толып, мүшелге кірген жылы белгісіз бір науқасқа ұшырайды. Жасы 48-ден 49-ға қараған шағында сол науқастан көз жұмады.
Алайда еселі еңбек етіп, адал өмір сүрген, өмірінде ешкімнің ала жібін аттамай, қысқасын айтқанда, алғыс қана арқалап өткен Жантұяқ секілді абзал жандардың есімі ешқашан ұмытылмас. Араға 46 жыл салып барып еңбек жолы өткен Аягөз өңірінде Жантұяқ Нұрбайұлының есімі қайта жаңғырып, жергілікті көшелердің біріне есімінің беріліп жатуы осы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Осы жылдың жазында Аягөз аудандық мәслихаты Аягөз қаласының «Заезжий дворь» көшесін «Жантұяқ Мусапарбеков» көшесі деп қайта атау туралы шешім қабылдады.
Осы шешім негізінде 2020 жылы 17 маусым күні облыстық ономастика комиссиясы Аягөз ауданы, Аягөз қаласының «Заезжий дворь» көшесін «Жантұяқ Мусапарбеков» көшесі деп қайта атау туралы нақты қорытынды жасады.
Бүгінде аталмыш көшенің атауы жазылған көне тақтайшалар алынып, Жантұяқ Мусапарбековтің есімі жазылған нұсқамалар ілініп жатыр. Сонымен қатар көшеде Аягөзге еңбегі сіңген тұлғаның артында қалған балаларының қаржылай қолдауымен балалардың ойын алаңы салынып, жан-жақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Т.Тілеуберді