Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қаншалықты тиімді?

Жасыратыны жоқ, кеңестік заманда көрші елдің тілі «керемет» болса, қазір ағылшын тілінің аты озып тұр. Әйтеуір, өз тілімізден гөрі, өзге тілді қалай өркендетеміз деп басымыз қатуда. Ол жолда күш-қуатымызды да, қаржымызды да аяп жатқан жоқпыз. Еліміздегі білім саласына енгізілген жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында биылдан бастап жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері сабақты ағылшын тілінде оқытуды бастап кеткен де болатын. Иә, осынау қадам қалай жүзеге асуда? Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қаншалықты тиімді? Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Мақаламызда осы мәселенің қыр-сырын барынша зерттеп көруге тырыстық.
Басында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту деген мәселеге ұстаздар мен ата-аналар, оқушылардың өздері жатырқай қарағаны шындық. Енді ше, балаға биология, химия, физика мен информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту деген не сұмдық? Өзге емес өзінің ана тілінде оқығанның өзінде «химия, қонбайды менің миыма» деп жүрген оқушы, ол пәнді ағылшын тілінде қалай оқымақ? Бірақ халық қанша жерден қарсы болып шулағанымен, министрлік алған бетінен қайта қоймады. Жаңа жүйені енгізуге білек сыбана құлшынып, жаратылыстану-ғылыми бағытындағы пәндерден беретін мұғалімдерді қайта даярлауға кірісіп кетті.
Кейбір деректерге қарағанда, еліміздегі ағылшын тілі мұғалімдерін қайта даярлауға 5,6 млрд. теңге жұмсалыпты. Сөйтіп, биылғы 2018-2019 оқу жылынан бастап жаратылыстану бағытындағы пәндерден сабақ беретін мұғалімдер өз сабақтарын ағылшын тілінде беруді бастап кетті.
Жалпы, республика бойынша өткен жылы жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын қанатқақты мектептердің қатары 2,8 мың бірлікке (2018 – 3372, 2017 – 532) артып, 7,8 мың мұғалім жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізе бастаған. Үш жылдың ішінде ағылшын тілін В1 және одан да жоғары деңгейде меңгерген физика, информатика, химия, биология пәндері мұғалімдерінің қатары 10 мыңға жетіпті. Ал біздің Шығыс өңірінде үштілділікті дамытудың кешенді жоспары жасалғаны белгілі. 2016-2018 жылдар аралығында осынау ірі жобаны жүзеге асыруға облыс бюджетінен 2,1 млрд. теңге бөлінген. «Шығыс» өңірлік білім беру орталығының директоры Мұңлық Асанованың айтуынша, 2016-2017 жылы 815 жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімі тілдік курстан өтсе, 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында В2 деңгейіне дейін және CLIL әдісі бойынша 218 мұғалім білімін жетілдіріпті. Ал 2018 жылдың 26 маусымы мен 25 тамызы аралығында қалалық, аудандық бөлімдердің жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдерімен жұмыс істейтін 16 әдіскері тілдік курстан өткен. 2018 жылдың сәуірінен бастап 2016, 2017 жылдардағы курстардың нәтижесі бойынша төмен деңгей (А2) көрсеткен 105 мұғалім өткен жылдың 16 тамызы мен 7 желтоқсаны аралығында жұмыстан қол үзбей арнайы курстан өтіпті. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында ағылшын тілін В1, В2 деңгейінде меңгерген 98 пән мұғалімі CLIL сертификатын алу үшін пәндік-тілдік курстан өтіпті. Жалпы алғанда, кестеге сәйкес біздің облыста 2018-2019 оқу жылы 71 қанаққақты мектепте 455 мұғалім жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда. Ал облыстың 201 мектебінде ағылшын тілін оқытудың жекелеген элементтері енгізілуде. Қалай десек те, білім саласына енгізілген жаңа жүйе алдағы уақытта да тамырын тереңге жая беретін секілді.
Оқытудың озық тәсілін қолданады
Жалпы, жаратылыстану ғылыми бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту туралы мұғалімдердің өздерінің пікірлері қандай?
-Ағылшын тілін білу – біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Әсіресе, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде ағылшын тілі күн сайын дерлік дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл енуде. Осы орайда тіл емес пәндерді ағылшын тілінде оқытудың артықшылықтары көп, – дейді облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Жанар Оразбаева. Айтуынша, Жанар информатика пәнін ағылшын тілінде 8-сынып оқушыларына 2018 жылдың қаңтар айынан бері жүргізіп жүрген көрінеді. Деңгейі В1. Оқушыларының да ағылшын тілінен деңгейлері жоғары екен.
– Негізінен балалардың қызығушылығы өте жоғары. Басында тек оқушыларға терминологияны ғана жаттатсам, қазір есептерді де ағылшын тілінде беріп жүрмін. Артықшылықтары өте көп. Бала мектепте терминологияны күнделікті жаттап жүрсе, болашақта жоғары оқу орнына түскенде, пайдасы өте зор деп ойлаймын. Оның үстіне информатика пәнінде көптеген операторлар ағылшын тілінде. Ал кемшілігі ретінде сағат санының аздығын айтар едім. Информатика пәні аптасына бір-ақ сағат. Келесі сабаққа дейін бала көп нәрсені ұмытып қалады. Ал оқулық мәселесі шешілген, – дейді Жанар Оразбаева.
Мұғалімнің айтуынша, информатика, физика, биология, химия секілді жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда тиімді әдістердің бірі – CLIL (Content and Language Integrated Learning). Бұл әдісті тәжірибеге алғаш енгізген Дэвид Марш атты еуропалық профессор екен. CLIL әдісін пайдалануда оң нәтижеге жету үшін ағылшын тілін аз мөлшерде пайдаланудан бастау оқушылардың психологиялық дайындығын арттырады екен. Ал мұғалім бірден сабақ бойы ағылшын тілінде сөйлеп, барлық сабақ материалдарын ағылшын тілінде ұсынатын болса, оқушылардың қабылдау қабілетіне теріс әсерін тигізеді. Әдісті пайдалануда қатып қалған қағида жоқ, өйткені оқушылар әртүрлі дамиды, мұғалім бір немесе үш ай аралығында сабақты толық ағылшын тілінде өткізуге ауыса алады. Сабақта CLIL әдісін қолдану барысында аударма сөздіктер қолдануға рұқсат етіледі екен.
– Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, сабақта белгілі дәрежеде қиындықтардың да кездесуі заңды. Уақыттың жетіспей қалуы, мұғалім жоспарының толыққанды жүзеге аспауы мүмкін. Бұл CLIL сабақтары барысында қалыпты деп есептеледі. Сонымен қатар оқушыларда да барлық тіл үйренушілерге қатысты қателіктер кездеседі. Жазу кезінде сөйлем мүшелерінің орындарының ауысуы, сөйлеу кезіндегі қателіктер, орфографиялық, синтаксистік қателер көп жіберіледі. Бастапқыда сөйлеу кедергісі бар оқушылар сабақта белсенділік таныта бастаған кезде олардың қателіктерін сөзін бөлмей сабақтың соңына қарай барып түсіндірген жөн, – дейді Жанар Шайкенқызы.
Көңілде күдік те бар
Төрт пәнді ағылшынша оқыту әзірге қанатқақты жоба екені белгілі. Үш модульден тұратын бағдарламада бастапқы деңгейінен – А1 деңгейіне, А2 деңгейінен В1 деңгейіне дейін оқыту қарастырылған. Сарапшылар жоғары сыныптарға химия, физика, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бір жолға қою үшін әлі талай уақыт керек екенін айтады.
Иә, өз тіліңнен бөлек өзге тілдерді меңгерген жақсы. Көкжиегің кеңейіп, танымың артады. Бірақ шыны керек қоғамдағы көп адамның көңілінде күдік те жоқ емес. Ағылшын тілі деп жүріп, барымыздан, өзіміздің ана тілімізден айырылып қалмаймыз ба, осы? Жаратылыстану бағытындағы төрт пәнді өзіміз жақсы білетін қазақ тілінде оқытпай, шала білетін ағылшын тілінде оқытқаннан не ұтамыз? Ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Неге қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды? Қазақ тілінде оқып-ақ талай ғалым, талай ұстаз шықты емес пе? Тек ертеңгі күні «әттеген-ай» деп бармақ тістеп қалмасақ болғаны. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үштілділікке қатысты өзінің көзқарасын білдірді. «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», – деді Қазақстан Президенті.
Мейрамтай Иманғали