Білім

Жарастың «сиқырлы көзілдірігі» білікті ғалымдарды таңғалдырды

Жарастың «сиқырлы көзілдірігі» білікті  ғалымдарды таңғалдырдыӨскемен қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Жарас Әлімханов Испанияда өткен халықаралық Through байқауына қатысқан ТМД-дағы жалғыз оқушы. Оның ойлап тапқан «сиқырлы көзілдірігі» небір білікті ғалымдарды таңғалдырып отыр.

Жарастың «Ұшқышсыз ұшатын аппаратты модельдеу және бағдарлау» тақырыбындағы жобасы бірден байқауды ұйымдастырушылардың назарына ілікті. Неге десеңіз, оның бұл құрылғысы қолжетімсіз жерлерді зерттеуге мүмкіндік беретінін ғалымдар тез түйсінген болатын. Өскемендік өнертапқыштың бұл құрылғысы әсіресе, төтенше жағдай кезінде жоғалған адамдарды іздестіруде таптырмас құрал бола алады. Құрылғыдағы квадрокоптер мен онлайн-камера қашықтан басқарылып, нысанаға алған жерді зерттеуге жағдай туғызады. Байқауда Google Class идеясын дамыту бойынша пікірлерін ортаға салып, жұмыс істеу кезінде де Жарасқа жетер жан болмапты.

– Google Class – бұл арнайы құрылғы орнатылған, дыбыс пен адам сөзін санайтын көзілдірік, – дейді бізге Жарас. – Бүгінгі күні әлемде тілдік кедергі бар екенін, бұл мәселені қалай шешудің жолын әлі ешкімнің шешпегенін жақсы білеміз. Мен осы мәселені шешуге күш салдым. Бұл жоба пайдаланушылардың белгілі бір бөлігіне ғана емес, басқа да кең ауқымдағы аудиторияға да қажет болады деп ойлаймын. Менің мақсатым әртүрлі тілді аударудың алгоритмін жасау болды. Яғни, аппарат сіздің дауысыңызды қабылдап алған соң, менің бағдарламамның көмегімен оны өңдеп, сіздің сөзіңізді кез келген тілге аударып береді.

Байқауда тек «қағаздағы идеяларға» ғана назар аударылған жоқ, екі күнге созылған додада өзіңнің ноу-хауыңды жұрт алдында іс жүзінде көрсету мүмкіндігі де ұсынылды.

Жарас онлайн режимдегі аудио және мәтіндік материалдарды синхронды аударуды іс жүзінде пайдалану идеясы бойынша бір жарым жыл бойы тер төкті. Бұл байқауда Жарас өзінің арманын іске асырып, жобаны аяқтау үшін өз ісін жетік білетін нағыз кәсібилерден тұратын команда жасақтауға қол жеткізді. Екі күн ішінде Google Class тізбектерін алгоритмдеу жұмысы аяқталды.

Жарастың айтуынша, жұмыс өте күрделі болыпты. Өйткені, алға java тіліндегі қосымшаны әзірлеп, бағдарлау мақсат етіп қойылған болатын. Команданың төрт мүшесі осы тапсырманы орындауға күш салса, бесінші маман қосымшаның дизайнымен айналысыпты. Осылайша, өскемендік Жарас Әлімхановтың командасы ойға алған істі орындап, жаңалықты жиналған қауымға паш етіп, бірінші орынды жеңіп алды. Қазіргі күні Google корпорациясымен бірлесе жұмыс істеу туралы келісім де бар. Енді жобаға қатысушылар жаңа қосымшаларды әзірлеу бойынша жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал Google корпорациясы өскемендік оқушының жобасының арқасында тағы да танымалдылыққа ие болмақ. Өйткені, Жарастың қосымшасы аудиоәңгімені тез мәтінге ауыстыруға көмектеседі. Ал бұл студенттер мен журналистер, ақын-жазушылар үшін өте маңызды.

Өзінің мұндай табысты жұмысын Жарас мектебімен тығыз байланыстыра қарайды. Мақсатқа жету жолында білікті де білімді мұғалімдердің сіңірген еңбегі зор. Балаларға небір ғылыми жобалар ұсынып, олардың бәсекелестік жағдайда жұмыс істеуіне ықпал еткен де – сол ұстаздар.

Жалпы, Астанадағы Назарбаев университетіне түсушілердің саны жағынан Өскемендегі осы білім ордасы көш бастап тұрған көрінеді.

– Біз екінші жыл қатарынан түлектерімізді ұшырдық, – дейді Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мекте-бінің директоры Күлфарида Раисова.

Бірінші жылы бітірген 80 түлектің 16-сы «Алтын белгіге» бітірсе, төртеуі үздік аттестат иегері атаныпты. Ал он төрт бала Назарбаев университетіне түскен. Келесі жылы да мектепті бітірген 124 түлектің 45-і Назарбаев университетінің студенті атанған.

Небәрі үш жылдың ішінде аталған білім ордасының оқушылары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, он алтын, он төрт күміс, жиырма бес қола медальды қанжығаларына байлаған. Бұл мектеп түлектерінің тағы бір артықшылығы, халықаралық дәрежедегі оқу орындарының студенттері болса да, олар болашақта өз тағдырларын туған жермен байланыстырғысы келеді. Солардың бірі – Жарас Әлімханов. Ол Испаниядағы байқаудан жеңіспен ғана оралған жоқ, сонымен бірге оған бірнеше халықаралық университеттерден ұсыныс та түскен екен. Бірақ қай мемлекетте білім алса да, ол оны тәмамдаған соң, туған жерге оралатынына сенімді.

– Мен туған елімнің ілгері дамуына серпін беретін жаңа технологияның тізгінін ұстағым келеді, – дейді Жарас.

Қазіргі күні талантты оқушы «сиқырлы көзілдіріктерді» жан-жақты жетілдіру үстінде. Жарас бұл көзілдіріктің болашақта көптеген заманауи техниканы, оның ішінде ұялы телефонды да алмастыра алатынына сенімді. Өйткені, көзілдірік суретке де, видеоға да түсіріп, ғаламторға да шыға алады.

Тамызда Жарастың командасы тағы да бас қоспақ. Міне, сонда «сиқырлы көзілдіріктің» электронды әмияны да пайда болып қалады деген үміт бар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button