«Жандауа» көрерменге жол тартты

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қоржынына тағы да бір тың туынды қосылды. Ол – астаналық режиссер әрі драматург Болат Ұзақовтың «Жандауа» психологиялық драмасы. Бір отбасының басына түскен қасіретті тағдыры арқылы бүкіл қоғамның шындығын суреттеген қойылым қалың көрерменнің көңілінен шықты.
Мынау өмірде ата-ана үшін баладан артық қымбат жан бар ма? Бала деген – бауыр етің, бала деген – барың, байлығың ғой. Қойылымдағы шал мен кемпірдің ауылдағы жылы орнын суытып, қалаға қоныс аударуының да негізгі себебі сол балалардың қамы еді. Көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы мен қызының қасында болсақ деген оймен қалаға көшіп келгенімен, көңілдері сынық, тұрмыстары жұпыны. Шалдың да, кемпірдің де іштей ауылды аңсайтындары, қаланың тірлігінен шаршағандары жабырқау жүздерінен көрініп тұр. Бәрінен бұрын ұл мен қыздың тірлігі жүйкелерін әбден жұқартып жіберді. Әсіресе, нашақор ұлдың қылығы шектен шығып кетті. Үйдегі қолға ілігер заттың бәрін сатып болған оның көзі бірде әкесінің күмістелген еріне түседі. Шалдың қарсылығына қарамастан, «музейге қойып, елге көрсетеді» деп оны да сатып жібереді. Сондағы шалдың күйінгені-ай! Оның «Қасиет дегенді білмейсің-ау, балам» деген бір ауыз сөзінің өзінде қаншама мән мен мағына жатқанын сұңғыла көрермен, әрине, сезбей қалған жоқ.
Иә, нашақорлыққа салынған ұл қасиет дегенді қайдан білсін! Оның есіл-дерті есірткі ғой. Оған ата-бабадан қалған мұра да, әке-шеше де керегі жоқ. Бұған көрерменнің көзі нашақор ұлдың шешесінің қолындағы алтын білезікке жармасқанда анық жетеді. Қарындасының жігіті Азамат келіп қалмағанда байғұс ананың күні не болар еді дейсіз.
Иә, басынан құс ұшырмай үлпілдетіп өсірген ұлдың есірткіге тәуелді болуы ата-ананы күйікке салады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл – тек бір отбасының емес, бүтіндей бір қоғамның үлкен қасіретіне айналып отыр. Тіпті адамзат баласының бас ауруына айналды десек те қателеспейміз.
Нашақор ұлдың кесірінен әбден қарызға батқан отбасы қайтадан ауылға, туған жерге оралуды жөн көреді.

– Бұл қойылымды сахналаудағы негізгі мақсатым – ұлтымызды, бауырларымды осынау індеттен сақтандыру. Бұдан біраз бұрын діни тақырыптағы «Шырмауық» пьесасын сахналаған едім. Жат ағымның жетегіне еріп, адасып жүрген жастар туралы сөз қозғайтын бұл қойылым республикалық деңгейде барлық мекемелерде қойылды. Ал енді осы туынды арқылы тағы бір үлкен әлеуметтік мәселе – нашақорлық тақырыбын көтеріп отырмыз. Біз ғана емес, бүкіл әлем нашақорлықтың қанды шеңгеліне ілінуде. Қойылымды сахналамас бұрын біз бұл тақырыпты мұқият зерттедік. Өскемен қаласындағы нашақорлар диспансеріне барып, есірткіге елтіген жастардың мінез-құлығын бақыладық. Сенсеңіз, қаладағы жастардың 70-75 пайызы нашақор екен.
Олардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болса, бір-екі пайызы өзіміздің қаракөздер. Олардың осындай жолға түсуіне не себеп? Қандай жағдай кері әсерін тигізді? Осының себебін білуге тырыстық. Тіпті қазіргі уақытта нашақорлық дерті мектептерге де жетіп жатыр. Есірткіні әдемі конфет қағазына орап, оқушыларға ұсынып, оларды нашақорлыққа тартып жатқандар бар. Бұл – өте қауіпті. Енді біздің негізгі қаруымыз – өнер ғой. Мен азамат ретіндегі, режиссер ретіндегі ұстанған позициямды жұртшылыққа осы қойылым арқылы жеткізуге тырыстым. Бағасын көрермен қауым бере жатар, – дейді қоюшы режиссер Сахан Акелеев.
Иә, небары 1 сағат 10 минутқа созылатын қойылымның көтерген жүгі өте салмақты. Қоюшы режиссер Сахан Акелеевтің айтуынша, бұл шығарманы автордың өзі кезінде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сахналаған көрінеді. Десе де бұл жолғы қойылымнан Сахан Акелеевтің режиссерлік қолтаңбасын айқын байқауға болады.
– Актер қандай рөлді сомдаса да жанын салады ғой. Енді мына спектакльдегі шалдың рөлі де оңай рөл емес. Жалпы, бұл кез келген отбасының басында болып қалуы мүмкін жағдай ғой. Бірақ мұның шешімін қоюшы режиссеріміз Сахан Акелеев өте жақсы тапты. Туған жердің қасиетті ауасына қымызды да қосты. Шынында қымыз көп нәрседен айықтырады. Ауылда баяғыдай қымыз ішіп жүрсе, қазақ бұл халге жетпес еді деп ойлаймын. Басында біз баланың тағдырын екіұштылау етіп қалдырмақшы болғанбыз. Бірақ драматургияда жазылмаған заң бар. Біз залдағы көрерменнің үмітін үзуге тиіс емеспіз.
Көрерменге үміт сыйладық. Өйткені, мына залда бауыр еті баласы нашақорлыққа салынған әке немесе ананың отыруы әбден мүмкін. Немесе біреудің ағасы немесе інісі нашақорлықтың қақпанына түскен шығар. Егер олардың үмітін үзсек не болады? Біздің олай істеуге хақымыз жоқ. «Әйтеуір бір емі бар екен ғой» деген үміт оты көп нәрсені шешуі де мүмкін, – дейді қойылымда қарияның рөлін сомдаған актер Қанат Ниязбеков.

Актер Жасұлан Серкетаев нашақор ұлдың рөлін өте сәтті алып шықты. Десе де оның өзі «басыңнан өтпеген соң, образға кіру қиындау болды» дейді. Әйтеуір рөлдің нанымды шығуына Өскемен қаласындағы наркодиспансерге барып, сол жерде нашақор жігіттермен сөйлескені, сұхбаттасқаны, кейіпкерінің жан дүниесін терең зерттегені көп көмектескен екен.
– Бұл оқиғадан біз ата-аналардың аңғалдығын, сенгіштігін көреміз. Шал мен кемпір қалаға көшіп келгенше ұлы мен қызының нашаға әуес екенін білмеген ғой. Қалада оқып жатыр ма, жоқ әлде басқа нәрсемен айналысып жүр ме, тіпті бақыламаған да. Қалаға, балаларының қасына көшіп келмесе, олардың нашақор екенін білмейтін де ме еді, кім білсін. Әйтеуір дер кезінде көп жайдың беті ашылып, жағдайға қанығып, ащы шындықты біледі. Жалпы, біз бұрын нашақорлық шетелдерде ғана бар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, бұл індеттің бір ұшы қазаққа да жетіпті. Осынау індеттен сақтануға, сақ болуға шақыратын қойылым ғой бұл, – дейді кемпір рөлін сомдаған актриса Сайраш Қопабаева.
Қалай десек те, көпке ой салар салмақты дүниенің көрерменге жол тартқаны анық. Ал одан керегін алу – көрерменнің ықтиярындағы дүние.
Мейрамтай Иманғали