Тіл

Жанашырлық жарнамадан басталады

Мейрамтай Иманғали

 Қазіргі қоғамды жарнамасыз көзге елестету қиын. Жарнаманың қоғамдағы рөлі күннен-күнге артып отыр. Осы орайда  Шемонайха аудандық Мәдениет үйінде «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» атты семинар өтті. Облыстық мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен Шемонайха ауданының ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары қатысты.

      – Жалпы, көрнекі ақпарат тілі мемлекеттік тіл саясатының маңызды бір бөлігі болып саналады. Жаңа экономикалық қарым-қатынастар жарнаманың маңызын арттырып отыр. Онсыз жарнама беруші мен тұтынушының арасында байланыс орнату мүмкін емес. Осы орайда жарнама мәтіндерін ресімдеу барысында дизайнерлік, психологиялық талаптармен қатар оның тілдік ресімделуі де өте маңызды, – дейді  облыстық мәдениет басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Жұлдыз Мұқаметқалиева.

Айтуынша, жарнама тілін реттейтін заңдар мен заңнамалық актілер елімізде жоқ емес, бар. Бірақ заң талаптары барлық жерде сақталмайды. Облыс орталығының өзінде «жарымжан» жарнамалар көптеп кездеседі. Осыған байланысты облыстық мәдениет басқармасы жыл сайын көрнекті ақпарат пен жарнама мәтіндерін біріздендіру мақсатында «Сауатты жарнама мәдениеті» тақырыбында айлықтар өткізетін көрінеді.

Семинарда көрнекі ақпарат пен жарнамаға қойылатын заң талаптары туралы баяндама жасаған  Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова еліміздегі «Тілдер туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес көрнекі жарнамада мемлекеттік тілге басымдық берілуі тиіс екенін айтты. Егер Қазақстандағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдардың талаптарын елемеу фактісі анықталған жағдайда кәсіпкерге әуелі ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылады. Егер кәсіпкер бір жыл ішінде қатені түземесе, онда айыппұл төлейді.

      – Сондықтан бизнес қоғамдастығы мемлекеттік тілді танымал етудегі жауапкершілікті сезінуі тиіс, – дейді Ә.Абзалова.

Семинарда сондай-ақ Шемонайха ауданы бойынша көрнекі ақпарат және жарнама мәселелері туралы Шемонайха ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнаш Олжекенова, Ұлан ауданы бойынша Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерхат Сатыев, Риддер қаласы бойынша қаланың ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Эльмира Есімбаева, Алтай ауданы бойынша осындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлжази Рамазанова баяндама жасады.

      – Жарнама – сауданы «жүргізетін» тетік қана емес, сондай-ақ тұтыну мәдениетін жаңа биіктерге көтеретін «өркениет үдеткіші». Сондықтан да жарнаманың сауатты болуы еліміздегі әрбір адамға байланысты. Егер көңіл бөліп, «жарымжан» жарнаманы түзеуге атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ерхат Сатыев.

Осы айдарда

Back to top button