Тіл

Қазақ тілінің мерейін асқақтатып жүр

Ағылшын ғалымы Дэвид Кристалдың зерттеуіне сүйенсек, жылына жер бетінен 30-ға жуық тіл жоғалып кетеді екен. Ол – жылына 30 ұлт жоғалып жатыр деген сөз.

Біз оқырмандарымызды қазақ тілін және қазақ ұлтын осы 30 деген санның ішіне кіргізбеу үшін атсалысып жүрген қаршадай орыс қызы Мария Колчина және Василий Березовскиймен таныстырғымыз келеді. Он сегіз жастағы Мария Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада ашылған «Кел, сөйлесейік» клубында қатысушыларға қазақ тілінен сабақ береді. Өзін «Васеке» деп таныстырған Василий сабақтың практикалық жағына жауапты екен.

 «Шамаң келгенше  сөйлей беру керек»

Мария Колчина Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің екінші курс студенті. Катонқарағай ауданында туып-өскен Мария қазақ тілін бала кезінен біледі. Айтысына қарағанда, тілді әдейі үйреніп жүргені есінде жоқ. Орыс мектебінде оқығанымен тілдік орта оны Абайдың тілінде сөйлеуге  өз еркінен тыс тәрбиелеген сияқты. Қазір әскер қатарында жүрген үлкен ағасы да қазақ тілін білгенімен, сөйлеуге келгенде ұялады екен.

– Осы «қате айтып қойып, басқаларға күлкі болмаймын ба» деген күдік көп адамның тіл меңгеруіне  басты кедергі екенін байқап жүрмін. Біздің курсқа келушілердің арасында да ондай адамдар кездеседі. «Ұялмаған әнші болады» демекші, ештеңеге қарамай, шамаң келгенше сөйлей беру керек. Оның үстіне басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде бір ауыз сөз айтса да, жергілікті халық мәз болып қалады, – дейді Мария.

Кітапхана жанынан осы курс ашылғанда ұстаздарының бірі Марияға «қазақша сайрап тұрған жоқсың ба, сабақ берсеңші» деп бағыт берген екен. Сабақтарды наурыз айынан бастапты.

Сабақтар аптасына бес рет бір сағаттан жүреді. Жарты сағаты теориялық білім, екінші жарты сағатты практикалық жаттығуларға арнайды. Орталық кітапхананың қалада он үш филиалы бар. Солардың әрқайсысына кішкене бүлдіршіндерден бастап, жастар, орта жастағы, тіпті зейнеткерлер де тіл үйренуге келеді.

 – Әрине, балалар мен жастар айтқаныңды тез қағып алады, ал жасы үлкен адамдардың есте сақтау қабілеті төмен болғандықтан, жаттығуларды бірнеше рет қайталаймыз. Бір тақырыпты меңгеру кейде бір аптаға созылып кетеді. Сабақты бір-бірімізге жақсы тілектер айтудан бастаймыз, – деп жалғастырды курс жетекшісі. Мұғалімнің сөзіне қарағанда, тілді үйренуге өз еркімен келген бала мен ата-анасы мәжбүрлеп әкелген балғынның сабақты қабылдауы әртүрлі. Алғашқысы кез келген ойынға қатысып, сұрақтар қойып, белсенділік танытса, екіншісі бәріне селқос қарап отыра береді. Бірақ мұғалімнің ондай тыңдаушыларын да қызықтыратын бірнеше құпиясы бар.

Әр сабақтың мақсаты болады. Бір жолы сұхбаттасуды, бір-бірімен диалог құруды үйренсе, екінші жолы бір тақырыпқа мәтін жазады. Жаңа сөздерді теріп жазып, қайталайды. Үйге міндетті түрде тапсырма беріледі. Ұстаздары тыңдаушыларымен 24/7 режимінде үнемі байланыста. Бұл – теориялық бөлімі. Ең қызықты сәт практикалық жаттығуларға келгенде басталады. Осы жерде ортаға Васеке шығады. Әртүрлі ойындар, қазақ тілінде мультиктер көру, әзіл-оспаққа құрылған диалог қатысушыларды зеріктірмейді, екінші жағынан тіл ұстартуға өте қолайлы.  Басында сырттай ғана бақылап, ойынға қатыспай отырған енжар тыңдаушылардың өздері келесі сабақтарда белсенділік танытып, ойындарға қызыға араласып кетеді. Қазақ тіліндегі мультфильмдердің орысша титрлары болғаны да өте қолайлы.

Жаз айларында тыңдаушылардың көбі демалыста, балалар каникулда болғандықтан клуб та үзіліс жариялаған еді. Қыркүйекте қайта басталатын сабақтарға жазылушылар өте көп. Бұрынғы келушілер де, жаңадан қосылғандар да бар.

– Жаз айларында оқу үшін бірнеше ертегі кітап бергенбіз. Бесінші қыркүйекте сол кітаптардың мазмұны бойынша конкурс өткізбекпіз. Түсінгендерін қысқаша мазмұндап беруге тиіс. Демалыс кезінде де бізбен хабарласып, кейбір сөздердің мағынасын сұраған үлкендер де, ата-аналар да бар. Соған қарағанда олар ала жаздай   тапсырманы орындап жүрген сияқты, соған өзім де қуанып, риза болып қалдым, – деп күледі Мария.

Айтпақшы, Мария қазақтың салт-дәстүрлерін жетік біледі, ұлттық тағамдарын бір кісідей әзірлейді. Мерекелік дастархан асылған етсіз, ақ бауырсақсыз жайылмайды, қара қуырдақты да қуырып жібереді. Қазақ әндерін әуелетін шырқайтын өнері де  бар. Мектеп қабырғасында жүргенде «Атамекен», «Алтын бесік», «Жібектің елі», «Құстар қайтқанда» әндерін үнемі концерттерде айтатын. Ал әншілердің ішінен Қуандық Рақымды сүйіп тыңдайды екен.

Василий де, Васеке де, тамада да өзі

Василий Березовский Жетісуда туып-өскен азамат. Қазақ ауылында қазақ балаларымен бірге ойнап өскен бала қағылездігінің арқасында тілді тез-ақ меңгеріп алады. Бұл «дерево» десе, көршінің баласы «ағаш» деп, аяғында екеуі екі тілді де үйреніп алыпты.

– Клубқа келген мақсатым – тілді басқаларға әзіл-ойын ретінде үйрету ғана емес, өзімді де дамыту. Қазақтың қаймағы бұзылмаған әдеби тілін  жетік меңгерсем деймін, – деп бастады сөзін Васеке.

Бала кезден есінде қалғаны – бірде аулаға шықса, балалар асық ойнап жүр екен. Қайдан алғанын білмейді, әкесі Василийге де асық әкеліп берген. Ойынға қосылайын десе, балалар «шынға ойнаймыз» дейді, ол не екенін түсінбей кетіп қалады. Әкесі «за правду играешь» деп түсіндіріп, асығына қорғасын құйып береді. «Алшысынан түсті», «шік түсті» деп үйде біраз жаттығып алғаннан кейін, аулада ойынның көрігін қыздырған ғой!

– Қазақтың арасында өскен соң, тіпті қазақша ойлай бастайсың. Қызық мысал келтірейін бе? Бала кезімде шемішкені көп шағып, ұртымның іші ойылып, стоматит болып кетті. Сенсеңіз, сол кезде мен оның орысша қалай аталатынын білмедім. Емханаға бардым да, «аузымда жауыр» десем, ол жердегілер ұқпайды. Неге жауыр дейсіз бе? Аттың үстін ертоқым қажап тастағанда, асты қып- қызыл жара болмай ма, соны жауыр дейді қазақтар. Ол жер құрттап кетпесін деп, тұз сеуіп тастайтынын көргем.  Менің аузымда да осындай жара болғасын, оны жауыр демегенде не дейміз? – деп күледі Васеке.

Құрылысшы мамандығын таңдаған Василий құрылыста да жұмыс істепті. Ол жерде де жұмыс арасында қазақша қойып қалып, серіктестері түсінбей, бұл орысша айта алмай, қызық болған екен. Өзі өнерге жуық жігіт пандемияның алдында өзін сахнада, тойларда сынап көруге бел байлайды. Екі тілде еркін сөйлейтін тамаданы халық жылы қабылдайды. Содан бері Васеке шаңырақ көтерген талай  жасты аяқтандырып, балаларының шілдеханасы мен тұсау кесерін, сүндет тойын өткізіп жүр. Жуықта ғана екі жүзге тарта қонағы бар бір тойды тек қазақ тілінде басқарып шықты.

– Клубта Марияға практикалық жаттығуларды жасағанда көмектесем. Қызықты сахналық көріністер қоямыз. Ойын ойнаймыз. Тойларда мен кез келген жастағы қонақтармен мәдениетті сөйлесіп, ойындарға қатыстырып жүргем жоқ па? Сол тәжірибемді осы жерде де қолданамын, тыңдаушы зейнеткерлер де ойынға белсене араласып кетеді. Егер бір сабақта бір-екі жаңа сөзді үйреніп, естерінде сақтап шықса, бұл да үлкен жетістік. Оның үстіне, ойын түрінде өткен сабақтар естерінде жақсы сақталады, – дейді Василий Романұлы.

Бір қыз сабақтарды инстаграммдағы парақшамыздан көріп, келіпті. «Сіздерде сабақтар өте қызықты өтеді екен, әзіл-ойындарыңыз ұнады, сіздермен тіл үйрену оңай сияқты» деп баға берген бойжеткен сабақтардың басталуын асыға күтіп жүр.

2015 жылы Өскеменге «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы, әуесқой лингвист Қанат Тасыбеков келгенде, Василий Березовский облыстық телеарнада ұйымдастырылған конкурста 100 мың ұпай жинап, жеңімпаз атанады.

– Кездесу барысында автор өзінің мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі қазақ халқының салт-дәстүрлері, менталитеті мен дүниетанымының негізінде жасалғанын атап өтті. Маған автографымен бір кітабын сыйлады. Сол кітапты көп жерде қолданамын, – деп есіне алды Васеке.

Өскемендік Татьяна Михайлованың қазақ тілін үйренуге ден қойғанына бірнеше жыл болыпты. Бірақ әзірге нәтижесіз дейді.

– Тіпті ақылы курстарға да бардым, онлайн курстар да сатып алдым. Қазақ құрбым бар, көрші тұрғанда аздап болсын сөйлесетінбіз. Қазір қаланың басқа ауданына көшіп кеттік те, күнделікті жаттығуларымыз үзіліп қалды. Содан осы клубтың жұмысы туралы естідім. Басында маған баланың ойыны сияқты көрінген. Бірақ қатысып көргенде ұнады, қыркүйектен бастап, тағы да жазылдым. Бұрын оқыған сөздерім есіме түсіп, практикада қолдана бастадым. Мен бар уақытымды қазақ тілінің ережесі мен грамматикасына кетіріп алыппын. Ал бұл жерде сөйлесесің, маған керегі де сол, – дейді Татьяна.

Мария ағылшын тілі де қажетті деп, қазір бос уақытында соны меңгеріп жүрсе, Василий «маған қазақ тілі жеткілікті, оның бай әрі көркем әдеби тілін  түбіне жете меңгеріп алсам» деп армандайды.

Қазіргі таңда қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп, жұмысқа орналасқанда да мемлекеттік тілді білуге талап қойылып жатқан заманда Мария Колчина мен Василий Березовскийдің атқарып жүрген қызметтері өлшеусіз. Жаттанды патриоттық сөздермен ұрандамай, азғандай істерімен болсын қазақ тілінің мерейін асқақтатып, лайықты тұғырына қондыруға талпынып жүрген Мария мен Василийдің жұмыстарына сәттілік тілейміз.

 

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button