БәрекелдіБілім

Жаңашыл ұстаз

Ұстаз әркез ізденіс үстінде жүретін маман иесі. Бүгінгі кейіпкеріміз де ұстаздық жолда тың дүниелер енгізуімен ерекшеленеді. Әділбек Жұбатқанов Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында география пәнінен сабақ береді. Креативті мұғалім «Республикалық педагогикалық инновациялық идеялар фестивалінде» өзінің тың жобасы үшін жүлделі үшінші орынды иеленді.

Әділбек Амантайұлы оқушылардың номенклатуралық білімін арттыруда электронды карта жүйелерін қолдануды жөн көріпті. Ұстаздың пікірінше, географиялық номенклатураны оқытуда сабақ барысында жаңа технологияларды, техникалық құралдарды жан-жақты қолдану – мұғалімнің қызметтерін жеңілдетіп, осы іскерліктің ұстанымды жаңа тәсілдерінің пайда болуына мүмкіндік туғызады. Осындай жаңа тәсілдердің біріне ақпараттық оқыту жүйесіндегі компьютерлік бағдарламалардың түрлері арқылы номенклатура үйретуді жатқызуға болады.

Әділбек Амантайұлы зерттеуінің мақсаты оқушылардың географиялық номенклатуралық білімдерін көтеру, электронды карталарды пайдалану арқылы оқушылардың визуалдық қабілеттерін дамыту, зерттеушілік құзырлықты қалыптастырудың инновациялық технологиясын анықтау және озық тәжірибе жұмысының жүйесін жасау екенін айтты. Электрондық карталарды қолдану оқушыларға тамаша мүмкіндіктер ашады. Электронды карта жүйесінің бірнеше түрі бар.

Мысалы, «motovskikh.ru» электронды карталар жүйесін қолдану арқылы оқушылар елдердің географиялық орнын, мемлекеттердің астанасын табуды, елдерді тулары арқылы ажыратуды меңгереді. Физикалық және саяси карталарды үйренуге арналған тағы бір электронды карталар жүйесі бар. Ол «maptomind.ru»-деп аталады. Артықшылығы-өзіңізге керек аймақ, категорияны, географиялық орнын таңдай аласыз. Ал үшінші Seterra – оқушылардың географиялық танымдарын кеңейтуге арналған ойын түрінде жүргізілетін электронды карта жүйесі. 1997 жылы құрылған бұл сайт қазірде 40 тілде жұмыс жасайды. Бірақ қазақ тілі әлі де бағдарламаға енегізілмеген. Бұл картада елдердің географиялық орнын, астаналарын, әкімшілік бөліністерін, сондай-ақ физикалық географияның да элементтерін байқауға болады.

Әділбек Амантайұлы номенклатураны электронды карталар жүйесі арқылы жаттаған оқушылардың визуалды қабылдауы жоғары болғанын айтады. Осыдан-ақ практикалық тұрғыдан оқушылар электронды карталар жүйесін жеңіл қабылдағаны көрініп тұр. ЭКЖ арқылы дайындық жүргізген оқушылардың орташа балы 53 пайыздан жоғары болған. «Бұның барлығы ЭКЖ арқылы оқушыларды географиялық номенклатураға қызықтыруға болатындығының көрінісі», дейді мұғалімнің өзі сеніммен.
География пәні мұғалімінің пікірінше, пәнді оқыту мен оқушылардың географиялық номенклатуралық білімдерін арттыруда электронды карталар жүйесінің маңызы зор. Электронды карталар жүйесін тек сабақ барысында қолданып қана қоймай, сыныптан тыс сабақтарда да қолдануға болады. Географиялық номенклатуралық білімді арттыруға арналған жұмыстар ҰБТ мен пәндік олимпиадаларда да өз нәтижесін көрсетіп келеді.

-Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да сапалы білім беру мен оқушыларды заман талабына сай жетілдіру басты мақсат екені әрдайым көрініс тауып келеді. Осы орайда, Президентіміздің жолдауына сүйене отырып, білім ұяларынан білімді де, заман талабына сай ойы ұшқыр оқушыны түлету – әр мұғалімнің Отан мен қоғам алдындағы борышы деп білемін, – деді Әділбек Жұбатқанов.

Әмина Бақытбекова,
Өскемен қаласы.

Осы айдарда

Back to top button