Мәдениет

Жанарбек ұлттық өнерді жаңғыртып жүр

Жанарбек ұлттық өнерді жаңғыртып жүр


Ерте заманда бір ханның қарашадан алған әйелі егіз баланы дүниеге әкеледі. Мыстан кемпір егіз баланы ұрлап әкетіп, көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, алып бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Күндер өтіп, ана балаларын іздеп сапарға аттанады. Жолдан шаршап, ағаш түбіне келіп, демалып отырғанда құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп, ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Іші қуыс бәйтеректің екі басына, бұтақтан-бұтаққа керілген қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. Байғұс ана «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос, қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен.

Содан бері неше замана сол домбыра қазақ елінің мұңы мен зарын, өсиет-өнегесін бойына сіңіріп, ұрпаққа жеткізіп келеді. Домбыра ойнап тұрғанда, ата шежіреміздің өшпесіне кәміл сенім бар. Осыған үлес қосып, үйеңкі-қайыңнан домбыра шауып жүрген шебер Ұлан ауданында тұрады.

Жанарбек ұлттық өнерді жаңғыртып жүр

Жанарбек Қазезұлы – Қытай жерінде кіндігі кесілген азамат. Атажұртқа ат басын бұрғалы алты жылдың көлемі болғанын айтады. Шымқорадай (жергілікті жұрт солай атайды, ресми атауы Ұлан ауылы) шұрайлы мекен тапқан азамат қолөнермен арғы бетте жүргенде-ақ айналысқан. Бұл шеберге атадан дарыған өнер болса керек. Арғы аталары да домбыра шабудың қас шеберлері. Тек олар Жанарбектей кәсіп етіп, соңына түспеген көрінеді. Ал мұның атамұрадан игіліктенгеніне 15 жылдың көлемі болған екен. Ертелі-кеш шеберханасынан шықпайтын шебердің бар мақсаты – шешен домбыра жасап шығару. Алыс-жақыннан азды-кем тапсырыстар түскенімен, дәл қазір шаруасы дөңгелеген кәсіпке айналмай отыр. Осыған бола шеберлігіне шүбә келтірудің жөні жоқ. Оның жасаған дүниелері өткен жылы облыстық қолөнер шеберлерінің байқауында теңдессіз деп табылды.

– Ауылдық жерде тұрғандықтан болар, домбыраға тапсырыс аз. Шебер атымыз жалпақ елге тегіс тарай қоймады әлі. Солай екен деп қол қусырып отыратын мен жоқ. Бар уақытымды сарп етіп, қасиетті аспапты мүлтіксіз етіп жасауға тырысамын. Біз кетеміз, бұл ұрпақпен бірге жасап қалатын дүние ғой, – дейді шебердің өзі.

Жанарбек жасаған домбыралар 15 мыңнан 100 мыңға дейін бағаланады. Қазіргі уақытта шеберханасының төрінде Абай домбыра, аққу домбыра, қос бетті және қос сазды домбыра түрлері ілулі тұр. Бұл туралы автордың өзі:

– Қос сазды домбыраны атамыз төріне «тіл-көзден сақтайды» деп ілген екен. Осы жайында ауыл үлкендерінен бала күнімде естіген едім. Бергі жылдары домбыраның осындай түрін жасап көруге бел будым. Шүкір, сәтті шықты. Ал қос бетті домбыра туралы арғы беттегі көршімнен (күйші кісі еді) естіп білдім. Шеберлігім ысыла оны да жобалап жасап, неше мәрте сынақтан кейін, кәнігі қалпына келтірдім, – дейді.

Осы ретте айта кету керек, қала мектептерінде 2004 жылдан бері «Мұрагер» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жайында ілкідегі мақаламызда кеңінен әңгімелеген болатынбыз. Игі жобаның арқасында, қалалық қара көздердің домбыра шертпейтіні жоқ. Ал музыка пәні кәбинетінің төр қабырғасы домбыраға лық толып тұратынын көзіміз көрді. Осы бағдарлама ауыл-аудан мектептерінде де жұмыс істесе дейміз. Біріншіден, ауылдағы қара домалақтар да қара домбыраның құлағында ойнаса, екіншіден, атамұрамыздың өлмеуіне арқау болып отырған шебердің ісі де өнер еді. Осы ауылдағы С.Аманжолов атын иеленген орта мектептің директоры Назигүл Искановаға осы ойымызды тастағанымызда:

– Әзірге мектепте тек музыка пәні жүреді. Демеушілік жасап, басшылық мақұл көрсе, домбырашылар сыныбын неге ашпасқа? Балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылықтары жоқ емес, – деді.

Әрине, ұлттық өнердің жанашырлары осы білім ордасы шәкірттерінің арасында бар екеніне шүбәміз жоқ. Шымқора топырағы талай өлке әдебиеті мен мәдениетінің майталмандарын дүниеге әкелген құтты мекен ғой.

Жанарбек ұлттық өнерді жаңғыртып жүр

Көзін ашқалы домбыраны көріп, танып-біліп өскен баланың әнші-күйшілікке, жалпы ұлттық өнерге әуестенбеуі мүмкін емес. Жанарбектің тұла бойы тұңғышы Бүрлен, 6-сынып оқушысы. Қазіргі уақытта бірлі-екілі күйдің басын қайырады. Ал жерден таяқ жеп болып, жетіні толтырған Есіл ұлына шебер әке алдағы уақытта қолөнердің қыр-сырын үйретемін деп отыр. Осыған мүмкіндігі барына риза ол. Арғы беттен ауа көшкендегі мүддесі де осы емес пе еді?!

– Қызымды мектепалды даярлық сыныбына жетектеп апардым. Сол кезде аралас тілде оқытамыз дегендерін естіп, үдере қалдым. Оның үстіне сынып жетекшілері қытай ұлтының өкілі екен. Оң-солын танымаған бүлдіршіннің болашағынан мұнан кейін қандай үміт күтеміз? Салған жерде атамекенге қоныс аударуды ойладым. Көптен бері ойда жүрген мұратымның іске асуына осы жағдай түрткі болды. Ұл-қызымның туған тілінде білім алып жатқаны, атамұрамыз – қара домбырамды қамсыз шауып отырғаным, атажұртқа қоныс тепкенімнің арқасы, – деген еді ұлтжандылықтың уызына жарып өскен азамат.

Бесаспап шебер домбырадан бөлек бесік те жасайды. Оның ең құндысы 35 мыңға бағаланып отыр. Ауылдағы ағайындар бесікті көптеп алатын көрінеді. Осы уақытқа дейін Астанадан да тапсырыстар түскен екен. Қолай етсе, астау да жасайды ағаш шебері. Балды бармақтары темірден түйін түйеді. Қош! Әйтеуір қолөнердің қай түріне де бапандай. Оның үстіне бесаспап азаматтың жан жары Әмина да қол өнерден қара жаяу емес. Шеше көрген зерделі қыз зерлеп кесте тігіп, маржаннан түрлі бұйым тоқиды. Жүз рет өлшеп пішкен оюлы көрпе-жастық, алаша-кілемі үйдің шырайын кіргізеді. Бір уақ отағасы жасаған домбыраларға ою-өрнек салып, безендіру жұмысына қолғабыс етеді. Өнерлі де өнегелі ата-ана екі кесте тігер мен бір домбыра жасарды тәрбиелеп отыр. Атамұраның атадан балаға берілуі осылай болса керек.

Ерболат Ыбырай

Осы айдарда

Back to top button