Мәдениет

«Жанам деген жүрекке от береді»

«Жанам деген жүрекке от береді»


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ел ішіндегі талай талантты жастардың жұлдызын жағып, бағын ашып, өнер көгінде жарқырауына себепкер болып келеді. Облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында өткен концертте осынау Қордың лауреаттары өнер көрсетіп, өскемендіктер мен қала қонақтарына тамаша кеш сыйлады.

Бұл концерт аталған Қордың «Барлығы жастар үшін» деген ұранмен Өскеменде өткен күнінің аясында ұйымдастырылды. Концерт деп аталғанымен, форматы сәл өзгешелеу. Ең алдымен сахнаға Тұңғыш Президент Қорының лауреаттары шығып, залдағы көрермендермен байланыс орнатып,емен-жарқын әңгімелесті. Олар Тұңғыш Президент Қоры жайында, оның өнерлі жастарға жасап отырған қамқорлығы туралы баяндап берді. Бұл ешқандай да ертегі емес, өмір шындығы. Бойыңда талантың болса, қолдайтын Қор бар. Оған осынау жастардың жетістіктері дәлел бола алады. Бір кездері Елбасы Қорының қолдауы мен құрметіне бөленген жастардың барлығы да бүгінде өнер тарландарына айналып, республика жұртшылығын ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де өнерімен мойындатып, тамсантып жүр.

– Шығыс Қазақстан – менің жүрегіме өте ыстық. Өйткені, менің әке-шешем осы жақтан. Ал Тұңғыш Президент Қоры туралы айтатын болсам, 2010 жылы Финляндияда өтетін байқауға бару үшін Қорға тапсырыс беріп, грантын ұтып алған болатынмын. Сол байқаудан жүлделі орын алып келдім. Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын осы Қордың лауреаты атандым. Қазір өзім тәрбиелеп жатқан шәкірттерім де осы Қордың степендианттары атанып, классикалық музыка өнерін насихаттап жүр, – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Азамат Жылтыркөзов.

Ал Қордың тағы бір лауреаты, «Астана опера» театрының жетекші әртісі Сүндет Байғожинның есімі өскемендіктерге жақсы таныс. Ол таяуда ғана халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка өнері фестиваліне қатысып, ән шырқаған болатын.

Сонымен қатар, Қор сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, «Қазақстанның алтын виолончелі» Ермек Құрманаев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, меццо-сопрано Татьяна Вицинская, бас Болат Есімханов, пианист-концертмейстер Гауһар Тасбергенова да көрермендерге өз жетістіктері туралы әңгімелеп, Қордың атқарып жатқан жұмысы туралы жылы лебіздерін білдірді.

Осынау жүздесуден кейін құлақтың құрышын қандырар ән мен күйге кезек тиген. Көрермен қауым бір жарым сағат бойы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры лауреаттарының өнерін тамашалады.

Концерт маған өте ұнады. Бәрі де тамаша өнер көрсетті. Ұлы дала жастарының өнерін ұштайтын, қолдау көрсететін осындай Қордың болғаны зор қуаныш. Біздің шығысқазақстандық өнерлі жастар да жасқанбай Елбасы қорының қолдауын көруі тиіс, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Лаура Таңжарық.

Шынында да, жанам деген жүректерге от беретін Елбасы Қоры барда, қазақ жастарының биіктерге қанаттарын қомдайтыны рас.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button