Жаңа үлгідегі мектептер бой көтереді
Президент тапсырмасына орай
Жаңа үлгідегі мектептер бой көтереді
Шығыс өңіріне оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов келді. Жұмыс сапары аясында еліміздің бас ұстазы Өскеменде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша мектептер салуға дайындық жұмыстарымен танысып, халықпен жүздесті.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында айтылғандай, орта білім беру жүйесіндегі өткір мәселелердің бірі – мектептердегі оқушы орындарының жетіспеушілігі. Республика бойынша орын тапшылығы 200 мыңнан асады. Бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, бірнеше жылдан кейін орын тапшылығы миллионнан асуы ықтимал.
Сондықтан 2025 жылдың соңына дейін мың мектеп салу қажет.
Осы тапсырманы орындау үшін «Жайлы мектеп» республикалық ұлттық жобасы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – білім беру саласының жаңа стандарттарын енгізу, оқушы орындарының жетіспеуі, апатты жағдайдағы мектептер, үш ауысымда оқыту мәселелерін шешу және қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын жою.
Министр айтып өткендей, жаңа үлгідегі білім ошақтарында пән кабинеттері мен зертханалар заманауи оқу құралдарымен жабдықталып, бастауыштағы 1-4-сынып оқушылары мен орта буындағы 5-11- сынып оқушылары үшін бөлек блоктар пайда болады. Спорт залдарының саны мектептегі оқушылар санына байланысты есептеледі. Әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар ашылады.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір өңірде 342 білім беру мекемесі жұмыс істейді, апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Алайда оқушы санына байланысты жаңа орта білім беру ұйымдарын салу қажеттілігі бар.
Облыста «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 4200 орындық он мектеп салу жоспарланып отыр. Айталық, Өскеменде 2400 орындық бес мектеп, Риддерде 600 орындық бір мектеп салынады. Белоусовка кентінде, Глубокое ауданының Прапорщиково және Опытное поле ауылдарында 300 орындық үш мектеп бой көтереді. Шемонайхада 300 орындық бір білім ошағы салынады. Бұл нысандарды пайдалануға беру 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
– Бұл жаңа, сапалы, ең жоғары стандарттарға сай мектептер болады. Ғимараттарды салу мен жабдықтаудың мүлдем басқа сапасы мен стандарттары қолданылады, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Жұмыс сапары барысында оқу-ағарту министрі облыс орталығындағы болашақта бой көтеретін жаңа мектептің құрылыс орнына барып, ондағы дайындық жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар министр мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінің мазмұндық бөлігін трансформациялау бойынша қанатқақты жоба іске асырылып жатқан №15 «Рахат» балабақша-бөбекжайында болды. Ведомство басшысының айтуынша, бұрын балабақшалардағы бағдарламалар шектен тыс академиялық бағытта болған. Мектеп жасына дейінгі балалардың әлемді танудағы негізгі әрекеті – ойын. Ал олардың оқу қызметі әдетте бір жерде отыруды талап етеді.
– Біз тұжырымдаманы тұтастай өзгерттік, жаңа мемлекеттік жалпы білім беру стандартын қабылдадық, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын бекіттік. Қазір мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу жүйесі бойынша соңғы бірнеше жылдағы ең үлкен реформа жүргізіліп жатыр. Мен қанатқақты жоба іске қосылған «Рахат» балабақшасында болдым, ондағы әріптестеріммен әңгімелестім. Жалпы, жоба табысты іске асырылуда және біз бұл жұмысты ары қарай жалғастырамыз, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрі 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға тоқталып, ол мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына көптеген оң өзгерістер әкелгендігін атап өтті.
Атап айтқанда, бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылып, нәтижесінде мектеп мұғалімдерінің, колледж оқытушыларының, балабақша тәрбиешілері мен қосымша білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы едәуір артты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, үш жылдың ішінде педагогтардың жалақысы екі есе өсті. Келер жылдың қаңтар айында тәрбиешілер мен педагогтардың жалақысы қосымша тағы 25 пайызға артады.
Облыс тұрғындарымен кездесуде министр елдегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, өңір тұрғындарын қызықтырған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
– Сындарлы басқосу өтті деп ойлаймын. Көптеген ұсыныстар, сауалдар келіп түсті. Олардың басым бөлігі нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіруге, бағалау жүйесіне, білім беру сапасын қамтамасыз етуге қатысты болды. Бұл мені қуантады. Білім сапасына тоқталатын болсақ, Шығыс Қазақстан облысында бұл еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда айтарлықтай жоғары, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ведомство басшысы биылдан бастап елімізде мұғалімдерге арналған «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» жаңа құрмет белгісі тағайындалғандығын хабарлады. Мұндай жоғары марапат 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздарға ерен еңбегі үшін беріледі.
DIDAR ақпарат