ӘлеуметЗаң талабы

Жаңа кодекстің жаңалығы неде?

Шілденің 1-інен бастап елімізде Әлеуметтік кодекстің күшіне енгені белгілі. Жалпы, осынау кодекстің жаңалығы не?

Әлеуметтік кодекстің әлеуметтің жағдайын жақсартуға септігі тие ме? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова журналистердің көкейіндегі бірқатар сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Әлеуметтік кодекстің басты жаңалығы ретінде Отбасының цифрлық картасын айтуға болады.

– Отбасылық цифрлық картаны енгізудің негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ондағы мәліметтер әлеуметтік қорғау шараларына, әлеуеті төмен адамдар мен отбасыларды айқындау үшін негіз болып табылады, – дейді Динара Мұратбекқызы.

Айтуынша, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, облыста 172 391 адам ОЦК өзектендіруге жатады екен.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыспен қамту саласында 1 шілдеден бастап «Еңбек ұтқырлығы орталығы» облыстық мекемесі құрылып, жұмыс істей бастаған. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы жұмыс істеп тұрған 11 халықты жұмыспен қамту орталығы Еңбек ұтқырлығы орталығының филиалдары болып, мәнсап орталықтарына айналыпты. Осынау 11 орталық қызметкерлерінің штат саны 269 бірлікті құрайды, орталықты ұстау үшін қала мен аудан бюджеттерінен 930,6 млн теңге қарастырылған көрінеді.
Динара Мұратбекқызы халықты жұмыспен қамту мақсатында облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы белсенді іске асырылып жатқанын айтты. Үстіміздегі жылы осынау ұлттық жобаны іске асыру аясында жастарға несие беруге 8,1 млрд теңге бөлініпті.
2023 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша ұлттық жобаға 11 984 адам қатысқан.
Жалпы, жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 1 090 млн теңге көлемінде 218 шағын кредит беру жоспарланған көрінеді.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде биыл облысқа 544 адамнан тұратын қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау бойынша квота қарастырылыпты, оның 305-і – қоныс аударушы, 239-ы – қандас.
Динара Мұратбекқызы Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары қарастырылғанын атап айтты. Оның ішінде: 2023 жылға арналған бюджетте гигиеналық құралдарға (жөргектер) 365 млн теңге көзделген, норманың ұлғаюына байланысты қаражатқа қосымша қажеттілік (2 жөргектен 4-ке дейін) 190 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 1 ересек адамның еріп-жүруімен (1 адамға 159 005 теңге) ментальды ауытқуы бар 102 баланы (1 балаға 227 150 теңге) санаторий-курорттық емдеумен қамту көзделеді, норманың енгізілуіне байланысты қаражатқа қажеттілік 39 млн теңгені құрайды.
Жоғарыда көрсетілген нормаларды енгізе отырып, қосымша қажеттілік 229 млн теңгені құрайды, ол облыстық бюджетті нақтылау кезінде қаражатты үнемдеу есебінен іздестірілетін болады. Облыста 27,6 мың мүгедек адам бар.
Сонымен қатар әлеуметтік кодексте балалы отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары да көзделген. Оның ішінде бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды ерекше айтуға болады.
Облысымызда 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 1,8 мың адам баласы 1,5 жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты 229 млн теңге көлемінде төлемдер алған.
Облыста 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 7,4 мың көпбалалы отбасына осы жылдың 6 айында 2,7 млрд теңгенің жәрдемақысы төленіпті.
Сондай-ақ «Алтын Алқа», «Күміс Алқа», «I және II дәрежелі Ана даңқы» (18 жастан асқан балалары бар) алқаларымен марапатталған 4519 көпбалалы анаға 6 ай ішінде 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мөлшерінде 610 млн теңгеге жәрдемақы төленген.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап жәрдемақы мөлшерін 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін немесе 25 530 теңгеге (3 450 теңге өсіммен) дейін ұлғайту көзделген көрінеді.
Қазіргі уақытта облыста 6940 қарттар мен мүгедектігі бар адамдар арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылыпты. Оның ішінде стационарлық үлгідегі 10 облыстық медициналық-әлеуметтік мекемеде 2014 адам, қалалар мен аудандар әкімдіктері жанындағы 4 орталықта және 7 бөлімшеде 4247 адам, үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 472 адам әлеуметтік көмек алуда.

 

Осы айдарда

Back to top button