Сайлау-2023ТОП

Жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді

19 наурызда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтеді. Онда 12 миллионға жуық азамат дауыс беріп, өз таңдауын жасайды. Didar газеті алдағы сайлаудың ең басты жаңашылдықтарына шолу ұсынады.

Мәжілістегі маңызды өзгерістер

19 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Парламентінің жетінші сайланған Мәжілісін тарату туралы Жарлық шығарды. Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалады және олардың өкілеттік мерзімі бес жыл болмақ.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізімдер бойынша сайланбақ.

Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мажоритарлық жүйе – саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін әдіс.

Бұған дейін саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдеген еді. Бұрын партия құру үшін құрамындағы адам саны 20 мыңға жетуі тиіс еді, ал қазір 5 мыңға дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінде, әр өңірде кемінде 600 жақтас болуы шарт еді, бүгінде саяси ұйымның тіркелуі үшін әр аймақтан 200 адам жеткілікті.

Партиялардың Парламентке өтуі үшін ең төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға 30% квота сақталады. 

Сайлауға қандай партиялар қатыса алады?

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» – 2002 жылы сәуір айында тіркелген, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген, «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген, «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген, «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген.

Дегенмен, Әділет министрлігінің хабарлауынша, мәслихат депутаттарын сайлауға Respublica партиясы қатыса алмайды және «Байтақ» жасылдар партиясының қатысуына шектеу бар. «Байтақ» саяси партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты, тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында мәслихат депутатын сайлауға қатыса алады. Respublica партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің болмауына байланысты мәслихат сайлауына жіберілмеген.

Мәслихаттарға депутат кандидаттарын ұсыну кеше 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанға дейін жалғасады. «Байтақ» және Respublica партиялары осы кезеңде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашып үлгерген жағдайда тиісті сайлауға қатысуға рұқсат алады.

Қазақстанның басқа бес саяси партиясы мәслихаттар сайлауына еш шектеусіз жіберілді.

Сонымен бірге, Әділет министрлігі тағы екі партияны тіркеуді қарастырып жатыр. «Ел тағдыры», «Ұрпақтар жалғастығы» партияларына тиісті растама құжаттары берілген. Енді олар сьезд өткізіп, 8 ақпанға дейін тіркеліп үлгерсе, сайлауға қатысуы бек мүмкін.

Үміткерді ұсыну, тіркеу кезеңдері

Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі.

18 наурыз – тыныштық күні. Ал 19 наурыз – сайлау күні.

Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс беруді аяқтаудың өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button