Жаңалықтар

Жаңа әкімнің алдына бірқатар нақты міндет қойылды – ШҚО

Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды. Үкімет басшысы жаңа басшының алдына бірқатар міндеттер қойды.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ШҚО-ның барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысып, жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Didar ақпарат Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы таңдалған кандидат  аймақты дамыту үшін өзінің барлық білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенім білдірді.

«Алда атқарылатын жұмыстың ауқымы көп, жаңа әкім барлық қиындықтарды еңсере алатынына сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.

Өңір активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов соңғы 5 жылда облыс орнықты даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айтып өтті. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,7 есе, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,3 есе өскен.

«Облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді дамыту жобалары сәтті іске асырылды. Ондаған әлеуметтік нысандар – мектептер, спорт кешендері, ауруханалар, соның ішінде ана мен бала, гематология, үстел теннисі орталықтары және басқа да көптеген нысандар салынды», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік экономиканы дамыту бойынша жұмысты жалғастыру маңызды екенін айтты.

Премьер-Министр жылумен жабдықтау мәселелерін шешу тақырыбын қозғады.

«Өткен қыста Риддер ЖЭО-да қазандық агрегаттарында 81 авариялық жағдай тіркелді. Қала тұрғындарына қара суық түсісімен дұрыс жылу берілген жоқ. Бұл проблемаларды жаңа жылыту маусымы басталғанға дейін шешу керек. Осыған байланысты облыс әкімдігінің алдында Риддер ЖЭО-ны күрделі жөндеуді және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық ахуал да үлкен алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, Өскемен бүгінде еліміздің экологиялық жағынан ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Сондықтан зиянды қалдықтарды азайту және табиғатты қорғау іс-шараларына инвестицияларды ұлғайту үшін өнеркәсіптік объектілерді жаңғырту қажет.

«Абай облысындағы соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. ШҚО-да 3 млн гектарға жуық мемлекеттік орман қоры бар, сондықтан бұл мәселенің маңызы зор», — деді Үкімет басшысы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button