Спорт

Жаңа чемпионды көреміз бе?

Нұржан Кенжеұлы

Биыл жаңа чемпионды көреміз бе? Қазір футбол жанкүйерлерінің біразын осы бір сұрақ толғандырып жүргені рас. Өйткені Катардағы Мундиальдың жартылай финалына дейін бұрын-соңды Әлем кубогына ие болып көрмеген екі құрама жетіп отыр. Оның бірі – Хорватия да, екіншісі – Марокко.

Бір қызығы, хорваттар үшін жартылай финалға, тіптен финалға шығудың өзі таңсық емес болса, марокколықтардың Әлем біріншілігінің үздік төрттігіне енуі нағыз сенсацияға балануда. Негізі, бұл екі құрамаға қандай мақтау айтса да жарасымды. Қос ұжым да жаһандық доп додасының жүлдесіне лайық екенін іспен, жасыл алаңдағы өнерімен дәлелдеді. Мәселен, Хорватия құрамасы топтық кезеңде азулы Бельгиямен (0:0) тең ойнап, Канаданы 4:1 есебімен сенімді жеңген соң жарыстың 1/8 финалында Германия мен Испанияның «қанын ішкен» Жапонияны тоқтата білді. Ал ширек финалда балқандық ұжым чемпионаттың басты фавориті саналған Бразилияның жолын кесті.

Мықтыларды омақа асыру жағынан Марокко құрамасы да кенде емес. Өз тобынан бірінші орынмен шыққан африкалық команда плей-офтың бірінші сатысында Испанияны, артынша Португалияны тізе бүктіріп, талайдың таңдайын қақтырғаны сөзсіз. «Атлас арыстандары» енді бір қарғыса, финалға шығайын деп тұр.

Осы ретте хорваттар мен марокколықтар жартылайфиналдық белестен сүрінбей өтсе, онда Катар жерінде осымен екінші рет бір-біріне қарсылас атанатынын айтқан жөн. Себебі екі құрама да бір топта өнер көрсеткен.

Аргентина – Хорватия 

Футбол статистикасы бұған дейін Хорватия мен Аргентина құрамалары жасыл алаңда төрт рет кездескенін хабарлап отыр. Әзірге таразы басы тең. Екі құраманың да еншісінде екі жеңіс пен екі жеңіліс бар. Жалпы, Аргентина мен Хорватия құрамаларының жолы алғаш рет 1998 жылғы Әлем чемпионатында түйісіп, топтық кезең аясында өткен сол бір кездесу 1:0 есебімен латынамерикалықтардың пайдасына аяқталған-ды. Бұдан соң қарсыластар арасында екі жолдастық матч өтіп, оның бірінде аргентиналықтар (2:1), екіншісінде хорваттар (3:2) жеңісін тойлаған. Футболсүйер қауым аталмыш екі ұжым арасындағы соңғы ойынды ұмыта қоймауы тиіс. Себебі ол кездесуде Месси бастаған Аргентина құрамасы Хорватиядан 0:3 есебімен ойсырай жеңілген еді. Бұл 2018 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңі болатын.

Дегенмен, ендігі жағдай басқа. Себебі бұл ойынның жеңімпазы финалдың жолдамасын қалтаға салады. Біздің ойымызша, аса тартысты өтетін бұл кездесуде Марадонаның отандастары жеңіске жетуі тиіс. Бұл пікірімізбен футбол сарапшылары да келісіп отыр. Олардың үкімі – алдағы ойын Аргентина құрамасының жеңісімен аяқталады.

Франция – Марокко

Бұл матчтың да айқын фавориті бар. Ол – Франция командасы. «Үш жолақтылар» өз күшіне сенімді, тіпті  Марокко құрамасының соңғы ойындардағы нәтижелері де састырмайтындай оларды. Мбаппе мен Гризманндарымыз аман болса, финалға берілетін бір жолдама біздікі, дейді олар.

Ал енді қос құраманың осыған дейін өткізген екеуара матчтарының нәтижелеріне тоқталсақ, Франция мен Марокко аяқдопшылары жасыл алаңда небары екі-ақ рет кездесіпті. Бұл екі ойын да жолдастық сипатқа ие болған екен. Демек, алдағы кездесу қос құраманың ресми дәрежедегі алғашқы матчы болмақ. Ал осыған дейінгі ойындардың бірінде Франция жеңіске жетсе (1:0), енді бірінде тең нәтиже тіркелгенін (2:2) айтқан абзал.

Сіздің болжам

 «Сіздің болжам» сайысына қатысушылар Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

Осы айдарда

Back to top button