Мәдениет

Жан сырын бимен жеткізді

Жан сырын бимен жеткізді


Иә, олар тумысынан даладағы құстардың сайрағанын, бұлақтың сылдыры мен жапырақтың сыбдырын, тіпті өзін өмірге әкелген аяулы анасының мейірімге толы дауысын ести алмаса да, өмірге, өнерге өте құштар. Өскеменде өткен мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған би ұжымдарының VII республикалық байқауы бұл сөзімізге нақты дәлел.

Сайысқа Астана, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Тараз сияқты еліміздің оннан астам қаласынан талантты бишілер қатысып, би өнерінің құдіреті арқылы қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.

Шараны ұйымдастырушы мүгедектер ұйымының басшысы Елена Баустың айтуынша, байқаудың алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 120 өнерпаз сиқырлы да сырлы би өнеріндегі қабілеттерін ортаға салып, «Халықтық би» және «Заманауи би» аталымдары бойынша сынға түсті.
Гала-концерт өтетін байқаудың екінші күні Орталық мәдениет сарайына лық толған халық мың бұралған бишілердің ең үздік деген қойылымдарын тамашалауға асықты.

– Осымен жетінші рет өткізіліп отырған республикалық байқау бірде ыммен өлең айту, клоунада сияқты өнер түрлеріне арналса, биылғы байқау бимен танылып жүрген дарынды жастарға арналды. Осындай байқаулар арқылы мүмкіндігі шектелген жастарымыздың шығармашылық өнерге деген талпыныстарын арттырып, дамуына қолдау көрсетеміз, – дейді «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Тумбетов.
Ақтөбе қаласындағы мәдениет үйінің басшысы Гүлвира Біржанова айтып өткендей, мұндай басқосулар әр өңірдегі өнерлі жастардың бір-бірімен танысып, араласып, тәжірибе алмасуы үшін де маңызды.

Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен жоғары кәсіби шеберлігі үшін ақтөбелік «Жалын», өскемендік «Мечта» би ансамбльдері бірінші, ал мәдениет пен өнердің ордасы – Алматы қаласынан келген «Өрлеу» тобы мен семейлік «Биші арулар» тобы екінші, талдықорғандық «Жетісу» мен қарағандылық «Меруерт» ән-би ансамбльдері жүлделі үшінші орындарға ие болды.

Ал «Көктем» биімен көрермендерді өзіне баурап алған қостанайлық «Томирис» тобы бас жүлдеге ие болып, республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаз команда арнайы кубок, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар өнерпаздарды көлікпен және тамақпен қамтамасыз етіп, қаржылай қолдау білдірген «Қазцинк», «Бақыршық кен-байыту кәсіпорны», «Пицца блюз», «Нұр іскер», «Шығыс таңы» қатарлы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына демеушілік көрсеткендері үшін зор алғыстарын жеткізді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button