Мәдениет

«Жан домбыра» өмірдің өзінен алынған

«Жан домбыра» өмірдің өзінен алынған
2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне дүние жүзінен миллиондаған жан жиналмақ. Осы елдің иесі кім, Қазақстан қандай ел, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, діні мен тілі қандай деген сауал сол көрмеге қатысушыларды да, тамашалаушыларды да қызықтырары аян. Қызығып қана қоймай, кетерлерінде естелікке бір-бір кәдесый ала кетері белгілі.
Ол кәдесый ұлтымыздың бойына біткен тұтас бітім, болмысын көрсете алатындай дүние болып жатса ғана ғанибет. Себебі, бүгінгі күні астындағы арғымағы есекке, төбесіндегі дулығасы кепешке ұқсайтын батырлар бейнесіндегі, төңкерілген астаудан айнымайтын кигіз үй кейпіндегі толып жатқан түрлі ұлттық кәдесыйлар көбейіп кетті.
Өскеменде тұратын қолөнер шебері Бақыт Кеңшілікұлы көзбояушылықпен жасалған мұндай бұйымдар ұлтымыздың бүгіні мен өткенінен бейхабар шеберлердің қолынан шыққанын айтады. Нағыз шебер өнерді бұлай қорлап, қиянат жасамайды.
Монғолиядан ата жұртқа көшіп келгеннен бергі уақытта «Шаңырақ», «Елім-ай», «Қобыз құдыреті» деп кете беретін 30-дан астам тақырыпты қамтыған туынды түрлерін жасаған оның кәдесыйларының көпшілігінің атауы өмірдің өзінен алынған екен.
– Бірде автобуста маған бір қазақ келіншегі жолығып, өзінің мені танығандығын айтып, домбыра жасап беруімді өтінді. Домбыраны алуға келген жолы ағынан жарылып алғысын айтып, күйеуінің ішкілікке салынып жүргенін, отбасын көңілсіздік жайлап, берекеті қаша бастағанын, домбыраны сол күйеуі «тыңқылдатып» отырсын деп жасатқанын айтты. Домбыра қоңыр дауысты, келісті болып шықты. Егер жары айтқандай домбыра шерте білетін жан болса, домбырамның оның көңілінен әбден шығатынына менің де сенімім мол болды. Бір жылдай уақыт өткен соң әлгі келіншек маған телефон соғып, рахметін айтып, домбыраның үйінің төрінде ілулі тұрғанын айтып, алғысын жаудырды кеп. Иә, сәтті шыққан дүниеңе көңілі толған адамдар осылай телефон шалып, хабарласып жататын. Сөйтсем, оның айтпағы басқа екен, сол домбыраны әлгі келіншектің күйеуі күнде кешкісін күмбірлетіп, шерін басқандай болып, бірте-бірте кешкісін жұмыстан үйіне асығатын болып, ақыры арағын ішуді азайтыпты. Бұл жағдайды мен қара домбыраның қасиеті деп білдім. Домбыраны төрде ілулі тұруы тиіс деп жататынымыздың бір сыры да сонда ғой. Менің «Жан домбыра» деп аталатын кәдесыйым осы уақиғадан кейін іле-шала өмірге келді. Оның бірін емес бірнешеуін жасадым. Бәрі де өз тұтынушысын тапты, – дейді Бақыт шебер.
Бақыт Кеңшілікұлының «Қобыз құдыреті» деген туындысы қазақтың ұлттық қолөнерінің кішкентай бөлшегі, белгісі болып, өткен жылы ресейлік бағдарламаға қатысқан жерлестеріміздің бірімен «Поле чудеске» де жетіпті.
Шебердің қай кәдесыйы болмасын жан дүниесінен жүрек талғамымен өріліп шыққан шығарма. Кәдесый ретінде жасалған кішкентай, бар болғаны бес-алты сантиметрлік қобыздың көзге көрінер – көрінбес шегіне қолыңыз тиіп кетсе, күңіренген дауысы құлаққа жетіп, көңіліңіздің сезім қылын шертіп қоя береді, сіз мұндай туындыны тек нағыз шебердің шебері жасайтындығын аңғарасыз. Оның қолынан шыққан ұлттық нақыштағы кәдесыйлардың бір бөлігі республикада ұйымдастырылып келе жатқан жыл сайынғы ұлттық қолөнер бұйымдары көрмелері арқылы еліміздегі танымал тұлғалар тарапынан сұраныс тауып жатса, енді бір бөлігін шетелдік туристер мен қонақтар сатып алып жүр.

Шығыстың брендтерін шығармасына арқау етпек

Шебердің ендігі жоспары – Шығыс Қазақстандағы Берел қорғаны, маржанды Марқакөл мен мұнартқан Мұзтау, алтын мен күмістің, мыстың мекеніне айналған Кенді Алтайдың кеніштері сияқты өз облысымызға тән табиғи ерекшеліктер мен ғажайып тарихи ескерткіштерді, жетістіктерді паш ететіндей кәдесыйлар сериясын жасау.
Бақыт өзгелер сияқты қолөнермен қосалқы жұмыс ретінде айналысып жүрген жоқ. Ата-бабасынан қалған ата кәсіпке бар ынта-жігерін беріп, одан түскен азын- аулақ табысты күнкөріс етіп келеді.
– Осы қолөнерімнің арқасында бала – шағамды асырап жатсам, бұған кешегі жарықтық Зұлқарнайын атам мен әкемнің, училище қабырғасында тәлім – тәрбие берген ұстаздарымның арқасында қол жеткіздім, – дейді ол.
1984 жылы орта мектепті бітірген бойы Бақыт туған- туысқандарының кеңесімен Ресейдің Брянск қаласындағы ағаш технологтарын дайындайтын училищеге оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, Ұлан-Батордағы Моңғолия ұлттық мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетінде жоғары білім алып, қолөнердің қыр – сырына бойлап, шыңдалып шығады.
Бүгінгі күні шебер өзінің аядай ғана шеберханасында қасиетті қара домбырадан бастап, сыбызғы, қобыз тәрізді ұлт аспаптарын, бесік, кәдесыйлар, астау, қазақы дөңгелек үстел сияқты үй жиһаздарын жасауда.
Қазіргі уақытта ұлттық қолөнерге деген көзқарас өзгеріп, кеш те болса жоғымызды түгендеп, ескімізді жаңғыртып, барымызды бағалай бастадық. Бірақ қалалық тұрмыс сәнге айналып, техникалық прогресс қарыштаған бүгінгі күні қазақтың қолөнері бәрібір тасада қала беруде. «Көрме өткенде әке-көке деп шақырып, аттай қалап алдыртып алған дүниеміз көрме біткен соң ешкімге керек болмай қалады. Көрме өткенше керекпін, көрме өткен соң қажеті жоқ кебекпін. Шара біткен соң шарасыз болып қаламыз», деп еді кейіп бір жолы өзімен әңгімелескен бір шебер апайымыз. Тоқсан ауыз сөздің түйіні, қазақтың қолөнерін ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нағыз шеберлерге шынайы қолдау керек. Бүгінгі мақаламызды алтын қолды сондай шебердің бірінің қолөнеріне арнап отыруымыздың да мақсаты сонда.

Осы айдарда

Back to top button