Жамбылдық оқушылардың жұлдызы жарқырады

Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен Өскеменде өткен облыстық пәндік олимпиадада дарынды балаларға арналған Жамбыл мектеп-гимназиясының жарқырап көрінді. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша алған мектептің командасы «Үздік олимпиадалық команда-2018» аталымында 2 орынды иеленіді.
«Дарын» орталығының директоры Ж.Айтбаева мектебіміздің дарынды оқушыларын ІІ дәрежелі дипломмен марапаттап, жеңімпаз кубогын табыстады. Аталған зияткерлік білім бәсекесіне мектеп бойынша барлығы 27 оқушы қатысса, оның 4-еуі І орын, 2 оқушы ІІ орын, 9 оқушы ІІІ орынды иеленді.
«Дарынды оқушыны дарынды ұстаз тәрбиелейді» демекші, зияткерлік сайыста жеңіс тұғырынан көрінген дарынды оқушыларды жыл көлемінде жарысқа баптап, дайындап, тынбай еңбек еткен ұстаздарымызға мектеп әкімшілігі атынан алғыс жарияланып, дипломдар табысталды. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – М.Мұқашева, физика пәні мұғалімі Б.Қасымова, химия пәні мұғалімі – Г.Жүнісова, орыс тілі пәні мұғалімдері – Р.Байсаринова мен И.Торгузова, М.Бакимбаева, математика пәні мұғалімдері – Г.Көкенова мен Г.Ибраева, құқық пәні мұғалімі – Г.Отарбаева, биология пәні мұғалімі – А.Дәулетханқызы, ағылшын пәні мұғалімі Қ.Сағындықова, информатика пәні мұғалімі – М.Наурызбаева бар.
Бұл жеңіс- гимназиямыз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Бұл жеңіс мектебіміздегі дарынды оқушыларды олимпиадаларға дайындау және дарынды балалармен жұмыстың дұрыс жолға қойылғандығын көрсетеді. Мәселен, өткен 2016-2017 оқу жылында да мектеп-гимназияның оқушылары әртүрлі деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадаларға 100 пайыз қатысып, ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерге жеткен болатын. Мұндай жеңіс тұғырына жетелеп жүрген мектебіміздің ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары- Б.Ауғанбаеваның да елеулі еңбегін ерекше айтқанымыз жөн. «Дарын» орталығының директоры Ж.Айтбаева Б.Ауғанбаеваны «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбындағы облыстық семинарда «Дарынды балалармен жұмыс жөніндегі үздік үйлестіруші» аталымы бойынша дипломмен марапаттады. Ендеше, біз, ұстаздар қауымы үшін әрбір оқушы – жұлдыз, оның жарқырауына жәрдемші бола беретініміз сөзсіз.
Жания Алдебаева,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Өскемен қаласы