Білім

Жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген балабақша директорлары да бар

Жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген балабақша директорлары да бар

Облыстық прокуратура органдары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне тексеру жүргізді. Нәтижесінде 690 заң бұзушылық анықталған.
Тексеру көрсеткендей, ең өзекті мәселе балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне орналастыру жағдайы болып тұр. Қазірдің өзінде өңірдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 15 933 орын жетіспейді. Әсіресе, Семейде балабақшаға орналастыру мәселесі қиын. Өскемен қаласында бұл көрсеткіш бес есеге аз. Риддер қаласында – 7,7 пайыз, ал Зырян ауданында – 5,8 пайызды құрайды.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезек сақтамай орналастыру жағдайлары тіркеліп отыр. Мысалы, 2013 жылы Семей қаласының балабақшаларына кезектен тыс 1100 бала орналастырылған. Ал кезекте тұрған 898 бала әлі күнге дейін бала бақшаға бара алмай отыр. Осындай фактілер Риддер, Курчатов қалаларында, Шемонайха, Күршім, Көкпекті, Жарма, Зырян, Бесқарағай, Зайсан аудандарында да жиі кездеседі. Айтпақшы, Семей қаласында 2013 жылы бір де бір мектепке дейінгі білім беру мекемесі салынбаған, жаңа құрылыс биыл да қарастырылмапты.
Мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейін) кезекке қою жұмыстарын мемлекеттік қызметкерлер атқаратынына қарамастан бұл жұмыс тым сылбыр. Мысалы, Күршім ауданы ауылдық округтерінің әкімдері аталған жұмысты мектеп директорлары мен балабақшалардың меңгерушілеріне жүктеген. Аягөз ауданының Ақтоғай ауылдық әкімінің аппараты балаларды кезекке мүлде қоймаған, нәтижесінде, 17 баланың мектепке дейінгі білім беру мекемесіне орналасу құқықтарына нұқсан келген.

Ата-аналардан заңсыз ақша жинау фактілері тіркелді

Өскемен қаласының мектепке дейінгі білім беру мемлекеттік мекемелерінде балалардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен алынатын ай сайынғы ақы мөлшеріне Заңнамада қарастырылмаған шығындарды енгізу фактілері анықталып отыр.
Мысалы, Өскемен қалалық білім беру бөлімі басшысының бұйрығымен 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тамақтануды есептемегенде, балалардың шығармашылық бастамасын қолдауды қамтамасыз ету үшін материалдарды сатып алу шығындары және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақы төлеу шығындары енгізілген, оның бағасы 1500 теңгені құрайды. Бұл – заңға қайшы. Сонымен қатар, Өскемен қаласындағы шағын орталықтарда қосымша заттар (стендтер, перделер) сатып алу, мекемені күзету үшін ақшалай қаражаты заңсыз жинау фактілері орын алған. №15 орта мектептің шағын орталығында ай сайын ата-аналардан «Аламат» ЖШС күзетіне 150 теңге қаражат жиналып, «ата-аналардың бастамасы» түрінде мектепке қосымша заттар сатып алынатыны анықталды, мұны ата-аналардың көптеген шағымдары көрсетіп отыр.
Тексеріс барысында денсаулық сақтау заңының, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық заңнамалардың орындалмағаны анықталды. Катонқарағай ауданының «Балауса», «Күншуақ», «Еркетай» балабақшаларының медициналық кабинеттерінде медициналық қызметпен айналысу лицензиялары болмаған. Күршім ауданында жұмыс істейтін бір балабақшада және 18 шағын орталықта, Катонқарағай ауданының бір шағын орталығында мектепке дейінгі білім берумен айналысуға рұқсат беретін лицензиялары мүлде болмаған.
Ал Көкпекті ауылындағы балабақшалардың бірінде шулы мәселе қаралды. Мұндағы мекеме меңгерушісінің дипломы жалған болып шыққан. Оны тергеу барысында, жалған диплом иесі қылмыстық іс қозғамау мақсатында қаржы полициясы инспекторына пара ұсынған.
Балабақша меңгерушісі қызметіне С. есімді азаматша 2011 жылдың тамыз айында орналасыпты. Құжаттар тапсыру барысында ол Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша бітіргендігі жөнінде диплом ұсынған. «Жоғары білімді» маманның қылмысы екі жарым жылдан кейін бірақ әшкереленді. Артынан анықталғандай азаматаша С. университетте мүлдем оқымаған, дипломды бәзбір танысынан 2003 жылы 180 мың теңгеге сатып алған болып шықты.
– Күдіктіден түсініктеме алу үшін қаржы полициясы басқармасына шақырған кезде ол инспекторды тергеу материалдарын құртып жіберуге, жалған құжат жасау бойынша қылмыстық іс қозғамауға үгіттеген. Бірнеше күннен кейін ол қаржы полициясына тағы да шақыртылды. Түсініктеме беру барысында азаматша С. инспектордың алдына қағаз ақшаларды қойып, пара ұсынған. Қаржы полициясы қызметкерлері оны пара беру сәтінде, қылмыс үстінде ұстады, – дейді облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Лейла Искакова.
Енді балабақшаның бұрынғы меңгерушісі жалған құжат жасағандығы ғана емес, қаржы полициясына пара ұсынғандығы үшін де қылмыстық жауапқа тартылатын болады.

Бір топта 25 бүлдіршіннен артық болмауы керек

Тағы бір мәселе. Семей қаласы, Катонқарағай, Аягөз, Зайсан аудандарының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында температуралық режим сақталмайды.
Мысалы, оқыту, жатын бөлмелерде жылыту маусымы мерзімінде ауаның температурасы +18, +22 градус болуы керек. Семей қаласының №13 «Солнышко» балабақшасының жатын бөлмесін тексеру кезінде ауа температурасы +140 С , ойын бөлмесінде +170 С құраған.
Тағы да бір өзекті мәселеге – мектепке дейінгі мекемелердегі топтардың тығыздығы. Мысалы, Өскемен, Семей қалаларында, Шемонайха, Зайсан аудандарының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде топтардағы бала саны қойылған талаптарға сай келмейді. Белгіленген нормаға сәйкес бір топта 25 бала болуы тиіс. Тексеріс нәтижелері көрсеткендей, топтарда отыз не одан да көп бала болған. Бұл – санитарлық нормаларға сай келмейді және балалардың жұқпалы аурулармен науқастануына себеп болады екен.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button