Қоғам

Жабдықталу деңгейін жоғары бағалады

 Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиологиялық ахуал мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп /бұл жөнінде газетіміздің өткен санында мақала жарияланды/, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Премьер-Министрдің орынбасары 150 төсекке арналған бұрынғы ЖЖМЖ базасындағы пульмонологиялық орталыққа барды. 15 қарашаға қарай мұнда  тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі өз жұмысын бастайды. Барлық қажетті заманауи жабдықтар, соның ішінде компьютерлік томография аппараты жеткізілді. Әр бөлмеде оттегі розеткалары бар. Сондай-ақ пульмонология орталығында өзінің ПТР-зертханасы жұмыс істейтін болады.

Ералы Тоғжанов  облыстық мамандандырылған медициналық орталығының, ана мен бала орталығының, сондай-ақ онкология және хирургия орталығының жабдықталу деңгейін жоғары бағалады. Ана мен бала орталығында балалар нейрохирургиясы және кардиохирургия, травматология, офтальмология, оңалту қызметтері жұмыс істейді. Айта кетейік, дәрігерлер бірегей офтальмологиялық жабдықтың көмегімен 38 шала туған баланың көру қабілетін сақтап қалды. Онкология және хирургия орталығында бүгінде  – компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография іске қосылған. Мамандар үшінші жыл қатарынан мұнда 128 бөлікке арналған бірегей компьютерлік томографпен жұмыс істейді. Елімізде осындай 3 КТ аппараты бар, оның ішінде екеуі – Өскеменде және біреуі Нұр-Сұлтанда. Өткен жылы орталыққа 3  магниттік-резонанстық томограф сатып алынды. Қазір МРТ аппаратын орнату жұмыстары жүргізілуде.

–  Заманауи медициналық жабдықтар адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге, өмірін сақтап қалуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігі, олардың кәсіби дайындығы үлкен маңызға ие. Медицинадағы басты мәселе – ауруларды диагностикалау. Шығыс Қазақстанда ауруларды ерте кезеңдерде дәл, жылдам және тиімді диагностикалау үшін барлық мүмкіндіктер бар екені қуантады. Онкология саласында сіздердің тәжірибелеріңіз біз үшін өте маңызды. Қазір елордада үлкен  онкологиялық орталық салынуда, біз сіздерден ұсыныстар алуға қуаныштымыз, – деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар вице-премьер бастаған делегация “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген әлеуметтік нысандарды аралады. Осындай нысандардың ішінде “Жанұя” отбасын қолдау орталығы бар, енді қала тұрғындары “бір терезе” қағидаты бойынша АӘК алу, жұмысқа орналасу, өз ісін ашу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ заңгерлік және психологиялық көмек алу бойынша сұрақтарға жауап ала алады.

Осыдан кейін делегация Өскемендегі ең танымал балалар мекемелерінің бірі – жаңартылған жас техниктер станциясында болды. Енді балалар шығармашылық үйірмелерге үлкен қызығушылықпен қатысады, өйткені ЖТС жаңа заманауи дизайн, жайлы интерьер ғана емес, сонымен қатар жаңа бағыттар пайда болды:  ұшқышсыз ұшу аппараттары, 3D-модельдеу, бағдарламалау.

Ералы Тоғжанов “Ертіс концерт” ғимаратында жүргізілген жұмыстарға да риза болды. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін облыс тұрғындары алдында мәдениет және өнер ошағының жаңартылған залдары, оның ішінде 744 орынға арналған концерт залы ашылады.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларымен танысты. Ғылыми қызметкерлер  МРТ үшін  жоғары өткізгіш сым жасау, титан, тантал және ниобийден имплантаттар шығару, мырыш пен қорғасын алудың пирометаллургиялық процестерін жаңғырту бойынша жұмыс істеуде. Ералы Тоғжанов аталған әзірлемелердің маңыздылығы мен перспективаларын, еліміздің ғалымдары мен техникалық жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ  БҒМ-ге университетпен бірлесіп әзірлемелер бағытындағы жұмысты күшейтуді, ал ЖОО-ға жобаларды іске асыру нарығын кеңейту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button