Қоғам

Жаңажылдық мерекені жарқын көңілмен қарсы алды

Президент шыршасы

Жаңажылдық мерекені жарқын көңілмен қарсы алды

Жаңа жыл – сиқырлы да ғажайып мереке. Өйткені, бұл мерекеде ертегі кейіпкерлерінің барлығы да жап-жасыл шырша түбіне жиналады. Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ шыршасы мен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ жаңажылдық шыршасын шығысқазақстандық балалар да ерекше көңілді өткізді.

Балаларға арналған Президент және облыс әкімінің жаңажылдық шырша мерекесі бұл жолы Өскемендегі облыстық драма театрының жаңа ғимаратында өтті. Еңселі өнер ошағын алғаш рет көрген өңіріміздің аудандары мен қалаларынан келген балдырғандар өз таңданыстарын жасыра алмады.
– Шынында да, театр ғимараты әдемі екен. Жаңажылдық шырша мерекесінің осында өткеніне балалар ерекше қуанышты. Оның үстіне, іші де керемет безендіріліпті. Балалардың киімдері қандай ғажап, – дейді Зайсан ауданы білім бөлімінің әдіскері Сайраш Сакибаева. Оның айтуынша, Зайсан ауданынан жаңажылдық шыршаға барлығы 8 бала келген көрінеді. Оның 6-уы Президент, ал қалған екеуі облыс әкімінің шыршасына қатысу бақытына ие болыпты.
Жалпы, биылғы Президент шыршасына облыс бойынша 9-13 жас аралығындағы барлығы 180 бала қатысты. Олардың арасында жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған және көпбалалы отбасының балалары мен дарынды бүлдіршіндер де бар.

Жаңажылдық мерекені жарқын көңілмен қарсы алды

Жаңажылдық шырша мерекесіне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, балалардың қуанышын бірге бөлісті.
Жаңажылдық мереке әнсіз, күйсіз, бисіз болушы ма еді?! Ал ән салып, күй тарту үшін ноталар өз орнында болуы керек. Бірақ, до, ре, ми, фа, соль, ля, си ноталарын түгендеген кезде, ми нотасының жоқ екені анықталады. Сонда, ми нотасы қайда? Жаңажылға жиналған балалар аяқастынан жоғалған нотаны іздеп, Шығыс еліне саяхатқа шығады. Шығыс еліне сапарлап барған бүлдіршіндерді күн астындағы Күнекей қыз бен Алладин қарсы алады. Ми нотасын табу үшін балдырғандарға небір жұмбақтар шешіп, өздерінің зерделі де зерек екендіктерін дәлелдеуге тура келеді. Тіпті, олар ми нотасын іздеу барысында теңіз қарақшыларымен де бетпе-бет келеді. Осылай басталған шым-шытырық оқиға ақыры жақсылықпен бітеді. Ми нотасын табуға ақ сақалды Аяз атаның өзі көмектесіп, тосынсый жасайды. Сөйтсек, ми нотасы Ақшақардың өзі болып шығады. Осылайша, ән де айтылып, күй де шертіліп, би де биленіп, нағыз думан басталады.

Жаңажылдық мерекені жарқын көңілмен қарсы алды

Бір сәт балалардың назары үлкен экранға ауып, Мемлекет басшысының бейнеқұттықтауын тамашалады.
– Құрметті балалар! Жаңа жыл – жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті барлығымыз оны асыға күтеміз. Бүгін шырша тойы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз сендердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл – әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті Отанымыздың, күллі қазақ елінің қалауы. Қазақстан бұл күнде әлемге бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның әлемдік беделін арттыруға өздерің де есейгенде үлес қосасыздар деп сенемін. Өйткені сендер – рухы биік, тәуелсіз мемлекетіміздің зерек те зерделі ұлдарысыңдар, – деді Елбасы.
– Мен Президент шыршасына алғаш рет қатысып отырмын. Келе жатқан мешін жылы бәрімізге қуаныш әкелсін, – дейді Катонқарағай ауданы Өрел ауылынан келген Дарын Өмірзақов. 6-сыныпта оқитын Дарын жаңажылдық шыршаға маймылдың костюмін киюді жөн деп тауыпты. Біз Дарыннан маймылдың қандай жақсы қасиеттері барын сұрадық.
– Маймыл – ақылды хайуан. Өздігінен ешкімге соқтықпайды, ал біреу соқтыға қалса, оңдырмайды, – дейді Дарын жымиып.

Жаңажылдық мерекені жарқын көңілмен қарсы алды

Ата анасынан жастай айырылған Дарын қазір қамқоршы отбасында тәрбиеленіп жатыр.
– Жалпы, Катонқарағай ауданы бойынша барлығы 69 жетім бала бар. Олардың 30-ы тұлдыр жетім болса, 39-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Олардың бәрі Жаңа жылда сыйлықсыз қалмайды, – дейді қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің маманы Айнұр Қожағұлова.
Түстен кейін облыстық драма театрында облыс әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті. Оған барлығы 160 бала қатысты. Мерекеге жиналған балдырғандарды облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
¬- Қымбатты балалар! Сіздерді келе жатқан ең тамаша, ең қуанышты, ең көрікті мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Осындай тамаша күнде мен сіздерге тек жақсылық тілеймін. Қымбатты балаларымыз бақытты болсын. Сіздер – біздің байлығымызсыздар, сіздер – біздің даңқымызсыздар. Біздің тамаша еліміз бар, кең байтақ жеріміз бар, Ұлы Президентіміз бар. Ұлы Президентімізбен, сүйікті Отанымызбен мақтаныңыздар, – деген облыс әкімі балаларға зор денсаулық, оқуда табыс пен жақсылық тіледі.
Балалар үшін Жаңа жыл – жаңа базарлықтар мерекесі екені де шындық. Президенттің атынан облысымызда өткен жаңажылдық шырша мен облыс әкімінің шыршасына қатысқан балдырғандардың барлығына да сыйлықтар мен тәттіге толы дорбалар сыйға берілді. Сондай-ақ, олар өздерінің уақыттарын мәнді де мағыналы өткізіп, мұражайларды аралап, балаларға арналған «Қызыл телпек» қойылымын тамашалады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button