Білім

Жаңа жүйені жатырқаудың қажеті жоқ

Жаңа жүйені жатырқаудың қажеті жоқ


Биыл еліміздегі орта білім беретін оқу орындарына білім берудің жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған орай ата-аналарды алаңдатып отырған сауалдар да аз емес. «Сабақ уақыты 45 минуттан 40 минутқа қысқартылғанда, мұғалім сыныптағы 25-30 оқушыдан үй тапсырмасын сұрап және жаңа тақырыпты игертіп үлгере ме?», «1, 2, 5, 7 сыныптардың бес күндік оқуға көшуіне байланысты каникулдар мерзімі қысқара ма?», «Жаңа оқу бағдарламасына сай оқулықтар жеткілікті ме?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Өңіріміздегі білім саласын дамыту мақсатында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Облыста жаңа оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына көшкен 1, 2, 5, 7 сынып оқушылары толығымен қажетті оқулықтармен қамтылды. Қазіргі таңда облыста мектептер 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілді. Облыстың білім беру мекемелеріндегі компьютерлік парк 20633 бірлікті құрайы, ауыл мектептерінде 13229 бірлік компьютерлік техника бар, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталады. Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленген. Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11-сыныптарда күзгі каникул 31 қазан-6 қараша аралығында 7 күн, қысқы 30 желтоқсан-8 қаңтар аралығында 10 күн, көктемгі 21 наурыз-2 сәуір аралығында 13 күн болса, мектепалды даярлық сыныптарында күзгі каникул – 7, қысқы – 14, көктемгі – 15 күн. Бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері аралығында 7 күндік қосымша каникул белгіленді. Ата-аналар қауымдастықтары мен сарапшылардың ұсыныстары бойынша үйге берілетін тапсырмалардың көлемі де едәуір азайды.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі жаһандануға қадам басқан ақпарат заманында қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін оқушыларға математика, сауатты жазу сияқты білім берумен қатар сыни, шығармашылық ойлауға, топ ішінде жұмыс істеп, өз ойын еркін жеткізуге үйрету керек. Балалардың ынтасын арттырып, көшбасшылық қасиетін дамыту міндеті осы жаңартылған орта білім жүйесіне енген. Енді мектептер апталық оқу жүктемесін өздері бекітетін болады. 1-11 сыныптардағы апталық оқу жүктемесі 22-39 сағат аралығында.

– Бес күндік оқу дұрыс деп есептеймін,-дейді №8 орта мектебінің директоры Раиса Ескендірова.- Екі күн демалған балалар дүйсенбіге дейін тынығып, сабаққа жаңа ой-идеямен кіріседі. Ал сенбі күні баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға уақыт табылады.

Бес күндік оқуға алғашқылардың бірі болып көшкен білім ордасы-№30 жалпы білім беретін орта мектебі. –Жаңартылған білім мазмұнына сай биыл мектебіміздегі 1-4 сынып және 5,7 сынып оқушылары аптасына бес күн оқитын болды,-дейді мектеп директоры Дмитрий Журавлев.- Оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен және бір ғана спорт залы болғандықтан өзге сынып оқушылары бұрынғыша оқитын болады.

Бүгінде дүкен сөрелерінен бес күндік оқуға байланысты жаңадан шыққан бес күндік күнделік іздеп сабылған ата-ананың қарасы көбейді. Жағдайды пайдаланған пысықай алыпсатарлар әдеттегі бағасы 250-270 теңге тұратын бұрынғы күнделіктен сәл өзгешелеу жаңа күнделіктерді 600-800 теңгеден саудалауда. Алайда сала министрлігі тарапынан міндетті түрде бес күндік күнделікті ғана пайдалану керек деген нұсқау болмаған. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, биылғы оқу жылында 1-11 сынып оқушылары үшін алты күндік күнделіктер жарамды. Сондықтан бес күндік күнделіктерді сатып алу міндетті емес.

– Ватсап желісіндегі «Ата-аналар комитеті» тобына тамыз айының соңында «Бұрынғы күнделікті сатып алмаңыздар, білім саласындағы өзгерістерге байланысты күнделік те өзгереді» деген хабарландырудан соң жаңа үлгідегі күнделікті аяғымыздан таусылып жүріп, қаладағы бүкіл сауда орындарынан іздеп, әзер дегенде тауып, сатып алдық. Енді әбден оқу жылы басталып, барлық құрал-жабдықтарды сатып алған соң, бұрынғы күнделік те жарайды деп естіп жатырмыз, -дейді бастауыш сыныптарда балалары оқитын ата-аналар.

Оқушыларды тасымалдау жағы қалай?

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, мектебі жоқ шалғай ауылдардан мектебі бар елді мекендерге оқушыларды тасымалдау мәселесі биылғы оқу жылында толық шешілген. Тасымалдауға жатпайтын елді мекен балалары мектеп жанындағы интернаттарға орналастырылған.

Тарбағатай аудандық білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, мектебі жоқ елді мекендерден оқушыларды тасымалдау аудан бойынша толық шешімін тауып, мектепке оқушылар автобустармен тасымалдануда. 9 мектепке 11 елді мекеннен 172 оқушы тасымалданады. Аудандағы барлық мектеп компьютермен қамтылған. Былтырғы оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің компьютермен қамтылуы жеті оқушыға бір компьютерді құрады. Тарбағатай ауданындағы 50 мектептің барлығына ғаламтор желісі қолжетімді болса, кеңжолақты ғаламторға 11 мектеп қосылыпты (22%).

Ата-аналар арасында «Қағазбастылықтан құтыламыз деп жүргенде, енді темірбастылыққа ұрынып, білім сапасы төмендеп кетпес пе екен» деген күдік те жоқ емес. Өйткені, мұғалім сыныптағы 25-30 баланың күнделігіне бір баға қойса, ол бағаны сынып журналына да қояды. Енді ол баға мен үй тапсырмаларын электронды күнделікке жазып отыруы тиіс.

Бұл орайда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова былай деді: -Білім беру мекемелерінің оқушылары үшін электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «Күнделік» қанатқақты жобасын енгізу аясында облыстың 391 мектебі аталған жүйеге қосылған. Әдеттегі қағаз журналдың жай-жапсарына ұқсайтын электронды журналдың барша сыныпқа немесе жеке оқушыларға үй тапсырмаларын беріп, олардың орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік беретін интерактивті модуль ретіндегі, сонымен қатар стандартты ведомостарды және өзге де есеп берулерді автоматты түрде құрастыру сияқты мүмкіндіктері мол. Білім беру үрдісіне инновацияларды, оның ішінде цифрлы технологияларды енгізу оқушылардың білім сапасын арттыру және жалпы мектептің қызметін тиімді ету мақсатында іске асуда. Оларды оңтайлы қолдану оң нәтиже береді. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 31 қаңардағы №39 бұйрығына сәйкес, электронды журналды қолданып отырған білім мекемелері оның қағаз жүзіндегі түрінен толық бас тарта алады.

«Күнделік» жобасы қазір еліміздегі төрт мың мектепті қамтып отыр. Министрліктің мәліметінше, жүйеге 2,5 миллион адам тіркелген. Бұл мәселе жайында Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Нағызханқызы: -Электронды күнделікпен аудан мектептері былтырғы 2016-2017 оқу жылынан бастап жұмыс жүргізуде. Электронды күнделікте баға қоры толығымен сақталады. Бұл мұғалімдердің сапалы білім беруіне еш кедергі келтірмейді. Білім беру саласындағы биылғы өзгерістер туралы аудандағы мектеп ұстаздарының ой-пікірі жақсы. 1, 2, 5, 7-сыныптардың жаңа оқу бағдарламасына сай ауданда кітаптар, бес күндік күнделіктер толығымен жеткілікті. Барлық мектептер оқулықтармен толық қамтылды.

Бес күндік білім беруге байланысты жоба бүгінгі күні аудан мектептерінде ұстаздар мен ата-аналармен бірлесе өткізілген жиналыстарда талқыланды.
Үштілді білім беруге көшу шеңберінде бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарында ағылшын тілін оқытуға бөлінген сағат саны көбейтілген. 2017-2018 оқу жылында негізгі және жоғарғы сыныптарда үш тілде білім беруге көшу бойынша дайындық жұмыстары жалғасын табады,-дейді.

«Туған мектеп» жобасы іске асырылмақ

Облыста «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Туған мектеп» жобасы іске асырылуда. Өңір басшысы Даниал Ахметов Зайсан ауданына барған жұмыс сапарында орта мектептерді қолдауға бағытталған «Туған мектеп» жобасын жүзеге асыруды ұсынған еді. Қазіргі уақытта білім басқармасы аталған жоба аясында бағдарламалар әзірлеуде.

Бұл орайда өздері білім алып, түлеп ұшқан оқу ордасындағы география мен тарих сыныптарын заманауи құралдармен жабдықтаған Қаратал орта мектебінің түлектерін үлгі етуге болады.

12 жылдық оқыту үлгісін кей ата-аналар дұрыс түсінбей, байбалам салып жатады. Мәселен, 5-6 жастағы балалар нөлінші сыныпқа (мектепалды даярлық тобына) барады. Демек реттік нөмірі он екінші сынып болмайды. 12 жылдық оқыту үлгісі дегеніміз 0 сыныпты қоса отырып 11 сыныпта білім алу. Ата-аналар балаларын 0-сыныпқа (мектепалды даярлыққа) 5 немесе 6 жасынан беруге құқылы. Осыған байланысты ата-аналардың қалауына және балалардың дайындығына қарай бірінші сыныпта 6 және 7 жастағы балалар қатар оқи береді.

Мектеп асханаларында ұйымдастырылған кешенді ыстық тамақтың бағасы 270-350 теңге аралығында. Бағаның әр мектепте әртүрлі болуы кешенге кіретін тамаққа байланысты. Яғни, оқушы кешенді тамаққа қосымша ұннан пісірілген тағамдарды немесе басқа тағам түрін сатып алатын жағдайлар кездеседі.
Білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинау фактісі орын алған жағдайда ата-аналар облыстық білім басқармасының 70-18-28 сенім телефонына хабарласу қажет.

Тағы бір айта кететін жайт, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев алдағы 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздардың жалақысына үстемақы қосатынын мәлімдеді. Биылдан бастап еліміздің бар өңірінде 10-11 сынып оқушылары кезең-кезеңмен төрт пәнді шет тілінде оқуға көшеді.
Жоғарғы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Республика бойынша осы төрт пәннен сабақ беретін 12602 мұғалім тіл курстарына қатысады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button