Жаңа заманның ұрпақтарын тәрбиелейді
Тәуелсіздік мерекесіне орай Өскемендегі «Спутник-6» балалар-жасөспірімдер клубында «Қазақстандық жол» атты тәрбие-білім орталығының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл орталықты құру бастамасын ең әуелі семейліктер көтеріп отырғанын айта кету керек. Семейдің осы бағыттағы тәжірибесі енді өңірдегі басқа қалалар мен аудандарда енгізілетін болады.
Орталықтың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тәрбие мен білім берудің заманауи әдіс-тәсілдерін енгізе отырып балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ жастарды көзі қарақты, көкірегі ояу, санасы биік жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Мұнда кейінгі буын өкілдерінің бүгінгі жаңа заманның талаптарына сай келетін адамгершілік-рухани, отансүйгіштік, еңбекке ұмтылушылық қасиеттерді бойына сіңірген азамат ретінде өсіп, жетілуіне ықпал ететін «Көшбасшылық қасиетті дамыту», «IT технология», «Жаһандану әлемі жағдайындағы өмірге үйрену» бағыттары бойынша оқыту жұмыстары жүргізіледі.