Мәдениет

Жаңа студия жастардың арманы еді

Жаңа студия жастардың арманы еді


С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында журналистика мамандығында оқып жүрген студенттерге арналған ALTAI JASTARY теле-радио студиясы ашылды. Студент жастардың көптен бергі арманына айналған бұл практикалық базаның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов, танымал тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы бастаған құрметті қонақтар мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Зәки Ахметовтің 90, облыстық «ALTAI» телеарнасының 60, аталмыш университеттегі журналистика мамандығының 20 жылдық мерейтойларына орай ашылып отырған бұл студия заманауи технологиямен жабдықталған. Тұсаукесер барысында журналистика мамандығында оқып жүрген жастар облыс әкімінің орынбасары мен абайтанушы ғалымды студияның алғашқы қонақтары ретінде қарсы алып, сұхбаттасты.

– Біздің облыста журналистика мектебінің өзіндік қалыптасқан жолы бар. Сондықтан бұл студия жас журналистердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, одан әрі шыңдала түсуіне үлкен серпін береді деп ойлаймыз, – деді сұхбат барысында Әсем Нүсіпова.

Иә, шынында аталмыш мамандықтың түлектері бүгінде арысы Астана, Алматы қалаларында, берісі облыс орталықтарында жемісті еңбек етіп жүр. Осыдан 20 жыл бұрын алғашқы болып орыс бөлімі, бірнеше жыл өткен соң, қазақ бөлімі ашылғанда бұл мамандықтың аяғынан тұрып кетуіне күмәнмен қарағандар да болыпты. Өңірде бұл салаға жас мамандар ауадай қажет екенін білген оқу орнының мұғалімдері облыстық «Дидар» газетінің білікті қаламгерлері мен тізе қоса отырып қазақ бөлімінің алғашқы қарлығаштарын 2006 жылы түлеткен-ді. Оның бірі қазір «Қазақстан» ұлттық арнасында ершімді еңбек етіп жүрген ой ұшқыр журналист Айнұр Омар болса, енді екеуі облыстық «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан мен тағы бір әріптесіміз Дәурен Аллабергенұлы. Содан бері жыл сайын тілшілер қосын үзбей толықтырып келеді.

«Көш жүре түзеледі» демекші, аталмыш оқу орнының тізгінін жуықта ұстаған ректор Мұхтар Төлеген жастарға бұл базаның ауадай қажет екенін аңғарып, жастардың арман-тілегін орындаған. Бұл күні тойға келген құрметті қонақтар студиямен қоса «Рухани жаңғыру» орталығының да ашылуына куә болды. Бұл орталық университеттің ғалымдары зерделеп жүрген өңірдегі Шілікті, Берел сынды археологиялық нысандар тарихынан сыр шертеді.

Жаңа орталықпен танысқан Нұртілеу Иманғалиұлы жиналған жұртты облыстық арнаның 60 жылдық торқалы тойымен құттықтай келіп, жастарға арналып ашылған студия жайлы ойын өрбітті.

– Бұл өңірдегі телеарна елімізде алғашқылардың бірі болып құрылған, тарихы бай. Сондықтан болса керек осы өңірдің мектебін көрген жастар бірден көзге түсіп жатады. Ресейдегі 147 арнаға кадр дайындау үшін бір институт арнайы жұмыс істейді. Ресейдің танымал, білікті журналистерінің бәрі сол жерден талабын ұштайды. Өзім де бірнеше рет барып оқып қайттым. Бұл біздің елге ауадай қажет-ақ. Мен бүгінгі ашылып жатқан студия болашақта сондай деңгейге жетсе екен деп тілеймін, – деді танымал журналист.

Абай дәрісханасы ашылды

Университеттегі ірі шаралардың бірі ретінде Зәки Ахметовтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Аталмыш тойға арнайы келген абайтанушы Мекемтас Мырзахметов пен филолог-ғалым Болатхан Сарбасов филология факултетінің студенттерімен жүздесіп, ғылыми конференцияға қатысты. Аталмыш факультеттің ғимаратында осы тойға орай Абай дәрісханасы ашылып, құрметті қонақтарды Абай төсбелгісімен марапаттады.

Студенттердің, әсіресе қаракөз қыздар тәрбиесінің ұлттық кодымызға тікелей қатысты екенін айтқан абайтанушы ғалым сөзін бірден ұлттық тәрбиеден бастады. Ар-ұят жайлы лекция оқыды. Қазақ поэзиясы құрлысының теориясын жасаған жерлесіміз Зәки Ахметовтің ұшан-теңіз еңбегіне тоқталған қарт ғалым, оның оның өмірінің соңғы сәттеріне де аялдап өтті. «Шығысқа Шәкәрім туралы үлкен бір кеңеске жиылып жүргенде қастандықпен өлтірілді. Бәріне құдай куә» деп толқыды ұзақ жыл бірге жүрген үзеңгілесі һәм ұстазы жайлы. Өзінің ашаршылық жылдары анасы қалай аман алып қалғанын, өзі үшін анасы әпкесін қасқырға тастаған аянышты тағдырын көзіне жас ала отырып баяндады. Тұтас болмысынан қазақтың қасіретті тарихы аңғарылып тұратын қарт ғалым өркениетке жетудің бірден-бір жолы – латын әліпбиі екенін айтып ғылыми кеңесті түйіндеді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button