Білім

Жаңа ректор мақсат-міндеттері туралы ой бөлісті

Жаңа ректор мақсат-міндеттері туралы ой бөлісті


С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңадан тағайындалған ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген облысымыздағы жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Емен-жарқын әңгіме барысында оқу орнының басшысы алға қойып отырған басты мақсат-міндеттері туралы сөз қозғады. Атап айтсақ, Мұхтар Төлеген талапкерлер тарту ісін жолға қойып, студенттер санын арттыру, заман талабына сай сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу сияқты шаруалар жоспарланып отырғанын алға тартты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын асқаралы міндеттерді жүзеге асыру барысында ректорат бірқатар маңызды іс-шараны, жоба-жоспарды белгілеп, соларды орындауға бел шеше кірісіп те кеткен. Айталық, университетте енді «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты жаңа пән үйретіле бастайды. Сонымен қатар университеттегі журналистика мамандығының ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы бір мерейлі датаны лайықты атап өту үшін университет басшылығы күзге таман арнайы медиафорум өтетінін мәлім етіп, оған жергілікті БАҚ өкілдерін белсенді қатысуға шақырды.

Аймағымыздағы қаламы қарымды журналистер ректорға түйткілді сауалдарын қойып, соны идеяларын, тың ұсыныстарын жеткізді. Айталық, облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев журналистика мамандығында оқып жүрген студенттердің білім сапасын, олардың кәсіби шыңдалуын арттыру мақсатында университетке қабылдау кезінде жүргізілетін шығармашылық емтихан талаптарын күшейтуді ұсынды. «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің директоры Ирина Якунина университетте «фототілші», не болмаса «бейнеоператор» сынды салалық мамандар даярланса деген талап-тілегін айтты.

Ректор ұсыныстардың қаперге алынатынын айтып, сұрақтарға жауап берді, алдағы уақытта айтылған мамандықтардың да тізімге енгізілетінін, сонымен қатар, омарташы, медициналық қызметкер сынды сұранысқа ие мамандар дайындай бастайтындарын атап өтті.

Жиын соңында университет ғалымы, көп жылдан бері Шығыстың жер-су атауларын зерттеп жүрген филолог-ғалым Бердібек Бияровтың «Алтай. Алтын мекен» кітабының таныстырылымы өтті. ШҚМУ мен облыстық «Алтай» арнасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу соңында университет ректоры оқу ордасы туралы қалам тербеп жүрген бір топ өңір тілшісін Алғыс хаттармен марапаттап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button