Білім

Жаңа пәннің жас ұрпаққа берері көп

Жаңа пәннің  жас ұрпаққа берері көп


Өткен оқу жылының ІІІ-ІV тоқсандарында облыстық прокуратураның бастамасымен өңірдегі бірқатар білім беру мекемелерінде «Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты жаңа пән апробациядан өткен болатын. Биылдан бастап аталған пәнді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясындағы «Туған өлке тарихы» жобасының шеңберінде облыстың барлық мектептеріне енгізу қолға алынып отыр.

Жаңа пәнді оқыту идеясын ұсынған бұрынғы облыс прокуроры Бағбан Таимбетов. Алғашында облыс прокурорының бұл ұсынысы көпшілікті таңғалдырғаны да рас. «Прокурордың білім саласына қатысы қанша? Жаңа пәнді оқыту қандай қажеттіліктен туындады?» дегендер де табылды. Бірақ идея авторының айтар уәжі бар екен. Былтырғы жаңа жылдан соң облыстық прокуратурада журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтіп, жаңа пәннің мақсат-міндетін облыс прокурорының өзі түсіндіріп берген болатын.

– Cоңғы кездері адасып, дәстүрлі емес діни ағымдарға кіріп кеткен жастарымыздың қатарының көбейіп бара жатқаны бізді алаңдатуда. Мұның бір ұшы олардың өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жетік білмеуінде жатыр ма деп ойлаймыз. Сондықтан да балаларға мектеп жасынан бастап әрбір этностың, діннің, әртүрлі мәдениеттердің ерекшеліктерін оқытып, түсіндіруіміз қажет. Оларды түсіністікке, шы¬дам¬дылыққа баулуға тиіспіз. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді ұрпақ санасына сіңіре отырып, тәрбие мәселесіне айрықша мән бергеніміз жөн, – деген болатын сол кездегі облыс прокуро¬ры Б.Таимбетов.

Әрине, Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен Бас прокуратураның қылмыспен күрес бойынша жүзеге асыратын алдын алу шаралары саясатын басшылыққа алған осынау бастама еліміздің Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі мен білім басқармасы тарапынан қолдау тауып, құпталған-ды.

– Былтыр қаңтар айының 12-17-cі аралығында облыстық талдау және болжау институты өңірдің бірқатар мектептерінің 5-сынып оқушыларын сынақтан өткізді. Оған барлығы 409 оқушы қатысты. Оның 253-і қазақ мектептерінің, 156-сы орыс мектептерінің оқушылары. Сынақ қорытындысы бойынша қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын білу деңгейі қазақ мектептерінде 68,4 пайызды, орыс мектептерінде 61,9 пайызды құрады. Осылайша, аталған курсты мектептерге енгізу қажеттігі туындады, – дейді «Шығыс» өңірлік орталығының тәрбие кабинетінің әдіскері Зарина Жәнібек.

Жаңа пән бойынша бір емес, екі бердей бағдарлама әзірленеді. Оның бірін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары әзірлесе, екінші бағдарламаның авторы – «Ситуативті Қазақстан» кітабының авторы, әуесқой лингвист, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қанат Тасыбеков. Филология ғылымдарының докторы Амантай Жылқыбаеваның жетекшілігімен университет ғалымдары жасаған бағдарлама «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық идеясын негізге алады. Бағдарлама түрлі тапсырмалар, сауалдар арқылы оқушының сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастыруды мақсат етеді. Ал Қанат Тасыбековтің бағдарламасы «Отбасы», «Ұлттық құндылықтар», «Ұлттық мінез», «Ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер», «Біз – Қазақстан халықтарымыз» секілді алты бөлімнен тұрады. Бағдарлама мемлекеттік стандарт пен оқу бағдарламалары шеңберінде түзілген.

– Бағдарламаны жасау барысында біздің көздеген мақсатымыз – қазақ халқының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де тарих тол¬қы¬нынан өтіп, сұрыпталып бізге жеткен асыл мұрасын, мәдениетін, тарихын жас ұр-пақтың бойына сіңіру болды. Қазақта «Адам ұр¬па¬ғы¬мен мың жасайды» деген сөз бар. Қазіргі жастарға дұрыс бағыт-бағ¬дар көрсету – аға ұрпақтың парызы, – дейді фи¬лология ғылымдарының докторы Амантай Жылқыбаева.
Қанатқақты жоба қалай жүзеге асты?

Сөйтіп, қанатқақты жоба әуелі Өскемендегі М.Әуезов атындағы №17, Қ.Нұрғалиев атындағы №43 және №27 орта мектептердің бесінші сы-нып оқушыларына арнайы факультатив сабағы ретінде оқытыла бастайды. Жыл со¬ңына дейін жаңа пән Семей қаласындағы №16, №19, № 9 мектептерде, Глубокое ауданындағы Ы.Алтынсарин және О.Бөкей атындағы мектептерінде, Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы орта мектепте тәжірибеден өтеді. Жаңа пәнді оқытуға тәрбие сағаты есебінен 17 сағат бөлінген. Яғни, мектеп оқу¬шылары екі аптада бір рет Қазақстан халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен жан-жақты танысады.

Жаңа пәннің  жас ұрпаққа берері көп

Сөйтіп, оқу жылының соңында апробацияға қатысқан мектептердің 5-сынып оқушылары «Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» курсы бойынша диагностикалау емтиханын тапсырады. Оған барлығы 451 оқушы қатысады. Оның 281-і қазақ 170-і орыс мектептерінің оқушысы. Сөйтіп, бұл жолы жаңа пән бойынша орташа білім деңгейі 87,2 пайызды көрсетеді.

– Оқушылардың Отанға, отбасына, өзіне және өзге ұлт өкілдеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттырып, оқушылардың санасында бірлік пен бірегейлікті, қонақжайлық пен еңбексүйгіштікті, тұрақтылық, қауіпсіздік, ертеңгі күнге деген сенімділікті қалыптастыратын бұл курстың мәні мен маңызы өте зор. Осы курстың нәтижесінде оқушылар Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне талдау жасай алатын, әртүрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін салыстыра отырып ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындап, қорытынды жасайтын деңгейге жетті. Пән оқушылардың қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттердің маңыздылығын зерделеуіне, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу, ата тегін қастерлеу туралы түсініктерін кеңейтіп, дамытты, – дейді Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің мұғалімі Айзат Орамалова. Бір атап айтарлығы, пәнді жоғарыда аталған бағдарламаның қайсысымен оқытуды мұғалімнің өзі шешеді. Айзат Жеңісханқызы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғалымдары әзірлеген бағдарламаны таңдағанын айтады.

Осы жылдың 11-қыркүйегінде сараптама кеңесінің отырысында «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты факультативтік курсын облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 5-сыныптарына енгізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Осылайша, 2017-2018 оқу жылының екінші тоқсанынан бастап облыстағы 606 білім беру ұйымдарының 5-сыныптарындағы 18 508 оқушы жаңа пәнді оқуды бастап та кетті.

– Бұл жаңа пәннің оқушыларға берері көп. Бәріміз бір шаңырақ астында тұрғаннан кейін, бір халық екінші бір халықтың салты мен дәстүрін білгені, қадірлегені дұрыс. Бұл арадағы шынайы қарым-қатынасты нығайта түседі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да жаңғырудың ұлттың рухани тамырынан нәр алуы қажеттігін баса айтады, – дейді «Шығыс» өңірлік орталығының тәрбие кабинетінің әдіскері Зарина Жәнібек.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button