Жаңа оқу жылының жаңалығы көп
Биылғы оқу жылынан бастап мұғалімдер оқушыларды жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттей алмайды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлім етті.
– Жұмыс дәптері – қосымша материал. Сол себепті мұғалімдер ата-аналарды жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттейтін болса, тиісті шаралар қолданылады, – деді Сайрангүл Жұмаділова.
Ағымдағы оқу жылынан бастап барлық мектепте үшінші, алтыншы және сегізінші сынып оқушылары жаңартылған мазмұндағы білімге көшеді. Бұл мақсатта жергілікті және облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Басқарма басшысының мәліметінше, биыл «Менің мектебім» акциясы аясында аймақтағы 277 білім ошағы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша қайта жабдықталған. Онда оқушылар веб-дизайн, роботтықтехника, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алмақ.
– Бұл балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар келешекте үлкен сұранысқа ие болады. Болашақта бүкіл әлем осы салаға бет бұрады. Сол себепі біз де көштен қалмаудың қамына кірістік, – деді басқарма басшысы.
Брифингте мәлім болғандай, биылғы оқу жылында 21 мың шығысқазақстандық бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір өңірімізде 658 орта мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Аягөз, Тарбағатай, Үржар аудандарында жаңа білім ошақтары қолданысқа берілмек. Осылайша, Аягөздегі үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін табады.
Брифингте Сайрангүл Жұмаділова облыста «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, мектеп бітіруші түлектердің басқа елге кетуін азайтуға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 400 грант бөлінген. Нәтижесінде шетелге, оның ішінде Ресейге кететін түлектер саны азаяды. Бұдан бөлек биыл алғаш рет жергілікті бюджет есебінен жоғары білімді мамандарды даярлау мақсатында қосымша грант қарастырылғанын айта кеткен орынды.
– Биыл гранттар саны өсті. Басты мақсат – өңір жастарының туып-өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, білікті мамандар ретінде қалыптастыру, – деді Сайрангүл Жұмаділова.
Ажар Сағатбекова