БілімӨзекті

Жаңа оқу жылына дайындық қызу

Жаңа оқу жылының басталуына небары жарты ай ғана уақыт қалды. Ата-аналар мен оқушылар, ұстаздар керегін түгендеп, мектепке баруға қамдана бастады. Жалпы, алдағы жаңа оқу жылы мектеп оқушыларын қандай жаңашылдық күтіп тұр? Аймақтағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қалай? Бүгінгі мақалада біз осы сауалдарға жауап беруге тырыстық.

Биыл жаңартылған білім бағдарламасына қай сыныптар көшеді?

Биылғы жаңа оқу жылында да жаңартылған білім мазмұнын кезең-кезеңмен енгізу жалғасын табады. 1 қыркүйектен бастап 4, 9 және 10 сынып оқушылары жаңартылған оқу бағдарламасына көшеді. Жалпы, білім берудің жаңа жүйесіне көшу 2016 жылдан қолға алынған болатын. Алдымен бірінші сынып оқушылары, 2017 жылы – 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы – 3,6,8 –сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен-ді. Келер жылы 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына 11-сынып қосылып, жаңа жүйеге көшу барлық сыныптарда аяқталмақ. Жаңа бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде құрастырылған. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, оқушылар жаңартылған білім беру бағдарламасына қатысты айтарлықтай өзгерісті сезінбейтін көрінеді. Өйткені, 4-сынып оқушылары жаңартылған бағдарламамен жақсы таныс. Олар 1-сыныптан бері сол бағдарламамен оқып келе жатыр.
Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, Көкпекті ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша мен Өскемендегі №39-шы мектеп 11-сыныпқа арналған жаңа білім беру бағдарламасын апробациядан өткізетін пилоттық мектептер деп белгіленген.
Сонымен бірге биыл орыс мектептерінде қазақ тіліндегі «Қазақстан тарихы» оқулығы, ал қазақ мектептерінде орыс тіліндегі «Дүниежүзі тарихы» пәні апробациядан өткізілмек. Ол үшін облыста төрт мектеп анықталған.
Сондай-ақ, биыл 10-сынып оқушылары үшін «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіледі. Министрліктегілердің пайымдауынша, бұл пән алдағы уақытта олардың мамандықты дұрыс таңдауына игі ықпал ететін көрінеді.
Жалпы, жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2015-2017 жылдар аралығында облыста 15 мыңнан астам мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өткен. 2018 жылы республикалық қаражат есебінен 5 379 3,6,8 сынып мұғалімдері, биыл -5896 педагог курста білімдері мен біліктіліктерін шыңдаған.

Электронды күнделіктің артықшылығы көп
Бүгінгі таңда облыстағы 655 мектептің барлығы «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесін қолданады. Әрине, осынау жаңашылдықты жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Десе де жүйеге 24 мыңнан астам мұғалім, 186 мыңнан астам оқушы мен 154 мың ата-ана қосылған. Электронды күнделіктің енгізілуі ата-аналарға өз баласының оқу үлгерімін ешқайда бармай-ақ ұялы телефонның көмегімен бақылап отыруға мүмкіндік бергені рас.

Оқулық мәселесі шешілген
Ал үштілділікті енгізу мектептерде қалай жүзеге асуда? Үштілділік білімді енгізу жобасы 2016 жылы қолға алынғаны белгілі. 2016-2018 жылдары жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінді. Жоба бойынша жоғары сыныптарда химия, биология, информатика және физика пәндерін ағылшын тілінде оқыту көзделінген. Ол үшін мұғалімдердің білімін арттырып, біліктілігін шыңдау қажет. Осыған орай алғашқы жылы 3400, екінші жылы – 2400, 2018 жылы – 1300 педагог қайта даярлықтан өткен. Үстіміздегі жылы 1070 пән мұғалімдері мен тілдік пән мұғалімдерінің, мектепке дейінгі және кәсіби-техникалық мекемелердің педагогтарының біліктіліктерін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, облыстың 11 мектебінде 200 оқушы француз тілін оқиды. Биылғы жаңа оқу жылында олардың санын 500-ге жеткізу жоспары бар.
Оқулық мәселесі де ата-аналар мен оқушыларды, ұстаздарды алаңдататыны сөзсіз. Әсіресе, өткен жылы бұл мәселе көпке дейін шешімін таппаған болатын. Облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, биылғы жаңа оқу жылында ондай мәселе орын алмайтын сыңайлы. Биыл 1,6 млн дана оқулықты сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 2 миллиард 383 миллион теңге бөлінген. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды жеткізу үшін баспалармен де арнайы келісім жасалған.
Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де қашаннан өзекті. Әсіресе, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардың балаларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету маңызды. Облыста ондай оқушылардың саны 29 мың, олардың 9867-сі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары.
Облыстың 577 білім ошағында ыстық тамақ қарастырылған. Бұл өңірдегі барлық мектептің 88,7 пайызын құрайды. 188 278 мектеп оқушысы мектепте ыстық ас ішетін болса, қалған 1600 оқушы буфет өнімдеріне қанағат ететін болады.
Бүгінде облыста 3698 бала шалғай ауылдарда тұрады. Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, оқушыларды мектепке тасу мәселесі де өз шешімін тапқан.
Облыстағы 307 елді мекенде мектеп жоқ. 2948 мектеп оқушысы мектепке арнайы автобуспен қатынаса, 750 оқушы интернатта жатып оқиды.

Соңғы үш жылда 41 автобус сатып алынған

Жаңа оқу жылына дайындық қызу

Ауылды жердегі мектеп оқушыларын мектепке тасымалдау үшін 163 мектеп автобусы пайдаланылады. Соңғы үш жылда бұл мақсатқа облыстық бюджет қаржысына 41 автобус сатылып алыныпты.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, өңірдегі жалпы білім беретін мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары тамыздың 25-іне дейін аяқталмақ. Жаңа оқу жылына дейін барлығы 266 мектепке жөндей жұмыстары жүргізіледі. Оның 11-іне күрделі жөндеу, қалғандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Жаңа білім ошақтары да бой көтеруде. Атап айтсақ, Өскеменнің өзінде республикалық қаражаттың есебінен екі жаңа мектеп салынып жатыр. Олардың әрқайсысы 1000 орынға есептелген. Ал Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауданындағы мектеп құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініпті. Сонымен қатар, облыс орталығындағы тағы бір мектептің жанынан 300 орындық жанама құрылыс жүргізілуде. Бұл нысандардың барлығы да жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button