Білім

Жаңа өмірге жол тартты жас түлектер

Алғаш қолына бір шоқ гүл алып, мектеп табалдырығын аттағаннан бері 20-дан астам алғашқы және соңғы қоңырау сыңғырын естіген бозбала мен бойжеткен бұл күні ерекше толқыған.

Жаңа өмірге жол тартты жас түлектерӨйткені, қаладағы №35 қазақ орта мектебінің биылғы 25 түлегі үшін дәл осы сәт балалықпен қоштасу, үлкен өмірмен қауышу күні болғаны сөзсіз еді. Тағы бір есте қалар сәт, оларды осынау салтанатқа арнайы келген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтап, ақ тілегін арнады.

– Бүгінгі күн – сіздердің өмірлеріңіздегі мәңгі есте қалатын күн. Алдарыңызда үлкен өмір баспалдағы жатыр. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп ұлы Абай бабамыз айтқандай, сіздердің әрқайсыңыз сол үлкен өмірден өз орындарыңызды тауып, егемен еліміздің мерейін үстемелеуге тиіссіздер. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, сіздер – ерекше ұрпақсыздар. Себебі, мына тұрған көкөрім, арманшыл да жігерлі сіздер Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келіп, сол ортақ Отанымыздың дамуымен, көркеюімен бірге өсіп келе жатырсыздар. Қазақстанның болашағы да сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан жақсы оқу керек, ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтау керек. Сіздерге ақ жол тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Үстіміздегі жылдың желтоқсанында ашылғанына жарты ғасыр болатын мектеп бұдан 12 жыл бұрын аралас, ал 2009-2010 оқу жылынан бастап, таза қазақ тілінде білім беріп келеді. Бүгінде мектептегі оқушыларға жеті жоғары, 14 бірінші және 25 екінші санатты, жалпы 78 педагог дәріс беруде. Мектептің тыныс-тіршілігінен хабардар еткен оның директоры Анна Таймова:

– Қазір 36 сыныпта 766 оқушы білім алуда. Бұған қосымша алты мектепалды сыныбында 180, үш топтық «Еркетай» шағын орталығында 84 бала тәрбиеленуде. Биылғы оқу жылын 218 оқушы оқу озаты, 258 бала оқу екпіндісі болып аяқтап отыр. Ал Ақбота Сағдархан «Алтын белгіден» үміткер, – деп баяндап өтті.

Мектептегі жаңашыл бағытта жұмыс істеп келе жатқан ұстаздар еңбегі оқушылардың түрлі білім сайыстары мен спорттық жарыстарда алдан көрінуі арқылы айқындалып отыр. Мәселен, мұндағы бастауыш сыныптықтар қалалық олимпиадада бас жүлдені иеленсе, 11-сынып оқушылары Қазақстан тарихы және математика пәндерінің облыстық сайысында І орынға қол жеткізіпті. Ал биыл алтын ұяларымен қоштасқалы отырған түлектің сегізі оқу екпіндісі көрінеді.

Оқу жылын осындай жетістік-көрсеткішпен аяқтаған мектептегі соңғы қоңырау салтанатынан кейін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ білім ордасының пән кабинеттерін, демалыс бөлмесін, тап-тұйнақтай шағын орталығы мен асханасын аралап көрді. Осы жерде оқушылардың ас мәзіріне міндетті түрде бал қосу қажеттілігін айтқан аймақ басшысы білім ордасындағы игілікті істерге риза екенін жеткізді.

Ал түлектер салтанаттан соң жылдағы дәстүр бойынша мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.

* * *

Өскеменде биылғы түлектердің мектеп бітіру кеші естен кетпестей болып тойланды. Олардың он бір жыл бойғы ең бір қызықты да тәтті шақтары қалған мектептерімен қоштасу кеші өткен «Восток» стадионында Қазақстан мен Ресейдің өнер жұлдыздары өнер көрсетті.

Атап айтсақ, елімізден «Жанболат пен Жазира», «Орда», «МелоМэн» сынды жұлдызды топтар мен Әйгерім Қалаубаева сынды әншілер келсе, көрші елден Шығыстың тумасы, продюсер Бари Алибасов бастаған әйгілі «На-На» және «Инь-Ян» тобы келді. Арманының ақ желкенін майда самал керген түлектер кешін белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов жүргізді.

Айтулы шараны Өскемен қалалық әкімдігі мен «Найман» студиясы бірлесе ұйымдастырыпты. Керемет кешті ұйымдастырушылардың бірі Дарын Сағдулдиннің айтуынша, оның тамашасына ортақтасуға ұзын саны тоғыз мыңға тарта көрермен келген екен. Өткен жылы дәл осы шара тек қазақ мектептерінің арасында ғана ұйымдастырылса, биыл көлемі кеңіп, барлық қала мектептерін қамтыған екен.

Дәл осы кеште табиғат та тосын мінез көрсетіп, нөсерлетіп жаңбыр жаумасы бар ма? Бірақ, иін тіресіп, ашық алаңда тұрған жұрт оны елең қылмай, Өскеменге күнде келе бермейтін жұлдыздардың өнеріне қошемет көрсетіп бақты.

Кешті бастаған жарасымды жұп Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова халықтың ерекше ықылас, құрметіне ризашылығын жасыра алмады. Екеуі жарыса: «Бұл жауып тұрған жаңбыр емес, бәлкім, сіздерге төгіліп тұрған Алланың нұры шығар» деді түлектерге қарата.

Думанды кеште барлық өнерпаздар бес-алты әннен орындаған сәтте отырған орындарынан төменге түскен жұрттың біразы жасыл алаңда билеп жүрді. Ал өз міндетін орындап болған әншілер кезек-кезегімен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат беріп жатты.

Иә, бұл бір керемет кеш еді. Аспан астын әнге бөлеген әншілерге халық та әбден риза болысты. Әсіресе, осынау сәтте жаңа өмірге қадам басқан түлектердің жүзінде ерекше нұр ойнап тұр еді…

Ғафура Сәрсенбайқызы,
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button