Білім

Жаңа өмірге аттанды, жас түлектер!

Кеше республикамыздың барлық өңірлерінде мектеп бітірген жас түлектерді ұядан қияға шығарып салу рәсімі өтті. Өскеменнің Спорт сарайындағы салтанатты кешке жиналған мектеп бітірушілерді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ арнайы құттықтады.

Жаңа өмірге аттанды, жас түлектер!Биыл біздің облыста 12 мыңға жуық түлек мектеп бітірген екен. 2012 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу де бұрынғыдан өзгеше болғанын айта кету керек.

Ең бастысы, түлектер өздерінің мойындарына жүктелген аманатты абыроймен атқарып шықты. Талабы қатты тестілеуден өтті. Білімі мен бағы қатар келген оқушылар енді жоғары оқу орындарының студенттері атанады. 11 жыл бойы инемен қазған құдықтан шыққан қайнар білімді бірнеше сағаттық тестілеуде сынға салатын қиын кезеңді артта қалдырған оқушылар қуанса, қуанғандай-ақ. Ерекше әдемі киінген бозбалалар мен бойжеткендер, ең бастысы, өмірлеріне жолдама алды.

Алғаш болып ортаға облысымыздың атын тек республика ғана емес, алыс-жақын шетелдерде асқақтатқан түлектер шықты. Олар әртүрлі пәндерден әлемдегі олимпиада жүлделерінің алдын бермеген оқушылар. Сонымен қатар «Алтын белгі» иегерлері мен оқу озаттары Спорт сарайының атшаптырым алаңындағы арнайы орындықтарға келіп жайғасты.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мектеп бітіруші жастардың қуаныштарына құтты болсын айта келе, дарынды, білімді азаматтар ертеңгі елдің тірегі, көшбасшысы екендігін қадап айтты.

– Бүгінгі күн – мәңгілік есте қалатын күн. Сіздер жаңа өмірге қадам бастыңыздар. Ендеше, алдағы басқан әр қадамдарыңызға тек қана сәттілік тілеймін. Облысымыздың жастары өте дарынды, халықаралық білім сайыстарының түгелдей дерлігінен біздің елдің, біздің облыстың оқушылары жүлдемен оралды. Құрметті ұстаздар, осынша шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолдың ыстығына күйіп, суығына тоңған сіздерге үлкен алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар бала тәрбиесіне, болашақ тәрбиесінде ерен еңбек атқарып жатқан аяулы ата-аналар, сіздерге де зор алғыс. Құрметті түлектер, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жас ұрпақ алаңсыз және сапалы білім алу үшін барлық жағдайды жасап отыр. Ашылып жатқан интеллектуалдық мектептер мен жоғары оқу орындары – осыған дәлел. Ел келешегі сіздерсіздер, сондықтан бүгінгі алған білімдеріңізді ұтымды пайдаланасыздар деп сенемін. Біздің елге техникалық салалардың тілін білетін заманауи, білікті, білімді мамандар қажет. Ендеше, Отан үшін, ел үшін, туған жер үшін қызмет етіңіздер. Өмір атты үлкен жолда тек сәттіліктер тілеймін, – деді облыс Әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Салтанатты кеш барысында аймағымыздың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды 140 жас түлек облыс басшысының қолынан құрмет қағаздарын алып, арнайы сый-сияпаттарға ие болды.

Көздеріне мөлт-мөлт жас келген жас өрендер Спорт сарайында соғылған соңғы қоңыраудың үнімен тағы бір рет тебірене күрсінді. Әрқайсысы алтынға бергісіз «Алтын белгі» иегерлері, оқу үздіктері, олимпиада жүлдегерлері ыстық ұя мектептерімен мәңгіге қоштасты. Алда оларды ауыздығымен алысқан асау өмір күтіп тұр. Түлектерге тек табыс тілейміз!

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button