Оқиғалар

Жедел уәкіл жасөспірімге жаңа өмір сыйлады

Тастай судың астында қатпарланып қатып қалған көк мұзды жалаң қолымен жарған ол жансыз қалған баланың денесін судың бетіне шығарды…

Жедел уәкіл жасөспірімге жаңа өмір сыйладыЕсіле аққан ерке Ертістің бойындағы Күршім ауданында дүниеге келген Арман суды жанындай жақсы көреді, жағасына келсе, жан дүниесі жеңілденіп қалатын. Бүгінде жұмыс бабымен қаланың шетіндегі «Котлован» су қоймасына келген офицер бір баланы ажалдан құтқарамын деп ойламаған еді. Күн жылыса да қойманың бетіндегі мұз әлі ери қоймаған. Мұздың бетінде сырғанап ойнап жүрген балаларға қарап, Арман біраз тұрды да «балалар жағаға шығыңдар!» деп айқайлады. Ойынның қызығына батқан жеткін-шектер, тіпті, бастарын да бұрмады. Сол-ақ екен, велосипедпен жағадан жиырма метрдей алыстап кеткен Женяның салмағын көтермеген көк айдын жарылып, бала суға бата бастады. От пен су тілсіз жау емес пе, онсыз да тұншығып, ауа жетпей жанталасып жатқан баланы темір велосипед тереңге тарта түсті. Жағада тұрған Арман баланың батқанын көре сала бірден суға секірді. Суық суға сүңгіп кеткен лейтенанттың жолын қатып қалған мұздықтар қатпары бөгеді. Жалаңаш қолымен мұзды жара отырып балаға ұмтылды. Сол кезде Арманның бар ойы баланы құтқару еді. Тілсіз жаумен күресуге дәрмені қалмаған жеткіншек ақырғы демін алып, судың түбіне батып кетті. Тастай судың астында көк мұзды қолымен жарып, қан жоса болған жедел уәкіл баланың жансыз қалған денесін судың бетіне шығарып, судың бетін қайта жауып үлгерген мұздармен арпалыса жағаға жылжыды. Алайда, Арман жағаға жеттім-ау дегенде мұздай судан аяғы тартылып, тас байланғандай судың астына тартты. Жанталасып баланы ажалдан құтқарып әкеле жатқан жігітке жағада жүрген азаматтар көмекке келді.

Құтқарушылар келгенше тамыр соғысы мүлдем тоқтап, денесі көгеріп кеткен Женяға полиция лейтенанты алғашқы көмекті өзі көрсетіп, балаға екінші рет қайта өмір сыйлады. Оқиға орнына келген құтқарушылар мен жедел жәрдем көлігі баланы тездетіп жан сақтау бөліміне жеткізді.

– Осындай игі іске итермелеген ант беріп, ар-намысты алға қойған қызметіңіз бе? – деген сұраққа Өскемен қалалық ішкі істер басқармасы Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Арман Смағұлов: «Жоқ, әрине, мен бұл әрекетке құқық қорғау қызметінің қатарында жүріп, ант бергендігімнен барған жоқпын. Менің орнымда болған әрбір азамат дәл осындай әрекетке барып, баланы құтқару үшін барын салар еді» деп жауап берді.

– 21 жыл жан сақтау бөлімінде жұмыс істеген уақытымда мұндай суға батқан адамды о дүниеден қайта алып келген жағдайды бірінші рет көріп отырмын. Осының бәрі полиция қызметкерінің дер кезінде медициналық көмекті дұрыс көрсетіп, баланың өміріне араша болғанының арқасында мүмкін болды, – дейді жедел медициналық көмек көрсету емханасы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Ольга Анатольевна өзінің таңғалысын білдіріп.

Қазіргі заманда әрбір адам дәл Арман сияқты ерлік жасап, өз басын қатерге тікпесі де мүмкін. Сондықтан қатарымызда адамгершілік пен арнамысын жоғалтпаған Армандай азаматтарымыздың барына шын жүректен қуанамыз.

Гүлнұр Түсіпова,
Өскемен қалалық ішкі істер басқармасының ақпарат бөлімі

Осы айдарда

Back to top button