Білім

Жаңа мазмұн – жаңа сапаға көтереді

Жаңа мазмұн -  жаңа сапаға көтереді


Еліміздің білім беру саласында тағы да реформа жүргізіліп, жаңартылған бағдарламаға көшкені белгілі. Жаңа білім беру мазмұнына көшу жалпы білім беретін мектептерде сәтті жүзеге де асуда. Ал техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде, оның ішінде педагогикалық бағытта білім беретін колледждерде бұл мәселе қалай шешімін табуда? Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің базасында «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін және бәсекеге қабілеттілігін дамыту» тақырыбында өткен облыстық семинар-практикум осы мәселеге арналды. Оған облыстың педагогикалық, гуманитарлық бағытындағы колледж директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлері мен оқытушылары қатысты.

Бәсекеге қабілетті маман даярлау – басты мақсат

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, биыл облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің педагогикалық бағытындағы колледждері 1684 түлекті қияға ұшырғалы отырған көрінеді. Міне, осы түлектер ертең еңбек нарығында өз орнын таба ала ма? Мектепке жұмысқа орналасқан жас маман жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беруге әзір ме? Жалпы, бүгінгі педагогикалық бағытта білім беретін колледждер болашақ мамандарды қалай даярлап жатыр? Облыстық білім басқармасы, Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы, Педагогикалық шеберлік орталығының облыстағы филиалы мен Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің бірлесе отырып осы семинарды ұйымдастырудағы басты мақсаты да осы екен. Жалпы, облыста педагогикалық мамандарды даярлайтын жетекші екі колледж бар. Оның бірі – Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі болса, екіншісі Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж. Осы екі колледждің жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты іс-тәжірибесін өзге колледждерге тарату, насихаттау ісі де кезек күттірмейтін мәселе.
Мұны семинарда сөз алған Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығының директоры Ришат Рамазанов та атап айтты.

– Семинарды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз облыстағы жетекші колледждердің тәжірибесін өзара бөлісіп, барлықтарыңызға тарату. Әсіресе, жекеменшік колледждер ертең көштен қалып қоймаса екен дейміз. Бұл колледждердің тәжірибесі қандай? Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқу үдерісін қалай ұйымдастырып жатыр? Қалай дамып, ілгері жылжуда? Педагогикалық шеберлік орталығымен, Назарбаев зияткерлік мектебімен қаншалықты байланыс орнатқан? Тренерлерді қалай тартып жатыр? Осының бәрін білсін, жақсы іске, жақсы тәжірибеге куә болсын деп ұйымдастырып отырмыз, – деді Р.Рамазанов.

Жалпы еліміздің білім саласына жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудегі негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті, өмірге икемді азаматтарды дайындау. Ондай азаматтарды дайындау үшін, әрине, ең алдымен біздің мұғалімдеріміз жан-жақты дайын болуы керек. Ришат Сағибекұлы арамызда әлі де кеңестік білім жүйесін аңсайтындардың да бар екенін жасырмады. Кеңестік білім беру бұл кеңестік экономикалық жүйеге бағытталған білім болатын. Ал бүгін заман, қоғам өзгерді. Қазір оқытушылардың алдында нарықтық экономиканың талабына сай, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті мамандарды даярлау міндеті тұр. Біздің балаларымыз ата¬-ананың, мектептің қанатының астынан шыққан соң, адасып кетпей, өмірден өз жолын оңай таба алуы тиіс. Ол біліктілікті, ол дағдыларды балалардың миына сіңіру мамандарды даярлайтын колледждердің оқытушылары, сіздердің де мойындарыңызға жүктеледі.

Оқытушы білімін жетілдіру – басты назарда

Семинарда «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында болашақ мамандарды даярлау барысы» тақырыбында баяндама жасаған Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Слямбекова еліміздің мектептері жаңартылған білім беру мазмұнына алғаш көшіп жатқанда педагогикалық бағытта білім беретін колледждердің біразы абдырап қалғанын тілге тиек етті. Педагогикалық колледждер «болашақ мамандарды қалай даярлаймыз» деген сауалға жан-жақты жауап іздей бастайды. Аталған колледж басшылығы ең алдымен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен, Қазақстан-Американ еркін университетімен, Назарбаев зияткерлік мектептерімен, Педагогикалық шеберлік орталығымен өзара ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасап, соның негізінде оқытушылардың білімін жетілдіру жұмыстарын қолға алыпты. Сөйтіп, «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтынан 29 оқытушы білім жетілдіру курсынан өтсе, биыл тағы да 21 оқытушының білімін жетілдіруді жоспарлап отырған көрінеді. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығынан былтыр сегіз, биыл тағы да сегіз оқытушы білімін жетілдірген, оның бесеуі бастауыш сыныптардың бағдарламасы бойынша білім жетілдіру курстарынан өткен. Сондай-ақ «Кәсіпқор» холдингі өткізген білім жетілдіру курстарынан өткен оқытушылар да бар. Мұнымен қатар Өскемен қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығынан» былтыр колледж қаражаты есебінен бес оқытушы курстан өтсе, биыл жеті оқытушыны оқыту жоспарлануда.

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшудегі негізгі бағыттардың бірі – үштілділікті дамыту. Осы бағытта оқытушылардың біліктіліктерін арттыру үшін шетелде тағылымдамадан өту жұмыстары да қолға алыныпты. Орыс тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Акатова Ресейден, педагогика пәнінің оқытушысы Зәмзәгүл Өтепова Финляндиядан қысқа мерзімді курстан өткен.

Колледжде жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытушыларға түрлі ғылыми- әдістемелік көмек көрсету жұмыстары да жүргізілуде. Бұл әдістемелік көмектер өзара ынтымақтастық келісімшарттары негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Семинарда «Педагогикалық шеберлік орталығының» облыстық филиалының директоры Гүлжан Зейнолдина да сөз алды. Мәскеудегі Сколоково басқару мектебінің әзірлеген мамандықтар атласы бойынша болашақта жаңа мамандықтар пайда болады екен. Осы басқару мектебі ғалымдарының болжауынша, қазір бастауыш мектепте оқып жүрген балалардың 65 пайызы жұмыстың жаңа түрлерінде қызмет істейтін болады. Осы орайда жаңартылған білім беру мазмұнына көшу өте құптарлық іс. Гүлжан Тоқтарханқызының айтуынша, жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі оқушылардың мектепте алған білімін өмірде пайдалана алуында. Бұрын мұғалім білім тасымалдаушы ғана болса, қазір ұйымдастырушы және оқушыны өз бетімен білім алуға жетелеуші. Әрине, мектептегі стандарттық бағдарлама өзгергендіктен бағалау жүйесі де өзгерді. Жаңартылған бағдарлама аясында бағалау мен оқытуды жеке қарастыруға әсте болмайды. Бағалау дегеніміз, бұл – оқыту, оқыту дегеніміз, бұл – бағалау.

Жалпы, жаңартылған білім беру бағдарламасының бірінші қадамы 2011 жылы Назарбаев зияткерлік мектептері ашылуымен тығыз байланысты. Ал 2015 жылы бүкіл Қазақстан бойынша 30 қанатқақты мектеп ашылды. Олардың ішінде Шығыс Қазақстандағы екі мектеп те бар, бірі Өскемендегі №39 мектеп болса, екіншісі – Көкпекті ауданындағы Үлгілі малшы орта мектебі. Ал 2016 жылы еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінің бірінші сыныптары бұл бағдарламаға көшкені белгілі. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша «Педагогикалық шеберлік орталығы» барлығы 78 бағдарлама әзірлеген. Оның 66 бағдарламасы пән мұғалімдеріне арналған.

Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева мамандарды даярлаудағы бір мәселенің шетін шығарды. Ол тәжірибеден өтуге барған студенттерге мектеп басшылығының сенімсіздік танытуы. «Жаңартылған білім беру мазмұнын өзіміздің мұғалімдер әзер меңгеріп жатқанда студент не біледі дейсің» деген күдік, әрине, өмірге енді қадам басқалы тұрған болашақ маманды кеудесінен итерумен тең деуге болады.
Семинар-практикумның тәжірибелік бөлімінде Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері, «Педагогикалық шеберлік орталығының» тренерлері шеберлік сабақтарын өткізді. Сондай-ақ қатысушылар Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі мұғалімдері өткізген ашық сабақтарға да қатысты. Солардың бірі – информатика пәнінің оқытушысы Айша Касенованың CLIL әдістемесі бойынша «Компьютерлік графика және оның түрлері» атты ашық сабағы. Үш тілде өткен сабақ қатысушыларға өте ұнады.

– CLIL әдістемесі ағылшын тілі пәнін жаратылыстану пәндерімен кіріктіріп оқыту. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – пән арқылы тілді үйрету. Бірақ бірінші орында әрқашан да пән тұруы қажет, – дейді Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің информатика пәнінің оқытушысы Айша Касенова.

– Бүгінгі семинар¬-практикум маған өте ұнады. Көп нәрсені үйрендім, көңілге түйдім. Біздің колледж де бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту мамандарын даярлайды. Мамандарды жаңартылған білім беру мазмұны аясында дайындауды біз де қолға алып жатырмыз, – дейді Семейдегі гуманитарлық-экономикалық колледж директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі директорының орынбасары Рысгүл Әмірғалиева.

Семинар-практикумның соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button