Жаңа мазмұн жаңа деңгейге жеткізеді

Өңірімізде осыдан үш жыл бұрын енгізілген үштілді білім беру жүйесі қалай жүзеге асырылуда? Педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуы үшін не істеу керек? WordSkills стандарттарын енгізе отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау сапасын қалай арттыруға болады? Осы және өзге де мәселелер облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде жан-жақты сөз болды.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова былтырғы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылға жоспарланған міндеттерді атап көрсетті. Оның айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында балабақшалар саны көбейіпті. Қазір өңірімізде 3-6 жастағы балалар балабақшамен 100 пайыз, ал 1-6 жастағы балалар 79,6 пайыз қамтылыпты. Тек өткен жылы 12 мектепке дейінгі ұйым ашылған. Олардың барлығы жекеменшік. Бүгінгі күні облыста барлығы 797 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оның 330-ы балабақша, оның ішінде 124-і жекеменшік иелікте. Сондай-ақ 19 аудан мен қалада бүлдіршіндерді балабақшаларға автоматты түрде бөлу жүйесі енгізіліпті. Қазіргі уақытта 589 мектепке дейінгі ұйымға кезекке тұрудың автоматты жүйесі қосылып, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алған. Дегенмен басқарма басшысы осы бағытта нақты жұмыстар атқару қажеттігін ерекше атап айтты. Бұл әсіресе 1-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы бойынша 70 пайыздан төмен көрсеткіш көрсеткен Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Ұлан аудандарына, Семей және Өскемен қалаларына қатысты.
Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы 1 сәуірден бастап барлық бала¬бақшаға бейнекамералар орнатылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 211 млн. теңге қаржы қарастырылған. Осы орайда С.Жұмаділова білім бөлімдері басшыларына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына баса назар аударуды тапсырды.
Жаңа оқу жылында орта білімнің мазмұнын жаңартуға 4 және 9 сыныптар көшеді. Осыған байланысты биыл екі қанатқақты мектепте апробация жүруде. Аталған сыныптарға оқулық сатып алу үшін облыс бюджетінен 1,5 млрд. теңге қарастырылып, 6900 мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өткізіледі.
2016 жылдан бастап аймағымызда үштілді білім беру жүйесі енгізілуде. Осы үш жылда арнайы ұйымдастырылған курстардың нәтижесінде мұғалімдердің тілді және оның әдістемесін меңгеру деңгейі 14%-дан 74%-ға көтерілген.
Мектептердің барлығы WI-FI-мен қамтылады
Биыл 2019-2021 жылдарға арналған көптілді білім берудің кешенді жоспары әзірленген. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлу көзделген. Жоспар бойынша қазақ, ағылшын, француз, неміс тілдерінің мұғалімдерін оқыту қажет. Бүгінгі күні облыстың 11 мектебінде 200-дей оқушы француз тілін оқып үйренуде. Биылғы қыркүйектен бастап олардың қатарын 500-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Өңірдегі 655 мектептің барлығы электронды журналдар мен күнделіктердің «Күнделік.кz» бірыңғай жүйесіне қосылып, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. 492 мектеп (75%) WI-FI желісіне қосылған. Мектептерді түгелдей 100 пайыз WI-FI-мен қамту үшін алдағы уақытта 25 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.
Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен өңір мектептерінде 277 IT-cынып ашылған-ды. Былтыр толық кешенді мектептердің 554, биыл шағын кешенді мектептердің 573 IT-сынып мұғалімі оқытылған. Ал биылғы 1 наурыздан бастап 378 шағын кешенді мектепте IT-бағдарлама бойынша оқушыларды оқыту басталып кетті. Осылайша, өңірдегі барлық 655 мектепте IT-сыныптар жұмыс істеп тұр деуге толық негіз бар.
Биыл мектеп бітіретін 8 488 түлектің 6 450-і (76%) ҰБТ-ға қатысады деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары. Десе де ҰБТ-ға қатысушылардың көрсеткіші Риддер (52%) мен Курчатов (50%) қалаларында, Шемонайха ауданында (40%) төмен.
Білім берудің тағы бір маңызды бөлігі – кәсіптік және техникалық білім беру екені сөзсіз. WorldSkills халықаралық стандарттарын енгізу мамандарды даярлауда және оларды шынайы әлеуметтік-экономикалық секторға тартуда тиімді көрсеткішкіштердің бірі болып отыр. Біздің өңірде халықаралық стандартты енгізудің алғашқы жетістіктері де жоқ емес.
Аймақтық «Білікті маман» бағдарламасы аясында өңірдегі сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін арнайы білім гранттары да бөлінген. Былтырғы 446 гранттың 170-і облыс мектептері үшін педагог мамандарды даярлауға бөлінген. Биыл тағы 400 грант бөлу көзделген.
Облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова 2018-2021 жылдар аралығында студенттерге арналған 11 жатақхана ашылатынын жеткізді. Сонымен қатар білім басқармасының басшысы қала мен аудандардағы білім бөлімдері басшыларына көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауды, оларды тізімге алып, білім басқармасына жазылған өтініштерін жинау қажеттігін де тапсырды.
Бұл жиында сонымен қоса облыстық білім саласын бақылау департаментінің директоры Ришат Рамазанов баяндама жасап, жиналғандарды білім беру саласында мемлекеттік бақылау жүргізудің жаңа тетіктерімен таныстырды.
Қолданысқа енген жаңа нормаларға сай білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау екі жағдайда ғана жүргізілетін көрінеді. Біріншісі жоспардан тыс тексеру болса, екіншісі – профилактикалық бақылау. Жоспардан тыс тексеру жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары, мемлекеттік органдар мен прокуратураның тапсырмасы бойынша, сондай-ақ алдында анықталған бұзушылықтардың жойылғандығын қадағалау мақсатында жүргізілсе, профилактикалық бақылау бұл тексеру емес, тек ескерту сипатында жүргізіледі. Яғни, егер бұған дейін бақылау қорытындысында бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлға міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылса, профилактикалық бақылау қорытындысында әкімшілік іс қозғалмайды. Оның орнына білім саласындағы заңбұзушылықты жою туралы жазбаша нұсқама ғана берілетін көрінеді.
Мейрамтай Иманғали