«Жақсылық» базарынан жабығып қайтамыз
Осыдан бірер жыл бұрын Аягөздің батыс жағынан өтетін «Өскемен-Алматы» күре жолының бойынан аумағы атшаптырым жексенбілік базар ашылып, аудан халқы жаппай қуанышқа бөленген болатын.
«Әуп бісміллә!» дегенде коммуналдық болады деген базарымыз орналасқан жерінің оңтайлылығынан ба, уақыт өте келе кәдімгідей қанбазарға айналды. Қаланың батыс жағындағы бұл сауда орнына кіру үшін жаяу адам «Алматы-Өскемен» күре жолынан түсіп-шығудың қиындығына да қарамай, кәрі-жас «көш жүре түзелер» деп, қос қапталы биік тас жолдан сырғанап түсіп, тайғанақтай тәлтіректеп, базарға кіріп-шығып, саудасын жүргізіп жүрді. Өйткені қала ішіндегі базарлардай емес, «Жақсылық» аталған бұл базарға сауда жасау үшін жан-жақтан азық-түлік әкелетіндердің қарасы басым, сауда алаңының қоршауы да кең. Шынында да, бұл жер жексенбі күні ығы-жығы халыққа толып, алушысы мен сатушысы мидай араласып, сауда қызып жатады. Әлі де солай.
Алайда базардың санитарлық жағдайы мүлде сын көтермейді. Қоршау ішінде азық-түлікке арналған сөрелердің жоқтығынан саудагерлер жеміс-жидектерін жазда шаңы шығып жатқан жерге қойып сатуға мәжбүр. Қолы жеткендері кәдімгі ескі темір кереуеттерді қаз-қатар қойып, саудалайтын заттарын соның үстіне тізіп, өздері төсек үстіне жайғасып «жұмыс істейді». Ал ет пен басқа да мал өнімдерін сататын жабық базар іші мүлде санитарлық нормаға сай емес. Жаздың ыстығында етке қонған шыбын мен еденге шашылған ет қиқымы арасынан «қалы кілем» басып жүргендей жайсыз күй кешесіз. Осындайда сойылып әкелінген мал етін арнайы кесетін электр арамен кессе, мұндай сорақылық болмас еді-ау деп ойлайсың… Ескі, сынық тақтайлармен базар қоршауының қабырғасына жабыстырып жасалған «дәретхананың» іші-сырты адам қарағысыз. Іші толы пластикалық бөтелкелер мен қоқыстан аяқ қоярға жер жоқ.
«Жақсылық» базарының жыры айтылмай келе жатқан жоқ. Әлденеше рет аудан әкімдігінде өткен брифингте өңірдегі БАҚ өкілдері жауапты мамандарға осы бір келеңсіздік жайында айтып, құлақтарына салған еді. Өкініштісі, күні бүгінге дейін одан ешқандай қорытынды шықпады.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.