COVID-19 

Жағдай оңалып келеді

Облыста коронавирус індетінің беті қайтқаны байқалады. Осы уақытқа дейін жүргізілген қатаң  санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың нәтижесінде өңір « қызыл аймақтан» шығып, « сары аймаққа» өтті. Бірақ соған қарамастан облыста карантиндік шектеулер 17 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Талғат Тұңғышбаев брифингте айтты.

-Облыстың бас санитарлық дәрігерінің  №25 қаулысына сәйкес, облыстың  шекарасындағы санитарлық бекеттер жұмысын жалғастыра береді. Бірақ кейбір санитарлық бекеттерден медицина қызметкерлері алынып тасталды. Індеттің ошағын оқшауландыру орталығындағы медициналық-эпидемиологиялық бригадалардың мамандары науқастармен тығыз жұмыс істеуде. Жағдай оңалып келеді. Сол себепті кейбір нысандардың жұмыс кестесіндегі шектеулер жеңілдетілді, – деді Талғат Тұңғышбаев.

Департамент өкілінің айтуынша, енді моншалар мен сауналар, фитнес орталықтары аптаның алты күнінде, өз жұмыс кестелері бойынша жұмыс істей алады. Бірақ нысандардың толуы 50 пайыздан аспауы тиіс. Ғимараттардан тыс орналасқан мұз айдындарының толтырылуы 50%-дан аспаған жағдайда, аптаның барлық күндері бойынша шектеусіз жұмыс істейді. Енді қоғамдық тамақтану орындарына да  сенбі, жексенбі және мереке күндерінен басқа кезде, барлық санитарлық заласыздандыру шараларын сақтай отырып, таңғы 7.00-ден түнгі 24.00-ге дейін қызмет көрсетуіне болады. Риддер қаласы, Алтай, Глубокое аудандарындағы азық-түлік базарлары мен азық-түлік сатпайтын базарлары сенбі, жексенбі, мереке күндерінен басқа кезде сағат 7-19 аралығында жұмыс істейді. Ғимарат ішінде орналасқан  азық-түлік базарлары мен азық-түлік сатпайтын базарлары, ғимараттан тыс орналасқан  азық-түлік сатпайтын базарлары, дүкендер, сауда үйлері, шағынмаркет, супермаркет, гипермаркеттер  аптаның алты күнінде жұмыс істей алады. Жұмыс берушілер штаттық кестеде 40-тан артық  қызметкер болған жағдайда, қызметкерлердің кемінде 60%-ы қашықтан жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.

Талғат Тұңғышбаев қазір облыстың сары аймақта болғанына қарамастан, санитарлық шараларды сақтамағанда жағдай кез келген уақытта нашар жаққа қарай өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

-Біз тұрғындарды сақтану шараларын ұстануға шақырамыз. Маскалық режим, әлеуметтік қашықтық сияқты санитарлық нормаларды сақтауды жалғастыру керек. 65 жастан асқан адамдарда СOVID-19 ауруының симптомдары ауыр түрде өтуі мүмкін, осыған байланысты олардың қозғалысын шектеу өзекті болып қала бермек. Қазір облыстың сары аймақта болғанына қарамастан, санитарлық шараларды сақтамағанда жағдай кез келген уақытта нашар жаққа қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан арқаны кеңге салып, салғырттық таныту үлкен қателіктерге әкелуі мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тақпау әлі де байқалады. Сондықтан санитарлық ережелер мен мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің барлық талаптарын сақтауды сұраймыз. – деп түйіндеді Талғат Тұңғышбаев.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button