ТОП

Жаңа оқу жылында қалай оқимыз?

Қыркүйек айы жақындаған сайын ата-аналар мен балаларды бір сұрақ мазалайды, ол – оқу жылын қалай оқимыз? Қашықтан ба, әлде әдеттегідей мектепке бара ма? Өткенде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезінде білім беруді ұйымдастырудың бірнеше нұсқасы зерделеніп жатқанын ескерткен. Сала министрінің 2020-2021 оқу жылына дайындық туралы мәлімдемесіне сүйенсек, бірінші тоқсан шалғайдағы шағын жинақты ауыл мектептерін қоспағанда, еліміздің барлық білім мекемесінде 1-ден 11-ші сыныпқа дейінгі оқушылар түгел қашықтан оқиды делінген.

– Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша ахуал жақсаратын болса қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта халықтың ауыру деңгейі тұрақты түрде төмендеуіне байланысты мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізіледі. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту қашықтан ұйымдастырылатын болады, – деген еді Асхат Аймағамбетов.

Осыған орай біз облыстық білім беру басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға хабарласып, өңірдегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы ақпарат сұрадық.

– Жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес оқу процесін екі нұсқада: штаттық режимде және қашықтан өткізу жоспарланған. Ағымдағы оқу жылында оқушыларды телесабақ арқылы оқыту болмайды. Жаңа оқу жылында облыс бойынша барлығы 646 мектеп жұмыс істейді, онда 189 255 бала оқиды.

– Штаттық режимде оқытатын мектептерге қандай талаптар қойылады?

– Бұл нұсқа бойынша оқитын білім ошақтарында өте қатал санитарлық нормалар мен талаптар сақталуы керек. Облыста 267 мектеп осындай нұсқамен оқытатын болады. Онда 15 859 оқушы қамтылған. Оқушылар ең алдымен барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып білім алатын болады. Атап айтсақ, дезинфекциялық кілемшелермен, санитайзерлермен, тепловизорлармен және оқушыларды маскалармен қамтамасыз ету басты міндет болып саналады. Сабақтар әр сынып үшін жеке кабинетте өткізіледі, кабинет жүйесі болмайды. Сыныптағы оқушылар саны оннан аспау керек. Бүгінгі таңда қала және аудан әкімдіктері санитарлық нормаларды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды қолға алды.

Ал енді қашықтан оқытатын білім ошақтары туралы айтсаңыз. Оларда ресурстар жеткілікті ме?

– Аймақтағы 179 мектептің 173 396 оқушысы электронды ресурстар арқылы қашықтан оқиды. Біз жасаған талдауларға сүйенсек, 173 396 оқушының 162 942-і интернет желісіне қосылған, 11 454 бала (3 200 отбасы) интернетпен қамтамасыз етілмеген. Бұл оқушылар үшін SIM картасы бар роутерлер сатып алынады және интернеттің жоғары трафигі бар тарифтер қосылады. Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін балаларда компьютерлік техника мен электронды ресурстардың болуына да талдау жүргізілді. 173 396 оқушының 156 492-і компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.  Ал  4 800 отбасының электронды ресурстары жоқ, бұл шамамен 16 904 оқушы. Алайда олардың жартысының интернетті қосуға мүмкіндігі бар. Сонда  2600 отбасындағы  9 182 оқушыға мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға беріледі. Яғни, төрт балаға екі ноутбук есебінен қамтамасыз етіледі.

– Қашықтан оқыту қандай платформаларда жүреді?

– Қашықтан оқытуды жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе kundelik.kz, сандық білім беру ресурсы Bilimland.kz және Daryn.online.kz сияқты негізгі платформалар пайдаланылатын болады. Ал облыстың барлық мұғалімдері мен оқушылары электронды журналдар жүйесіне kundelik.kz және Bilimland.kz білім беру платформасында қол жеткізе алады.

Әзірге облыста  жаңа оқу жылына дайындық осындай екі нұсқамен басталып кетті. Алайда, Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектептер режимнің әлсіреуіне дайын болуы керек, сонымен бірге тиісті санитарлық жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс.

– Бізге бірінші, екінші және үшінші нұсқаға да дайын болу керек. Қажет болған жағдайда эпидемиологиялық ахуалдың қалай қалыптасатынына байланысты өзгерістер болады. Біз оқу жылын қалай бастасақ ол кейін өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз барлық білім беру бөлімдерін, басқармалар мен мектептерді үш нұсқада да оқыта алатындай етіп қалыптастырамыз, – деді білім және ғылым министрі.

Бөлімдер енді басқармаға қарайтын болады

 

«Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі. Сарапшылар аудандық, қалалық білім бөлімдері мен облыстық басқарманың өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы бұрыннан айтып келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті заң қабылданды. Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім басқармасына беріледі, яғни бұл мектептер мен балабақшаларға да қатысты. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам», – деп жазды министр Facebook парақшасында.⠀

Министрдің хабарлауынша, халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсетті. Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық екі жылдан асады.

⠀– Егер білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселесіне көз жүгіртсек, онда да бір облыс ішінде диспропорцияны байқауға болады. Бұл әсіресе, мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары мен жаңа білім беру ұйымдарын салу кезінде байқалады. Бүгінгі жағдай мынадай: мектептер мен балабақшалар аудандық және қалалық білім бөлімдеріне бағынады, ал білім бөлімдері өз кезегінде аудандық немесе қалалық әкімдіктерге бағынышты. Ондағы басшылар аудан немесе қала әкімдерінің шешімі бойынша жұмысқа тұрады, қызметтен босатылады және мекемелер қаржыландырылады. Ал облыстық білім беру басқармаларының заңды түрде және іс жүзінде де ешбір қаржылай, әкімшілік құзыреті болмағандықтан мектептер мен балабақшалардың дамуына айтарлықтай әсер етпейді, – деген пікірін жеткізді министр Асхат Аймағамбетов.

Иә, қыркүйек қыр астында. Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылы басталады. Жауапты сала өкілдері қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты. Олай болса ата-аналарымыз да алдағы маңызды кезеңге қазірден бастап дайындала бергені дұрыс шығар.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button