Жаңалықтар

Жаңа кешендегі жарқын көріністер

Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында көпфункционалды мәдени-спорттық кешен ашылды. Көпфункционалды мәдени-спорттық кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов,  облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Жаңадан ашылған кешенде ауқымды мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге жоспарланған үлкен зал бес мың орынға есептелген. Халықаралық деңгейде өтетін түрлі спорттық жарыстар енді Семей қаласында ұйымдастырылатын болады.

-Бұл кешен халықаралық мәдени және спорттық іс-шараларды өткізе алатын ғимарат,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-ол әлемдік талаптарға сәйкес салынған және тиісті спорттық жабдықтармен қамтылған. Кешенде олимпиадалық бассейн және 55 адамға арналған сауықтыру бассейні, заманауи субұрқақтар кешені және көптеген мәдени және спорттық ғимараттар бар. Спорт ғимаратының жалпы ауданы 33,8 мың шаршы метрді құрайды. Ірі кешеннің құрылысын отандық компания «Фирма АЗИЯ» ЖШС жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны – 26 миллиард теңге. Енді Семей қаласында қала тұрғындарының демалуына, сондай – ақ халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге тамаша жағдай жасалды.

Тәуелсіздік мерекесіне орай ашылған  спорт кешенінің салтанатты рәсімінен соң,  күмбез астына алғашқы қонақтар   жиналды. Шығысқазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

-Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жетістіктеріне Шығыс Қазақстан облысы да өз үлесін қосты. Бұл өңірде өндіріс те, аграрлық сала да кеңінен дамыған. Тантал, мыс, мырыш, ауыл шаруашылығы өнімдерінің кейбір түрлерін өндіру бойынша жетекші орынға ие. Облыс субсидияланған бизнес жобаларының,  жасалған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарттарының саны бойынша немесе республика бойынша іске асырылып жатқан жобалардың көрсеткіші бойынша  бірінші орынға ие. Дәл сіздерде ғана елдегі алғашқы роботтандырылған хирургия орталығы, нейрохирургиялық гибридті операциялық орталық ашылды. Екі жыл ішінде барлық мектептер IT-сыныптармен жабдықталды. Білім беру және медициналық қызметтердің сапасы ұдайы артып келеді. Осының барлығы азаматтардың әл- ауқаты үшін атқарылған игілікті шаруалар,- деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жаңа кешенде өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында.

Облыс әкімі Даниал Ахметов те өңірдің Тәуелсіздіктің 28 жылдағы жетістіктері туралы толығырақ айтып берді.

– Біз осы тарихи кезеңді, ең бастысы – мемлекеттілікті, тіл мен мәдениетті жаңғыртудың бірегей мүмкіндігін мақтан тұтамыз, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов, – Елбасы айналасына топтасып, біз алға қарай қадам бастық. Ежелгі қазақ жерінде біз Ұлы Дала Елі тарихымен үнемі байланыстамыз. «Болашақ бүгінгі таңда қалыптасады» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси философиясы прогреске және жасампаздыққа бағытталып, ел дамуының стратегиялық бағытын анықтады. Біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын сақтап, нығайту болып табылады,-деді облыс әкімі.

Салтанатты жиын барысында елу шығысқазақстандық мемлекеттік марапатқа ие болды. Бес азамат «Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы» атанды. Мәселен, «Абай Құнанбаев» қорының құрылтайшысы Балтабек Ерсәлімов Құрмет орденімен марапатталды. Салтанатты жиын өнерпаздардың  мерекелік концертімен аяқталды.

Жиналғандарды мәдени-спорттық кешеннің ауқымы ғана емес, оның ашылуына арнайы дайындалған мерекелік концерт де таңғалдырды. Бағдарламаға жетекші шығармашылық ұжымдар қатысты. Олардың қатарында облыс әкімінің симфониялық оркестрі, Байжігіт атындағы ұлт аспаптар оркестрі,  Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның «Бибігүл»  халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы театр әртістері, студенттік симфониялық оркестр, М.Әуезов атындағы музыкалық колледждің би ұжымдары да бар. Сондай-ақ балет мектебінің студенттері, Семей қаласының «ЖасҰлан» клубының кадеттері,  ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка училищесінің студенттер хоры, “Инкоро” вокалдық тобы, №1 музыка мектебінің «Визит» балалар студиясының хоры,  «Ертіс концерттің» солистері өнер көрсетті. Сөйтіп, бес мың көрерменге ерекше сыйлық жасалды.

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай»  операсынан  үзінді, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» вокалды-музыкалық нөмірлері ұсынылды. Хореографиялық ұжымдардың «Халықтар достығы» би композициясы Қазақстанның барлық этностарын біртұтас шаңырақ астына біріктірді. Бұл қойылымда әртістер әр ұлттың мәдениеті мен құндылықтарын жеткізе алды.  Іс-шараның екінші бөлімінде «Заманауи технологиялар әлемінде сананы жаңғырту»  атты пано-технологиялар мен мультимедиялық реквизитті қолдану арқылы «Flash» тобы би орындады. «Жастар жылы – WelcometoKazakhstan»  вокалдық- музыкалық нөмірін «Алау» тобы мен балалар вокалдық конкурстарының лауреаттары, атап айтқанда, Ақжол Бияхмет, Нила Набережных, Дарина Магауиналар орындады. Концерт «Қазақстан» әнімен аяқталды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button