Аймақтар аухалы

Жұрттың талап-тілегі жүзеге асып жатыр

Қала әкімі Ермак Сәлімов Абыралы өңіріне барып, биылғы ақпанда халықпен есептік кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуын қадағалады.

Әкім Айнабұлақ ауылындағы күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратын көрді. Жергілікті қазынадан бұл үшін 7 миллион теңге бөлінген. Мұнда клуб, фельдшерлік пункт орналасқан. Мектепті сумен қамту және шағын балалар орталығын ашу үшін «Семей су» мекемесі құбыр тартып жатыр. Ауыл тұрғындарының пікірін тыңдап, қысқа дайындық жұмыстарымен танысты.

– Алғабаста Ермак Бидахметұлы оқушылармен, ұстаздармен кездесіп, мектептің үшінші қабатында жүріп жатқан жұмысты қадағалап, тапсырмалар берді, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаев, – Өткен жылы үшінші қабаты жабық тұрған білім ордасын жөндеу туралы халықтан өтініш болғандықтан, жеті миллион теңге бөлінген. Халық ақпандағы кездесуде әкімдік ғимаратын жөндеу туралы мәселе көтеріп, қазір толық аяқталған. Сондай-ақ ауылдағы көпбалалы ана Қарлығаш Сыздықова әкім қолдауымен үймен қамтылды. Қайнар ауылында өзекті мәселе ауызсу болатын. Қазір су құбырлары барлық үйлердің аулаларына әкелінді, әрі қарай тұрғындар өздері тартуы керек. Қала басшысы бірнеше үйде болып, ветеринарлық пункт жұмысымен танысты.

Ермак Сәлімов мектеп асханасының санитарлық жағдайын көрді. Мектеп директоры қазірге дейін ауызсуды пайдаланбайтынын, бұл проблема оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға кедергі келтіретінін айтты. Бұл мәселе қысқа мерзімде шешіледі деді қала басшысы. Қайнар ауылындағы мәдениет үйінде қала әкімі халықпен кездесіп, тұрғындар сұрақтарына жауап алды. Мәдениет үйі келесі жылы автобуспен қамтылмақ. Қала әкімі ауылды аралап, көшелердің жарықтандырылуын қарады.

Ермак Сәлімов Абыралы ауылындағы орта мектеп мұғалімдерімен кездесіп, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ ауыл әкімдігі өрт сөндіру көліктерімен жабдықталған.

– Ақбұлақ ауылының мектептерін жылумен қамту үшін қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталды, – деді Роллан Кемербаев, – мектептер жылы. Қала әкімі ауыл тұрғындарының санын арттыруды тапсырды. Ауылға көшкендерге жер телімдерін, төмен пайызбен несие беру мәселесі қаралады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button