Білім

Жұмыссыздар санын азайтуға мүдделі

2020 жылдың екінші тоқсанында облыста жұмыс істегісі де, оқығысы да келмейтін жастар саны күрт артқан. Егер ағымдағы жылдың алғашқы үш айында облысымызда мұндай жастардың үлесі 5,7 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 8,6 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында облыстық жастар мен балалар ұйымдары қауымдастығының Семей қаласындағы филиалының директоры Эльзира Жүнісова мәлім етті.

Эльзира Жүнісова атап өткендей, қазіргі уақытта аталмыш қауымдастық мамандары облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған үш жылдық әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобаның мақсаты – NEET санатындағы жастардың санын азайтуға бағытталған іс-шаралар кешенін әзірлеу.

– Бұл – қоғамымыз үшін айтарлықтай жаңа тұжырымдама. Дегенмен, жұмыс істемейтін және оқығысы келмейтін жастардың проблемасы бізде ғана емес, әлемнің дамыған елдерінде де бар. Мәселен, Бразилияда мұндай санаттағы жастарды «nem-nem», ал Жапонияда «хиккикомори» немесе жай ғана «хикки» деп атайды, – дейді Эльзира Жүнісова.

Негізі, әлем елдерінде NEET санатына біреудің асырауындағы жастарды, кішкентай балаларды тәрбиелеп отырған қыз-келіншектерді, фрилансерлерді, ауыл жастарын, аз қамтылған отбасылардың балаларын, мүгедектер мен бейәлеуметтік жастар топтарын жатқызады екен.

Айта кетейік, бүгінде біздің облыс NEET санатындағы жастардың саны бойынша республикадағы көшбасшы аймақтардың бірінен саналады. Жалпы, елімізде осы бір санатқа жататын 265,5 мың жас бар екен.

Статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, облысымызда 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 244 мың жас бар болса, оның басым көпшілігі (147 456 жас) қалада тұрып жатқан-ды. Ал ауылдағы жастардың үлесі 96 549 адамды құраған.

– Жобаны жүзеге асыру барысында біз Семейде, Өскеменде және Көкпектіде оқыту семинарларын өткізіп, пікір алмасу алаңдарының, азаматтық белсенділік мектептерінің жұмысын ұйымдастырдық. Сондай-ақ әлеуметтік сауалнама жүргізіп, аймақтағы NEET жастары туралы мәліметтер қорын жинадық. Бұған қоса, жастарға кеңес беру орталықтарын аштық, онда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау іс-шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат ала алады, – дейді Э.Жүнісова.

Осы ретте, облыста ағымдағы жылдың тоғыз айында «Еңбек» бағдарламасы аясында 16 мың жасқа қолдау көрсетілгенін айта кеткен жөн болар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының көмегімен 3 700  шығысқазақстандық жас жұмысқа орналасыпты. Жазғы каникул кезінде 1 206 адам «Жасыл ел» студенттік жасақтарының қатарында еңбек еткен. Негізінен бұл жетім балалар мен мүгедектер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар екенін айтқан абзал. Олардың арасында колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, орта мектеп оқушылары, сондай-ақ жұмыссыз жастар бар.

Облысымызда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 294 жас маман жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгенің бюджеттік несиесін алған. Олар сонымен бірге, 102,9 миллион теңгенің жәрдемақысына ие болған.

– Негізі жастарымызды жұмыспен қамтудың ең тиімді бағдарламасы деп «Жастар тәжірибесі» жобасын айтар едім. Биыл аталмыш бағдарламада екі жаңа бағыт пайда болды. Оның бірі «Бірінші жұмыс орны» деп аталса, екіншісі «Ұрпақтар келісімшарты» деген атауға ие, – дейді жастар қоғамдық ұйымының директоры.

Тарқата айтар болсақ, Э.Жүнісова мәлім еткен бірінші жоба жас маманға кемінде 24 ай мерзімге жұмыс орнын ұсынуды көздейді. Осылайша, жастар алғашқы жұмыс тәжірибесін алмақ. Ал «Ұрпақтар келісімшарты» жас маманға жақын айларда зейнетке шыққалы отырған қызметкердің жұмыс орнына орналасуға мүмкіндік береді. Яғни, болашақ зейнеткер алдын ала еңбек ұжымында өзін алмастыратын адамды дайындай алады.

– Облысымызда NEET жастарының санын азайтуға бағытталған іс-шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асыру 2022 жылдың соңына дейін жалғаспақ. Осы уақыт ішінде біз жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, қалыптасқан ахуалды оңалтуға өз үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз, – деп түйіндеді Эльзира Жүнісова.

Софья Соболевская

Семей.

Осы айдарда

Back to top button