Қоғам

Өзгеше форматта ұйымдастырылды

Өскемендегі «Алтай» стадионында биылғы қысқы туристік маусымның ашылу салтанаты өтті. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мұрындық болуымен өткен іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ерекше мерекелік акция ұсынылды.

– Шығыс Қазақстан – тауы да, көлі де, орманы да көп еліміздегі бірегей өлке. Осындай табиғаты көркем аймақта туризмді дамытуға да мүмкіндік мол. Қазір өңірде қысқы туризмді өрістетуге көп көңіл бөлінуде. Өскеменнің іргесінде шетелдік қонақтарға да ұялмай көрсетуге болатын бірнеше заманауи демалыс базасы бар. Алайда биылғы қысқы маусымның ашылуын «Алтай Альпісі» мен «Нұртау» сияқты тау-шаңғы кешендерінде емес, облыс орталығында өткізуді ұйғардық. Бұл халық үшін де қолайлы. Сондықтан да осы жерді арнайы таңдап, іс-шарамызды өткізіп жатырмыз. Облыста әсіресе жастардың қысқы спорт түрлерімен шұғылдануына ерекше ден қойылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін халық көп жиналды, соның дені жастар. Мұндай іс-шаралар басқарма тарапынан алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады, – деді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.

Айта кетейік, шаһардағы «Алтай» стадионында өткен мерекелік іс-шара аясында қонақтар назарына мәнерлеп сырғанау мен хоккей сияқты қысқы спорт түрлерінен әзірленген арнайы қойылымдар ұсынылып, «Әкем, анам және мен» көңілді старты ұйымдастырылды. Аталмыш байқаудың  қорытындысы бойынша үздік атанған командаларға теледидар, кір жуғыш машина, ноутбук секілді бағалы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ дәл осы жерде қаланың танымал диджейлерінің қатысуымен өткен би кеші мен түрлі викториналар да көптің көңілінен шықты.

– Бүгін бала-шағамызбен мұз айдынына келіп, коньки теуіп сергіп қалған жайымыз бар. Көңіл-күй тамаша. Әсіресе балалар мәз. Қаламызда осындай іс-шаралар жиірек өткізіліп тұрса деген тілегім бар, – дейді Серік есімді азамат.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button