Экономика

Өзге өңірлерден алда келеміз

Біздің облыс Еурапалық қайта құру және даму банкімен, сондай-ақ өзге де халықаралық қаржы институттарымен инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда алда келеді. Бекітілген қаржылық құжаттардың үлесі республикадағы жалпы көрсеткіштің 29 пайызын құрап отыр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық мәжілісте айтылды. Аймақ әсіресе, Еуропалық қайта құру және даму банкімен соңғы жылдарда белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінге дейін облыстық әкімдік пен ЕҚҚДБ арасында 12 жоба бойынша 69,3 млрд. теңгенің қаржылық құжаттары бекітілген. Оның ішінде несиелік келісім бойынша 36,1 млрд. теңгенің сегіз жобасы және алдын ала келісім бойынша 33,2 млрд. теңгенің төрт жобасы бар.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың 14 қарашасында Бейжіңде өткен Орталық-Азия инвестициялық форумының аясында ЕҚҚДБ мен «Universal Energy Co., Ltd» компаниясының арасында «Жарма ауданында орнатылған қуаты 30 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы» жобасы бойынша алдын ала келісім бекітілген болатын. Жоба құны – 17,5 млрд. теңге. Аталмыш нысан биылғы қазан айында қолданысқа берілмек.

– Осылардың бәрін қосқанда ЕҚҚДБ-мен жалпы сомасы 87,5 млрд. теңге болатын 13 қаржылық құжатқа қол қойылып отыр. Бұл республикалық жалпы көрсеткіштің 29%-ын құрайды. Ал Жарма ауданындағы күн электр стансасы ағымдағы жылдың қазан айында іске қосылады деген, – «Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аймақтық орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтығұтов қолға алынған жобалардың басым бөлігі қалалар мен аудандардың жылумен және сумен қамту жүйелерін жаңғыртуға, көшелерін жарықтандыруға бағытталып отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге ол қол қойылған  жобалардың жүзеге асырылу барысына да тоқталып өтті. Мәселен, Семей қаласының жылумен қамту жүйесін жаңғырту жобасының құны 8,4 млрд. теңге, несиелік келісім 2015 жылдың 24 желтоқсанында бекітілген. Бұл бойынша сегіз жобаны жүзеге асыру көзделген, барлық келісімдер ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Өскемен қаласының да жылумен қамту жүйесін жаңалау жобасының құны – 5,2 млрд. теңге, несиелік келісім 2017 жылдың 2 тамызында жасалған. Мұнда төрт жобаны іске асыру қарастырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезекті жылыту маусымы аяқталған соң 2020 жылдың сәуірінен бастау жоспарланып отыр.

Бұлардың қатарында Өскемен және Семей қалаларының сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерін жаңғырту, аталған қалалардың көшелік жарықтандырылуын жаңғырту жобалары да бар. Дәл осындай көшелік жарықтандыруды жаңғырту жұмыстары қалалар мен аудандардың орталықтарында да қолға алынады. Нәтижесінде өңірдегі ірі елді мекендерде 10 мың жарықшам, 7,8 баған, 215 шақырым кабель, 400 басқару шкафы ауыстырылып, бірыңғай диспетчерлік орталықтар енгізілмек.

Халықаралық ірі қаржы институттарымен орнатылған әріптестіктің арқасында Өскемен мен Семей қалаларындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін де жаңғыртуға мүмкіндік ашылып отыр. Ортақ құны 23,5 млрд. болатын жобаға алдын ала келісім 2018 жылдың 5 маусымында жасалған. Қазіргі уақытта австриялық консультант-компания «GWCC» техникалық-экономикалық зерттеуді аяқтап келеді, оның қорытындысы негізінде жобалардың қаржылық және техникалық параметрлері анықталмақ.

– Өскемендегі Красин кенті аумағындағы қазіргі полигонның жағдайын жақсы білесіздер. Оның орнына таңдалған, осы уақытқа дейін айтылып келген екі жер учаскесі де қойылатын талаптар үдесіне сай болмай шықты. Сондықтан басқа орын іздеуге тура келді. Қазір Өскемен қаласына қажет тұрмыстық қалдықтар орнына жер Ұлан ауданының Алмасай ауылы маңынан белгіленді. Ал Семей қаласына келсек, онда да гидрогеологиялық зерттеу жүргізіліп, Приречное ауылының маңынан жер учаскесі анықталды. Бұл қолданыстағы тұрмыстық-қатты қалдықтар полигонынан жеті шақырым жерде орналасқан, – деді Шәкәрім Бұқтығұтов.

Шәкәрім Сабырұлының айтуынша, техникалық-экономикалық зерттеу қорытындысы ары қарай қалдықтарды жою технологиясы мен тәсілдерін анықтау мақсатында биылғы қарашада ЕҚҚД банкіне ұсынылады. Ал несиелік келісімді бекіту 2019 жылдың соңына жоспарлануда.

– Барлығын қоса есептегенде облысқа инвестиция тарту бойынша құны 302,5 млрд. теңге болатын 102 жобаның несиелік портфелі құрастырылды. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Мұның сыртында Азиялық даму банкімен әріптестік орнатуға ұсыныстар жібердік. Жалпы сомасы 178,9 млрд. теңгенің төрт жобасын бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар өңірге қазақстандық даму институттарының желісі бойынша да қаржы келуде. «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 4,2 млрд. теңгеге Семей қаласына отандық өндірістегі 170 автобус алынды. Сонымен қатар облыс орталығының қоғамдық көліктерін жаңарту мақсатында 85 жаңа автобус алу үшін жыл соңына дейін 4,7 млрд. теңге болатын несиелік келісімге қол жеткізу жоспарлануда, – деген Шәкәрім Бұқтығұтов өңірге инвестиция тарту жұмыстары ары қарай да жалғасатынын жеткізді.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалаған облыс әкімі Даниал Ахметов тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жобасын қараша айына дейін аяқтап, жыл соңына дейін келісімге қол жеткізу керектігін, Өскемен қаласына автобустар алу келісімін тездетуді, сонымен бірге қалалар мен аудандар әкімдері де өз аумақтарында ЕҚҚДБ қолдауымен бірлескен жобаларды іске асыруды ойластыруларын тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button