Мәдениет

Өзге ұлттың студенттері қазақ тілін жақсы біледі

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – облысымыздағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында мемлекеттік тілді білуден облыс Әкімінің жүлдесі үшін өткізілген осы байқау.

Өзге ұлттың студенттері қазақ тілін жақсы біледіБірнеше кезеңнен тұратын бәсеке Семей мен Өскемен қалаларындағы төрт жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттер арасында өтті. Тіл сайысына Семей мемлекеттік педагогикалық институты «Достық», Семей медициналық университеті «Шипагер», Д.Серікбаев атындағы техникалық университет «Шаңырақ», ал С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеті «Шығыс шынары» командаларын үкілеп қосқан екен.

Үш сағатқа созылған байқау барысында ұлты өзге студент қыздар мен жігіттер көпшілікке өздерін өлең арқылы таныстырудан бастап, «Ойлан, тап», «Мақал – сөздің мұнарасы», «Ол не? Бұл кім?», «Өнер табу – өрге шабу» сынды бірнеше сынақ түрлерінен сүрінбей өтуге талпынып бақты.

Бәсекеге қатысқандардың бәрі бірдей керемет өнер көрсетті дей алмаймыз. Дегенмен, көп алдында өнер көрсеткен өзге ұлт өкілдерінің жауапкершілікті сезініп, мемлекеттік тіл сайысына жан-жақты дайындалып келгендіктері байқалып тұрды. Айталық, Өскемендегі Абай ескерткішінің ашылған жылы мен оның биіктігі, Жамбыл атындағы облыстық драма театрындағы қазақ труппасының қай жылы құрылғандығы, Семейдегі аспалы көпірдің пайдалануға берілген уақыты, Семей полигонына арналып ашылған монументтің атауы, Өскемен қаласы іргетасының қаланған жылы деген секілді ел мен жер тарихына байланысты сан алуан сауалдардың жауаптары бірде дұрыс, бірде бұрыс беріліп жатты. Белгілі бір мақалды толықтырып айту кезеңі де өзінше қызғылықты өтті. Бірді-бірге соғып, сахнада бұрын-соңды естімеген «тың мақал» тудырғандар да болды.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, командалар кезекті сайыс түріне дайындалуға кеткен сәттерде сахнаға жекелеген өнерпаздар шығып, жұртқа алданыш болған-ды. Сондай бір әредікте сахнаға орыс, қазақ тілдерін місе тұтпай, ағылшын тілінде ән шырқап, өзіміздің қазақ қызы шықты. Мейлі ғой, өнерпаз қай тілде, қанша ән айтамын десе де, өз еркі. Бірақ, «мемлекеттік тілдің мәртебесін қайтсек көтереміз?» деп, жас-кәріміз, орыс-қазағымыз бірдей жанталасып, байқау өткізіп жатқанда, сол мемлекеттік тілдің төл өкілінің ағылшынша шүлдірлегені өрескел болды.

Осындай кері кеткендерді көрген өзге ұлттың жастары «Сіздер әуелі түп тамырынан ажырап, өз тілінен жерініп жүрген қазақ жастарын мемлекеттік тілде сөйлетіп алыңыздар. Біз сол замандас-құрбыларымыздан үлгі алайық» десе, не дер едік? Осы тұрғыдан алғанда сайысқа түскен өзге ұлт өкілдері студенттерінің мемлекеттік тілді меңгерудегі кемшін тұстарына кешіріммен қарап, білмегенін айтып, осал тұсын толықтырып жіберу кез келгеніміздің парызымыз болуы тиіс секілді.

Студенттер сайысына қатысушылардың білім-танымын таразылаған қазылар алқасы да осы үдеден шыға білді деуге болады. Оған қазылар алқасының төрағасы Жұмағазы Игісіновтің студенттерді тіл бәсекесіне дайындаған мұғалімдерге, олардың сахнаға киіп шыққан киімдерін әзірлеген шеберлерге, жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген таудай талаптарына ақтарыла жеткізген тілегінен аңғардық.

Сайысты қорытындылаған қазылар бас жүлдеге «Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің «Шаңырақ» командасы лайық» деген шешімге келіп, оларға облыс Әкімі атындағы кубокты табыс етті. Жүлделі бірінші орынды Семейден келген болашақ дәрігерлердің «Шипагер» командасы иеленсе, С.Аманжолов атындағы университеттің өнерлі жастарының «Шығыс шынары» командасы екінші, ал семейлік мұғалімдер институтының «Достық» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button