Білім

Өзге ұлт жастары мемлекеттік тілдің мерейін өсірді

Өзге ұлт жастары мемлекеттік тілдің мерейін өсірді


Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 29 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірлерінде «Мен қазақша сөйлеймін» атты жалпыреспубликалық акция басталды. Осыған орай, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Бородулиха ауданында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешені өткізілді.

Иә, мемлекеттік тіл мерейінің үстем болуы Қазақстанда тұратын барлық халықтарға байланысты екені сөзсіз. Қазақ тілін құрметтегенің – болашағыңды ардақтағаның. Мемлекеттік тіліміз тұғырда тұрғанда біздің тәуелсіздігіміз де баянды болмақ. Осы орайда өзге ұлт жастарына мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, дамытуды мақсат еткен іс-шаралар кешеніне облыстың қалалары мен аудандарындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері, мемлекеттік органдарда қызмет істейтін және оқу орындарында оқитын жастар мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Шараға қатысушыларды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев құттықтап, сөз сөйледі.

– Бүгінгі «Мен қазақша сөйлеймін» атты акция аясында өтіп жатқан «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешеніне қош келдіңіздер! Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бірлесіп өткізіп отырған бұл шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау, қолданыс аясын кеңейту. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ ұлтаралық келісімді ел бірлігінің басты қағидасы ретінде белгіледі. Бүгінгі шараға барлық облыстың әр қаласы мен аудандарынан қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастары қатысып отыр. Қазақ тілі қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлттардың да мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – ортақ тіл дегенді біз ешқашан ұмытпаймыз. Қазақ тілі – Қазақстанда туған, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Олай болса, осы бүгінгі шараға қатысып отырған қатысушыларды Қазақстанның нағыз патриоттары деп айтуға болады. Мемлекеттік тілді меңгере отырып, мынау жаһандану заманында басқа елдермен достық қарым-қатынасты дамыту үшін ағылшын тілін де білуіміз қажет деп есептеймін. Бұл – уақыт талабы, заман сұранысы. Мемлекеттік тілді насихаттауға арналған бүгінгі шараға белсене қатысып, алдыңғы қатарда болатындарыңызға сенімдімін. Егеменді елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Асқар Қисаұлы.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Бородулиха аудандық филиалы төрағасының орынбасары Сәуле Орашева да «Мен қазақша сөйлеймін» атты жалпы республикалық акция аясында ұйымдастырылған іс-шаралар кешеніне қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

– Тіл – әрбір ұлттың мақтанышы және дүниенің айнасы. Ол қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі және құрметті. Міне, сондықтан ұлттың болашағы – оның ана тілінде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттің басты дүниесі тек байлық емес, оның тілі» деген болатын. Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым, ол әрбір адамның ана сүтімен бірге қалыптасады. Ана тілін сүйген адам туған жерін, туған елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал бұлардың бәрі адам баласы үшін қасиетті ұғымдар. Бүгінгі өткізіліп отырған шара қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілді үйренсем деген азаматтарға қолдау көрсету болып табылады, – деген С.Орашева шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Толғандырған тақырыпты қозғаған ток-шоу

Сөйтіп, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешені «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» атты ток-шоумен басталды. Жалпы, бүгінгі таңда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл мәселе қазақ тілді қоғамның арасында жан-жақты айтылып, талқыланып келе жатыр. Осы орайда қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жаңа әліпби туралы көзқарасы, пікірі қандай? Қазақстанның азаматы ретінде бұл мәселе оларды да толғандыратыны анық. Бородулихадағы мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлмира Ильяшеваның айтуынша, осынау ток-шоудың да мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, жаңа үлгідегі әліпбиге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, латын әліпбиіне көшу кезеңіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын насихаттау, мемлекеттік тілді кеңінен қолдану мен дамытуды жандандыру.

– Тіл – адамзат қоғамын құру үшін халыққа берілген маңызды құрал ғой. Оны өзге де механизмдер секілді қоғамның дамуы үшін үнемі жетілдіріп, жаңғыртып отыру қажет. Осы орайда әліпби таңдау аса маңызды. Бұл бағыттағы бастамаларға жеңіл қарауға болмайды, – дейді Гүлмира Ильяшева.
Ток-шоу барысында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары латын әліпбиіне көшудің тиімді, тиімсіз тұстары туралы ой өрбітіп, пікірлерін ашық ортаға салды.

– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл қазақ қоғамы үшін ешқандай да жаңа әліпби емес, тарихқа көз жүгіртсек, 1929-40 жылдары латын графикасы қолданыста болған. Біз тек латын әліпбиіне қайта оралып жатырмыз. Мен жаңа әліпбиге көшуді қолдаймын. Өйткені, әлемнің 80 пайызы осы латын графикасында жазып, оқып отыр, – дейді Бородулиха ауданына қарасты Зубаир ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, татар ұлтының өкілі Азат Гайфутдинов.

– Кез келген тіл адамға ана сүтімен дарып, бойына сіңеді. Сондықтан да мемлекеттік тілді балаға кішкентайынан үйрету өте маңызды. Осы орайда мен өзге ұлт өкілі болсам да, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрмін деп айта аламын. «Балдәурен» балабақшасында еліміздің болашағы – кішкентай балаларға мемлекеттік тілден дәріс беремін. Сөйтіп, Отанымыздың кішкентай патриоттарын тәрбиелеп жатырмын. Олардың латын графикасын да тез меңгеріп кететініне сенімдімін, – деді Бородулихадағы «Балдәурен» балабақшасының қызметкері, қазақ тілінің мұғалімі Галина Чупрова.

Ал Шемонайха ауданынан келген Екатерина Бейсембаева латын әліпбиіне көшу туралы шешімнің біздің балалар үшін өте пайдалы болады деген ойын жеткізді.

– Латын әліпбиі – қазақ елінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Әрі әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуімізге де ықпал етеді, – деп санайды ол. Сондай-ақ риддерлік София Шарипова да латын әліпбиі жайлы ойларын қазақ тілінде әдемі жеткізді. Жалпы, «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» атты ток-шоуда сөз алып, өз пікірін ортаға салған өзге ұлт өкілдерінің қай-қайсысы болмасын «жаңа әліпбиге көшу – заман талабы» дегенді ерекше атап айтты.

Бородулиха ауылының Абай атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық мәслихаттың депутаты Виктория Мокроусова да қазақ қоғамының жаңа әліпбиге көшуін қолдайды. Бір атап айтарлығы, Викторияның қазақша еркін әрі көсіле сөйлеуі көпшілікті сүйсінтті. Ток-шоудан кейін журналистер Викторияны ортаға алып, мемлекеттік тілді қалай меңгергенін сұрады.

Өзге ұлт жастары мемлекеттік тілдің мерейін өсірді

Оның айтуынша, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ қазақ тілін үйренуге қатты қызығыпты. Аудармашы болуды армандаған. Қазақ тіліндегі мәтіндерді орыс тіліне аударуды жақсы көретін. Күніне дәптеріне 40-50 сөз жазып отыруды әдетке айналдырған екен. Жалпы ғалымдардың пікірінше, өзге тілді үйрену үшін 2000-дай жиі қолданылатын сөзді білу керек екен. Ал егер 5000-дай сөзді игеріп алсаңыз, сізге сол тілдегі ақпараттың есігі айқара ашылады.

2008 жылы мектепті бітірген соң, Виктория Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге оқуға түседі. Талапты бойжеткен 2012 жылы колледжді аяқтап, Абай атындағы мектепте еңбек жолын бастайды. Биыл оның мұғалім болып еңбек етіп жүргеніне алты жыл болыпты. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері жетерлік. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда оза шауып, жүлделі орындарға ие болып жүрген көрінеді. Өзі аудандық мәслихаттың депутаты. Былтыр желтоқсан айында Астана қаласында «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталған екен.

– Мемлекеттік тілді үйрену үшін ең алдымен тілге қызығушылық, екіншіден, орта керек, – дейді ол.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Бородулиха ауданында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешеніне қатысушылардың бірі – Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылдық округінің әкімі Индира Бельская.

– Мемлекеттік тілді жетік білуім халықпен жұмыс істегенде маған көп көмектеседі. Біздің Новопокровка ауылында үш мыңнан аса тұрғын бар. Осы ауылда 15 ұлттың өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде, – дейді ол жымиып.

Әнмен өрілген сабақ

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешенінің шеңберінде өткен екінші шара – «Ана тілі – жүрек үні» атты әнмен өрілген сабақ болды. «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған бұл сабақ шынында да қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Әрине, елімізде Шәмшіні білмейтін жан жоқ шығар. Композитордың «Ақ бантик», «Әке туралы ой», «Отырардағы той», «Тамды аруы», «Арыс жағасында», «Мойынқұмда», «Әнім сен едің» секілді сыршыл әндерін шараға қатысушы өзге ұлт жастары да жақсы біледі екен.

Шәмші Қалдаяқов – Қазақстан Республикасы гимнінің авторы. Оның «Менің Қазақстаным» әні көзі тірісінде-ақ қазақ елінің әнұранына айналған болатын. 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастары осы әнді айтып алаңға шыққан-ды.

– Бүгінгі сабақтың ерекшелігі – оның әнмен өрілуінде. Ән арқылы тыңдаушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру. Өзіңіз білесіз, әннің сөзі дегеніңіз – ең әдемі сөздер ғой. Ән арқылы тыңдаушыларымызды мемлекеттік тілге жетелей білсек, мақсаттың орындалғаны. Жалпы, орталықта дәстүрлі түрде наурыз, сәуір айында алдыңғы қатарлы озық тыңдаушыларының басын біріктіріп «Жүрегің әнмен ашылсын» атты жинақталған ән сабақтарынан байқау да өткіземіз. Ұлттық салт-дәстүрге арналған сабағымыз да бар. Осындай әдістерді пайдалана отырып тыңдаушыларға тілді тезірек үйретуді көздейміз – дейді Бородулиха ауданындағы мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлмира Бақдәулетқызы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда орталықтың 300-ден артық тыңдаушысы бар. Мұнда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын, неміс тілдері де оқытылады. Осыған дейін бірнеше жыл қатарынан татар тілі де оқытылыпты. Тіпті былтыр осы өңірге Моңғолия және Қытай елдерінен көшіп келген қандастарымыз үшін орыс тілі курстары да жүргізілген екен.

– Маған сабақ өте ұнады. Сондай әсерлі болды. Менің репертуарымда Шәмшінің «Арыс жағасында», «Отырардағы той» деген әндері бар. Менің тыңдармандарым Шәмші әндерін өте жақсы көреді, – деп өз әсерімен бөлісті шемонайхалық Екатерина Бейсембаева.

Айтпақшы, бұл Катямыз «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Азамат Қасым жазған Катя екен. Жақында ғана еліміздің бас газетінде «Катя салған ән қандай!» атты мақала шығып, әріптесіміз осындай кейіпкерді қайдан тауып алады деп сүйсінгеніміз бар. Сол Катяны бүгін біз де көріп, оның қазақшаға жетік екеніне куә болдық. Сөйтсек, Екатерина 1991 жылы Бесқарағай ауданының Бозтал ауылында дүниеге келіпті. Осындағы мектепті тәмамдаған соң, Шемонайхадағы гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түседі. Колледжде денешынықтыру мамандығы бойынша білім алғанымен, ол бүгінде мәдениет үйінің әншісі. Өзінің айтуынша, репертуарында отыздан астам қазақ әні бар. Сонымен қатар ол қазақтың келіні. Аяулым, Нариман атты сүйкімді балалардың анасы.

Өзге ұлт жастары мемлекеттік тілдің мерейін өсірді

Осынау шараға қатысқан көрермендер де сабақты жүргізуші Гүлнар Садуақасованың назарынан тыс қалған жоқ. «Әуенін тап» ойынында көрермендер өздерінің Шәмші шығармашылығын қаншалықты білетіндерін көрсетті.

Ангелина алдына жан салмады

Бұдан кейін осынау қызықты іс-шаралар кешені Бородулихадағы орталықтандырылған кітапханада жалғасып, «Мен қазақша сөйлеймін» атты байқауға ұласты. Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде байқауға қатысушылар мемлекеттік тілде өздерін таныстырса, екінші кезеңде қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасынан тест тапсырмасын орындады. Ал үшінші кезеңде оларға Астана қаласы туралы сұхбат құру тапсырмасы берілді.

«Сырт көз сыншы» дегендей, іс-шаралар кешеніне қатысушылардың деңгейі бізге айқын білініп тұрды. Қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілді бір кісідей меңгергендігіне іштей қуандық.

Байқаудың нәтижесі бойынша үшінші және екінші орындарды шемонайхалық Елена Пикунова мен Екатерина Бейсенбаева, ал бірінші орынды бородулихалық Индира Бельская иеленді. Ал бас жүлде Өскемен қаласындағы гуманитарлық колледждің студенті Ангелина Бубноваға бұйырды.
Осылайша Бородулиха ауданында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты іс-шаралар кешені өз мәресіне жетті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған шараға қатысушылар да бір-бірімен қимай қоштасты.

Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button