Білім

Өзге ұлт отбасыларының қазақ тіліне құрметі өзгеше

Өскемендегі Достық үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – отбасы құндылығы» деген тақырыпта облыстық байқау өткізілді.

Өзге ұлт отбасыларының қазақ тіліне құрметі өзгешеӨзге ұлт отбасыларының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалап, саралауға арналған сайысқа облыстың алты ауданы мен қаласының өкілдері қатысты. Байқауға қатысушы отбасылар өздерінің үй-іші жайында әңгімелеп беру, арнайы берілген бір сөздің әр әрпінен басталатын сөздер табу, өз ұлтының салт-дәстүрлерінің бірімен таныстыру, өнер көрсету тәрізді сайыс шарттары бойынша бақтарын сынады.

Бәйгеге түскен отбасылардың бәрінің де мемлекеттік тілді үйренуге деген ынталарының зор екендігі байқалып тұрды. Рас, кейбірінің қазақша әдемі сөйлемдерді жаттап алып, шатысып кеткенде үн-түнсіз тұрып қалып, ойын әрі қарай жалғастыра алмай әуреге түскендері де болды.

Сонымен, Өскемен қаласының атынан келген Устьянцевтар отбасын жеті жасар кішкентай Никита құтқарды десе де болады. Төрт жасынан бастап қаладағы «Ақбота» қазақ балабақшасына барған ұл, қазақша тақылдап кетпесе де біраз сөздік қор жинап үлгеріпті. Сөздердің жалғауларын дұрыс жалғай алмай жатқанымен анасымен бірге жарыса сөйлеп, қағылездік танытты. Қазақ тілін, балабақшадан бастап үйретіп, оқытқанда ғана нәтижелі болатындығын осы баланың аяқ алысынан аңғардық.

Риддер қаласынан келген Кульбакиндер отбасының бастауыш сыныптарда оқитын ұлы да, қызы да, олардың әке-шешесі Сергей мен Мария да қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Сахнада көрерменді әртістік шеберліктерімен де тәнті еткен төртеуі қазақ тілінде таза сөйлеуге тырысып бақты. Олардың бір-біріне қойған сауалдары мен жауаптарынан, дұрыс сөйлеп, ұтымды сөз табуға тырысқан өзара ауызекі әңгімелерінен қазақ тілін ермек үшін емес, өздері үшін, балаларының болашағы үшін оқып, біліп жатқанын сезіп, сүйсіндік.

– Қазақ ұлтының өкілдері қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін қатар білгенде менің балаларым, біз неге бір тілмен шектеліп қаламыз. Қазақ тілін білген өзімізге жақсы. Содан соң тілді білгенің елді қадірлегенің, сол себепті біз отбасымызбен қазақ тілін үйренуге шындап кірістік, – деген Мария Кульбакина қазақ тілін репетитор жалдап үйреніп жүр екен.

Ал Зырян ауданынан келген көпұлтты Самбаевтар отбасы байқауда қазақ тілін жақсы меңгергендерін көрсетіп қана қоймай, Мұхтар Шахановтың жырларын жатқа оқып, «Көңілімде бар түйгенім, Сенсің сәулем сүйгенім» деп әуелете әндетсе, Бородулихадан жеткен Измайловтар отбасы қазақтың ұлттық биін билеп, дәстүрін дәріптеп, тілін құрметтейтінін көрсетті. Шемонайха ауданында тұрып жатқан Бердюгиндер отбасының анасы Елена балабақшада жұмыс істейді екен. Мектепте бастауыш сыныпта оқитын баласы Дима мен немере інісі Андрей үшеуі қазақ тілінде жап-жақсы сөйлеп, үйренем деген адамға қазақ тілінің ешбір қиындығы жоқ екендігін ұқтырды.

Байқауға Бесқарағай ауданының Беген ауылынан келген Фрайндтар отбасы, осы отбасының тірегі болып отырған Людмила қазақ тілін еркін білгенді қойып, мақалдап-мәтелдеп, майын тамыза сөйлеп, ағынан жарылып, ақтарылғанда жиналған қауым «әй, бәрекелді» десіп, бір желпініп қалды. Оның ұлы мен бауырының да қазақшасы тәп-тәуір болып шықты. Людмиланың әке-шешесі Бесқарағайға 1954 жылы көшіп келіпті. Осы жақта туып, өскен ол «Қаймана қазақтың ішінде, қазақтың ауылында жеті-сегіз неміс, орыс отырып қазақша білмесек, ұлттығымызға сын емес пе? Елімнен артық, Бегенімнен артық жер жоқ деп білемін» деді бізбен әңгімесінде. Ал туған жерінде жүріп-ақ ана тілін білмей, шүлдірлеп өсіп келе жатқандар аз ба? «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жатқанымыз да содан. Соны ойлап, қазақша сайраған немістерге қарап қызардық.

– Фрайндтар отбасы қазақшасымен бәрімізді де тәнті етті. Бірақ біз отбасыларының тұрып жатқан жеріне, өмір сүріп жатқан ортасына көңіл аудара отырып бас бәйгені Шемонайха ауданынан келген Бердюгиндер отбасына, бірінші орынды риддерлік Кульбакиндер, екінші орынды Зырян ауданының Самбаевтар отбасына, үшінші орынды өскемендік Устьянцевтар отбасына беруді жөн көрдік,– деді қазылар алқасының шешімін жеткізген Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім бастығы Самарбек Әбішев. – Біз байқауға қатысушылар облыстың 19 өңірінен келеді деп жоспарлағанымызбен алты отбасы ғана қатысты. Бүгінгі сайыстың нәтижесі мемлекеттік тілді меңгеруге ынталыларды қолдауға орай ұйымдастырылып жатқан шаралардың зая кетпегенін көрсетіп отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button