Әдебиет

Өзге ұлт өкілдері Абайша толғанып, Абайша тебіренді

Өзге ұлт өкілдері Абайша толғанып, Абайша тебіренді

Семейде елімізде тұратын түрлі этнос өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары» республикалық байқауы өтті.
Қазақстан халқы тілдерінің ХVI республикалық фестивалі аясында өткен байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы Гүлбадан Тәуел Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы екенін, бүгінгі байқауға ең үздік жастардың қатысып отырғанын айта келіп:
– Бұл жастар да Абай өлеңдерін жаттап, өзге ұлт өкілдеріне ақын шығармаларын насихаттауда, – деді.
Байқауға еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларында облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқауларда оза шапқан кіл жүйріктер қатысты. Байқау ережесіне сәйкес олар бірінші айналымда Абай өлеңдерінің бірін немесе қара сөзін жатқа оқыса, екінші айналымда «Абай жолы» романының тарауларынан үзіндіні мәнерлеп оқыды. Ал үшінші бөлімде Абайдың бір әнін нақышына келтіре орындап берді. Байқауда қатысушылардың қазақтың ұлттық киімін киіп, сахнада өзін мәдениетті түрде ұстай білуіне де ерекше назар аударылды.
Орыс, кәріс, ұйғыр жастары Абайша толғанып, Абай болып сөйлегенде өз ана тілін менсінбейтін өз бауырларың есіңе түсіп, еріксіз бас шайқайсың. Республикалық «Абай оқулары» байқауында жүзден жүйрік шыққандарды марапаттау үшін сахнаға Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Қасым Қазақбай, абайтанушы Төкен Ибрагимов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев көтерілді. Қатысушы жастардың бірқатары ынталандыру сыйлығы мен Алғысхаттарға ие болды. Солардың бірі – Қарағанды облысынан келген, өзге ұлт жастары арасындағы «Абай оқулары» облыстық байқауының жеңімпазы, Балқаш қаласындағы № 3 жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы Диана Бугаева. Оның өнеріне көрермендер ерекше қол соққан болатын. Сонымен, қазылардың шешімі бойынша Атырау облысы, Махамбет ауданының жас үміткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 1 курс студенті, ұлты кәріс Вероника Ли Абайдың «Көңіл құсы құйқылжыр әртарапқа» өлеңін шебер оқығандығы үшін 3 орынға, Бесқарағай ауданы, Глуховка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Александра Козлова Абайдың «Ескендір» поэмасын үздік оқығаны үшін 2 орынға ие болды. Ал бірінші орынды Жамбыл облысының жас абайтанушысы Марина Устинова жеңіп алды. Бас жүлде Павлодар облысынан келген Анжелика Бабаковаға бұйырды. Анжелика өзінің әсем даусымен Абай әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.
Республикалық «Абай оқуларына» арнайы қонақ ретінде қатысқан Абайдың жиені, құрметті ақсақал Балтабек Ерсәлімов жастарға ақ батасын беріп, осынау игі шараны насихаттау ісі жалғаса түссе екен, мемлекеттік бюджеттен «Абай оқуларына» арнайы ақша бөлініп, бас жүлде алған өзге ұлт өкілдерінің жастарына Абай елі атынан көлік мінгізсек те артық емес еді деген ұсынысын айтты.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button