Мәдениет

Ізгілікке жетелейтін ертегі

Өскемендегі жастар театры ақиқатты астарлап айтатын «Ақыл патшалығы» ертегісін көпшілік назарына ұсынбақ. Жас актерлердің талабын ертегімен елеп көруді ұйғарған мәдениет саласының үздігі, режиссер Бейбіт Құсанбаев сахналайтын бұл туынды қараша айының соңын ала көрерменге ұсынылады.

Жаһандануға жаны құмар қоғамның соңғы уақыттары батыстың өнеріне ден қойып кеткені жасырын емес. Голливудтың өрмекші адамынан бастап, бір туынды жас ұрпақты атыс-шабысқа, енді бірі суицидке тәрбиелейтін болды.

– Күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүрген адамдар кешкісін бір уақыт миына тыныштық іздейтіні белгілі. Бірі теледидарға, енді бірі қолындағы ұялы телефонға үңіліп, көңілін аударатын бір нәрсе іздеп жатады. Осыдан болар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жоғалып кеткені. Біздің бұл жолғы қойылым нақ осы екі арадағы алшақтықты бір қадам болсын жақындатуға арналады. Баланың бір уақыт гаджеттен көзін алып, сахнаға басын бұруына жағдай жасаймыз. Бұл қойылымға баласымен бірге келген ата-ана ұрпағының қуанышын, болашаққа деген үмітін көріп, құлазыған көңілі көтеріледі, – дейді Бейбіт Азатбекұлы.

Облыстық драма театрының директоры Дінмұхамед Ұябайдың шақыртуымен Ақсуаттан арнайы келген Бейбіт Құсанбаев жастар театры актерлерінің жаңа құрамы толықтай қатысатын қойылым қоюды шешкен екен. Әр актердің талабын, жұмыс істеу қабілеті мен білімін бірінші кезекте ертегі қою арқылы білуге болатынын айтқан ол осыған дейін елорда театрларында бірнеше рет көрермен сынынан өткен  қойылымды қоюды ұйғарады. Осылайша, хан жарлығына кіріптар болған ғажайып құстардың хикаясы Өскемен төрінде дайындала бастады.

–  Ертегінің «Ақыл патшалығы» аталуы да тегін емес. Көпшіліктің көзіне бірінші кезекте хан сарайы мен оның сән-салтанаты елестеуі мүмкін. Дегенмен бұл қойылымда астарлы сыр бар. Ертегіде барлық жан-жануарлар мен құстардың тілін білетін патшаның сарайында болған оқиға бейнеленген. Балаларды мейірімділікке, жанашырлыққа, ізгілікке баулитын бұл ертегі құстар тілімен үн қатады. Ертегіні көруге келген әр бүлдіршін мен оның ата-анасы өзінің ақыл патшалығын таразылап,  ненің назарынан тыс қалғанын елейтін болады. Бүгіндері ізгіліктің, мейірімділіктің бағасын тағы бір түсінетін кез жетті, – дейді  режиссер.

Бейбіт Азатбекұлының айтуынша, қазан айының басында басталған дайындық қарашаның 20 жұлдызында аяқталып, туынды ай соңына қарай көрермен назарына ұсынылмақ.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button