Әлеумет

Зейнетке шығатын уақыт келді

 Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «Қоғамның талабын ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып қалады» деді. Биылдан бастап  әйелдер зейнеткерлікке 61 жастан шығады.  Осыған дейін арқаны кеңге салып, «зейнеткерлікке дейін әлі екі жылымыз бар» деп жүрген әйелдер қауымы асығыс құжат жинай бастады. Құжаттарды жинағанда неге ерекше мән беру керек, зейнетақы тағайындау шарттары қандай? Бұл жайында бізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Комитетінің облыстық  департаменті директорының орынбасары Марина Шаронова айтып берді. 

Өздеріңізге белгілі, қазақстандықтардың зейнетақысы үш бөліктен тұрады: базалық зейнетақы, жасына байланысты ынтымақты зейнетақы және жинақтаушы зейнетақы – міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер. Шотта жинақ неғұрлым көп болса, зейнетақы көлемі де соғұрлым көп болады.

Зейнетақы түрлері

Марина Шаронованың айтуынша, зейнетақы тағайындау шарттары өзгерген жоқ. Әйелдерге толық зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылға дейін жиырма жыл болу керек. Жиырма жылдан асып кетсе, әр жыл сайын зейнетақы мөлшері бір пайызға арттырылады.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып жеке тағайындалады.

 Әсіресе әйелдер құжаттарындағы тегінің дұрыс жазылуына аса мұқият болғаны дұрыс. Көпшілігі тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің тегін алғанда, еңбек кітапшасындағы өз тегі сызылып, үстіне жаза салады. Бірнеше рет тұрмысқа шықса, осылайша бірнеше рет түзетіледі. Соның салдарынан жазу анық оқылмауы мүмкін.

2023 жылдың 1 қаңтарынан егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болмаса немесе 10 және одан аз жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең болады. 2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567  теңге, яғни базалық зейнетақысы – 24 341 теңге.

Егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда жыл сайын зейнетақы мөлшері үстінен 2 пайызға артады. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болғанда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 80 пайызы (32 454 теңге), базалық зейнетақы жүз пайыз (40 567  теңге) төлену үшін қазір еңбек өтілі 30 жыл болуы шарт.

Марина Шаронова жасына байланысты зейнетақы тағайындауда     «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 13-бабына сәйкес жұмыс істемеген, бала күтімімен отырған әйелдердің көп қорғалғанын айтады. Мысалы, олардың еңбек өтіліне  басқаның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедек адамға, екінші топтағы жалғызілікті мүгедек адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыты, мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі баланы бағып-күткен уақыты, жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты да кіреді.  Оқу оқыған жылдары мен әскерде қызметте болған жылдары да, ондай әйелдер де бар, ортақ еңбек өтіліне қосылады. Сонымен қатар бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi де есептеледі.

 –Бұрын бізде Моңғол-кеңестік мекемесі болған, көптеген әйелдің жұбайы сол жерде жұмыс істеді де, әйелдері бірге барды. Сондай-ақ әскери қызметшілердің әйелдері, арнаулы мемлекеттік органда істейтіндердің әйелдері еріп жүрді, бірақ  сол жерлерде мамандығына байланысты жұмыс болмағандықтан үйде отыруға мәжбүр болды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 13-бабының 12-тармақшасында «бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi» және 13-тармақшасында «әскери қызметшiлер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауда есептеледі» деп нақты жазылған, – деп түсіндірді Марина Шаронова.

Сондай-ақ Заңның осы бабында Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1963 жылғы 6 шiлде мен 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс істеген жылдар жеңілдікпен, бiр жарым есе мөлшерде есептелетіні көрсетілген.

Толық көлемде ынтымақты зейнетақы алу үшін әйелдерде еңбек өтілі кемінде 20 жыл болуы тиіс. Одан асқан әр жылға  зейнетақы көлемі бір пайызға артады. Зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жинақталған еңбек өтілі мен 1998 жылдан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлем аударған жылдары есептеледі. 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері есептеледі. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс өтілі бар азаматтарға, жұмыстағы үзілістерге қарамастан, кез келген үш жыл қатарынан орташа айлық табысқа негізделе отырып есептеледі.

– Қазір табыс туралы анықтама керегі жоқ. 1998 жылдан кейінгі табыстың көлемін ақпараттық жүйедегі мәліметтен біліп отырамыз. Онда қайда, қанша әлеуметтік төлемдер жасалғаны  көрініп тұрады, сол жүйеден ең жоғары табысы туралы мәлімет үш жыл қатарынан алынады да, отыз алты айға бөлінеді. Бүгінгі таңда зейнетақы көлемін есептеу үшін табыстың ең жоғары шегі 55 АЕК көлемінде белгіленген,  бұл 189 мың 750 теңге. Сіздің айлығыңыз 300 мың болса да осы шектен артық есептелмейді. Еңбек өтілі жиырма жыл болса, табыстың алпыс пайызы ынтымақты зейнетақы көлемі болып саналады. Егер жиырма жылдан асып кетсе, мысалы, 22 жыл делік, онда екі жылға табыстың тағы екі пайызы қосылады, – деп тарқатып айтты Марина Шаронова.

Департамент директорының орынбасары күйеуі дипломаттық қызметте болған әйелдердің базалық зейнетақыны тағайындау үшін қандай құжат жинау керектігін де ескерте кетті.

– Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен енгізілген қағидалардың 8-тармағына сәйкес, базалық зейнетақы тағайындау үшін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметтері және халықаралық ұйымдар қызметкерлері жұбайының (зайыбының) шетелде, әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұбайларымен мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұру фактісін және кезеңін растайтын құжат тапсыруы тиіс, – деп нақтылады ол.

Жазуы анық, мөрі айқын

Зейнетақы тағайындаудағы негізгі құжат ол – еңбек кітапшасы. Құжаттағы жазулар түзетусіз, мөрі айқын болуы керек.  Егер жазу дұрыс көрінбесе не болмаса түзетілген болса, архивтік құжаттармен растауға тура келеді.  Марина Шаронова қандай жағдайда еңбек кітапшасындағы жазбаларды архивтік құжаттармен дәлелдеу керектігіне тоқталды.

– Жазбаларда өрескел түзетулер болса немесе жұмыстан босатылған күні мен бұйрықтың даталары сәйкес келмесе ХҚКО арқылы архивтен анықтама алу керек. Әсіресе әйелдердің құжаттарындағы тегінің дұрыс жазылуына аса мұқият болған дұрыс. Көпшілігі тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің тегін алғанда, еңбек кітапшасындағы өз тегі сызылып, үстіне жаза салады. Бірнеше рет тұрмысқа шықса, осылайша, бірнеше рет түзетіледі. Соның салдарынан жазу анық оқылмауы мүмкін. Кейде тұрмысқа басқа қалада, тіпті басқа мемлекетте шыққан жағдайлар кездеседі. Осыларды толық анықтау үшін неке туралы куәлік қажет болады.  Барлығын соңғы күнге қалдырмай, алдын ала анықтау керек. Бізге хабарласқандарға біз алдын ала кеңес береміз. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да қажетті құжаттарды алуға көмектесуге әзір, – деп түйіндеді Марина Шаронова.

Әйелдерге зейнетақы тағайындауға қажетті негізгі құжаттар: еңбек кітапшасы, білімі туралы құжат, неке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі. Кейбір жағдайларда қосымша қажет болуы мүмкін құжаттар: бірінші және екінші топтағы мүгедекті немесе көмекке мұқтаж зейнеткер, не қарт адамды күту, он сегіз жасқа толмаған мүгедектігі бар  бала екенін растайтын құжат; мекеменің, халықаралық ұйымның шетелдегі қызметкер жұбайының (зайыбының) тұрғылықты жерін растайтын құжат; әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган қызметкер әйелінің (зайыбының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұратынын растайтын құжат.

 

Осы айдарда

Back to top button